«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Әйел алмас асу жоқ

2016 жылғы 03 Наурыз
- Атырау облысы
9711 просмотров

Атырауда Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің «Әйел. Қоғам. Бизнес» деп аталатын I форумы болып өтті

Оған облыс бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын 200-ге тарта бизнес-ханым қатысты. Шараны Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі, Іскер әйелдер қауымдастығы мен Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы ұйымдастырған.

Форум жұмысы 12 бизнесвумен ұсынған өнімдер көрмесінен басталды. Көрмеге киім-кешек, косметика, кітаптар, қолөнер бұйымдары, нан-тоқаштар мен т.б. қойылған. Шара қонақтары ұнатқан бұйымдарын тамашалап қана қоймай, сатып та алды.

Бүгінгі күні Атырау облысында шағын бизнес субъектілерінің 46%-ын әйелдер құрайды. Былтыр несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау аясында өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған құны 4,4 млрд. теңге болатын 70 жобаның 31-і әйел кәсіпкерлердің бизнес-идеясы. Облыс бойынша 163 әйел шаруа қожалықтарына басшылық етуде. Бұдан басқа, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын несиелерді алуға өтініш бергендердің 53%-ы да әйелдер болып отыр. Бұл деректерді шара басында сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі мен отбасы және демографиялық саясаты жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева келтірді.

Форум қатысушыларының айтуынша, бүгінде әйелдер бизнес саласын табысты игеруде. Өңір қыз-келіншектері әйелдер кәсіпкерлігінің дәстүрлі түрлерімен ғана айналысып қоймай, сонымен бірге ер адамдардың ғана қолынан келетін бизнес түрлерін қолға ала бастаған.

«Атырау облысында құрылған жұмыс орындарының 50%-ын әйел кәсіпкерлер ұсынып отыр. Бұл өңір экономикасына қосылған үлкен үлес. Қазірде әйелдер кәсіпкерлігі субъектілері барлық салаларды қамтуда. Оның ішінде құрылыс, өнеркәсіп, күзет ұйымдары, тіпті қиыршық тас өндірісі де бар. Олардың бастамасын қолдау, іскерлік ортадағы рөлін арттыру, мүмкіндіктер аясын кеңейту мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Өңірлер бойынша бұл кеңес алғаш болып Атырау облысында қызмет ете бастады. Оның құрамына атыраулық әйел кәсіпкерлер арасынан 18 бизнес басшы кірген. Бүгінгі форумның басты мақсаты – алдымызда тұрған басты міндет – әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда біріге күш салу», – деді өз сөзінде Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожаева. Форум барысында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы проблемаларды да талқылады. Бұл  – монополистер тарапына қатысты, жер телімдерін алумен байланысты, несиелерді алу кезіндегі кепіл мүліктің болмауы және өзге де мәселелер. Осы деректер негізінде Кеңестің бұдан кейінгі қызметінің басты бағыттары анықталмақ.

«Мұндай форумдардың маңызы зор. Бұл әйел кәсіпкерлерге арналған ашық пікірлесу алаңы, онда олар өз проблемаларымен бөлісіп, жетістіктерін айтып, тәжірибе алмаса алады. Ал мен секілді жас кәсіпкер үшін бұл қосымша ынта береді. Жетістікке жеткен бизнесвумендерді көріп, мен де өз алдыма бизнесте табысқа жету міндетін қоятын боламын», – деп сәнгер және дизайнер Ирина Нейбарт форумнан алған әсерімен бөлісті. Форум соңында өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан әйелдерді құттықтау рәсімі өтті. Атырау облысы іскер әйелдері туралы кітаптың тұсаукесері де кешке жаңаша реңк берді. Облыс бойынша 75 бизнесвумен енген кітап әр қатысушыға сыйға тартылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер