«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазығұрттың басына шыққан топ

2016 жылғы 19 Сәуір
- Шымкент қаласы
13922 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП туы Қазығұрт тауына тігілді

ОҚО кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері атақты Қазығұрт тауын бағындырып келді. Қазығұрт теңіз деңгейінен 1767 метр биіктікте орналасқан.

Өзге тауларда аса биік болмаса да Қазығұрт жайлы ел арасында кең тараған аңыз бар. Оны ғалымдар жүз жыл бұрын айта бастаған. Сол аңызға сай Қазығұрт кезінде жер бетіндегі ең биік тау болыпты. Дүниежүзілік топан су кезінде бүкіл жерді су басады. Тек қана Қазығұрттың биік шыңына су жетпепті. Сол кезде Нұқ пайғамбар сол биік шыңға келіп кемесін тоқтатады. Оның дәлелі ретінде таудың шыңындағы қатпар тасты айтады. Қатпар тастың түбі кеменің орнындай болып келісті түрде қатпарланған. Қазығұрттың бір жағында Кеме қалған деген ауыл бар. Алдындағы жазықта шағын шоқы тұр. Аңыз бойынша топан су басылған кезде Нұқ пайғамбардың аяғы алдымен сол жазыққа тиген. Отбасы мен бүкіл аң-жануарын сонда босатқан. Жергілікті тұрғындар әлі де өздерін Нұқ пайғамбардың ұрпағымыз деп санайды. Шоқының басындағы тастар түрлі жануарларды еске түсіреді. Оның үстіне барлық жануарлар қос-қостан суреттелген. Бір кездері мұнда динозаврлардың қаңқасы табылған. Қазір олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік тарих мұражайында сақталып тұр.

Қазығұрттың биігіне шыққан қызметкерлердің көз алдына керемет көрініс көрінеді. Көк белдегі қызыл қызғалдақтар кілемдей  төселіп, биік шыңдардың басындағы мұзарттар көлбеңдеп, Оңтүстік Қазақстанның ғажайып табиғатының сұлулығын паш еткендей. Осындай сұлулықты бүгінгінің техникасымен де көрсету мүмкін еместігін ғана өкінтеді.

Қазығұрттың басына шыққан Палата қызметкерлері дұға жасады. Отбасы мен жақындарының амандығын ғана сұрап қоймай, отандық кәсіпкерліктің де бағы жансын деп тілепті. Шыңға шығудың ең мәртебелі сәті Ұлттық кәсіпкерлер палатасының туын тігумен аяқталды. «Атамекеннің» жеңісі, қайсарлығы, қиындықты еңсере білетін жігерлілігінің дәлелі ретінде. 

Таудың етегіне түскен соң дәмі тіл үйіретін қазанға піскен қуырдақтан дәм таттық.

Қазығұрттың биігіне шықпас бұрын Ақбура дейтін киелі жерге барып қайтқан едік. Ол тау етегінде орналасқан. Аңыз бойынша әулие Ақбура тәуіп болған. Үнемі ақ түйеге мініп жүреді екен. Сондықтан ел ішінде Ақбура атанып кеткен. Ол сан түрлі дерттен халықты емдеген. Бір жерден бір жерге көзді ашып жұмғанша жететін қасиеті болыпты. Таңертең Түркістанда таң намазына тұрса, кешкілік Меккеде болатын қасиеті туралы аңыздар көп айтылады. Алдынан адам үзілмепті. Науқастар Ақбураны өздері іздеп келеді екен. Қайтыс болған кезде астындағы ақ атан оның бейтінің жанындағы тасқа құлап өліпті дейді. Сол жерде қазір бұлақ ағып жатыр. Бұл бұлақ суының да емдік қасиеті мол деседі. Әр жақтан деніне шипа іздеген халық келіп, бұлаққа дұға жасап, дертіне дауа сұрап ішеді екен. Бала туа алмаған бедеу әйелдер осы бұлаққа көп келетінін ел аңыз етіп айтады.

Жер бетін жапқан топан су туралы аңыз Қазығұрт туралы хикаяның соңы емес. Осы әулие таудың айналасындағы қасиетті адамдарды тәу етуге бүкіл жер жүзінен ғибадат етушілер ағылып келіп жатады.

Тыныстап тұрған екі тас... Адам мен Хауа

Қажылықтың соңғы аялдамасы Қазығұрт тауының етегіндегі «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деген жер. Тастың биіктігі 4 метр, ұзындығы 10 метр. Алдаспанмен қақ жарылғандай кейіпте. Екі тас бір-біріне тым жақын тұр. Бірінші тас өте күшті. Оның «Ата» деп атайды. Алдында тұр. Жел мен жауыннан екінші «Ана» деген тасты жауып тұр.

Екі тастың ортасында өте кішкентай өтпелі жол бар. Ол екі тастың ортасындағы саңылаудан тек ниеті таза адамдар ғана өте алады. Саңылауды көрген адам оған адам баласы сыймайды деп ойлайды. Оның іші өте тар. Кей тұстарынан тасқа жабысып қала жаздап өтесің. Саңылау жол қырық құбылады. Кейде алдыңдағы жарықты көрмей қаласың. Тастар екі жағындағы адамдарды көрсетпей тастайды. Тек биіктен ғана аспан мұнартады.

Киелі жерлерге табан тіреуіміз көп күш-қуатымызды еселеді. Ұлылыққа қол жеткізген адамдай жігерленіп қайттық. Рухани тазарып, ұрпақтар жалғастығын сезініп келдік. Өмір ғажап екенін терең сезіндік. Осындай жағымды ауанмен Шымкентке қайтып оралдық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер