«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Дөңгелекті де жөндеді, солярканы да иіскеді, қолдарын да былғады

2016 жылғы 21 Сәуір
- Астана қаласы
8732 просмотров

Елордадағы кәсіби-техникалық колледждің екінші курс студенттері жұмыс ауанын түсініп қайтты

Балалар кәсіпорында төрт ай бойы өндірістік тәжірибеден өтті.

Экскаватор машинисі мамандығының әліпбиі «АстанаВодСервис» ЖШС базасында оқытылды. Шара елордалық Кәсіпкерлер палатасы, білім басқармасы, колледж бен кәсіпорын қол қойған төрт жақты дуальды оқыту туралы меморандумды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған еді. Төрт айдың ішінде 13 студент іс жүзінде жермен жұмыс істеуге арналған әр түрлі техникамен танысып үлгерді.

«АстанаВодСервис» нөсерлі кәріз жүйесін, жылу жолдарын, тазартқыш ғимараттар салумен, жол жөндеумен айналысады. Әрі бұл жұмыстардың 90%-ын экскаваторшылар атқарады. Мамандыққа сұраныс жоғары. Біздің кәсіпорын білікті маман дайындауға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, бірнеше жыл қатарынан өз базасын студенттерді тәжірибеден өткізу үшін ұсынып келеді», – деді ЖШС-ның техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері Анатолий Куличенко.

Кәсіпорында балаларды қуана қарсы алатыны көрініп тұр. Кәсіпорын оларға арнап жеке кабинет бөліп берген. Онда шағын дәрістер мен нұсқаулар өткізіліп тұрады екен. Тәжірибелі жұмысшылардың арасынан үш тәлімгер бекітілген. Николай Устюгов, Владимир Рот пен Евгений Чулаевтар тәлімгерлерді өз білгендеріне қуана баулыды.

«Тәжірибеге жетекшілік ететін колледждің аға шебері Талғат Мәкеновпен бірлесе отырып, біз оқыту сызбасын дайындап алдық. Сол бойынша балаларды үш топқа бөлдік. Бір топ гидравликаны оқып жатса, екіншісі жөндеу ісін үйренді, ал үшінші топ бізде бар техниканың түр түрімен танысып жатты», – деп сөзін жалғады Анатолий Куличенко.

Талапқа сай, оқушылар күніне төрт сағаттан астам уақыт еңбек етті. Кәсіпорын колледжден қашықта орналасқандықтан, оқу орнының басшылығы оларды автокөлікпен қамтамасыз етті. Азанда еңбек десантын жұмыс орнына жеткізсе, түсте кері алып қайтады.

«Біздің колледжде жетім балалар мен әке-шешесінің қарауынсыз қалған балалар білім алады. Олар үшін сұранысы бар мамандық алып шығудың маңызы зор. Экскаватор машинисі мамандығы 2 жыл 6 ай оқытылады, яғни 3 курс. Әр курстан кейін кәсіпорында тәжірибеден өту қарастырылған. Дуальды бағдарлама бойынша біз экскаватор машинистерінен бөлек, токарьлар дайындаймыз. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы ықпалдастығының арқасында осы мамандықта оқып жатқан студенттер де қаладағы 4 кәсіпорыннан өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отыр», – дейді кәсіби-техникалық колледждің аға шебері Талғат Мәкенов.

«АстанаВодСервис» ЖШС-ның жұмыскерлері ұжымдарында өзін жақсы жағынан таныта білген кәсіби-техникалық колледж түлектерінің бірі – Вячеслав Слепченконың жұмыс істейтіндігін атап өтті.

«Тәжірибе барысында мен балаларға тар шеңберде мамандандырылған маман болмау керек деп отырамын. Жүк машиналарын да көру керек, дөңгелекті де жөндеу керек, солярканы да иіскеп, қолды да былғау керек. Қолмен ұстап көрмейінше, ештеңені үйрене алмайсыңдар. Кәсіпорында өткен тәжірибе олар үшін пайдалы болып, жұмыс ауанын аңдауға мүмкіндік берді деп сенемін», – дейді күлімдеп Анатолий Куличенко.

Студент Сергей Адлер таза қазақ тілінде шебердің жорамалын растап берді. Балалар үйінде өсіп, қазақ мектебінде білім алған 17 жасар бозбала тәжірибенің қызықты әрі танымдық болғанын айтты.

«Алған білімімнің болашақта пайдаға асатынына сенімдімін. «АстанаВодСервис-тің» оқытушылары мен шеберлеріне алғысымды білдіремін», – деп ойын қорытындылады ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер