«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Нәзік жандар қамқорлыққа мұқтаж

2016 жылғы 16 Маусым
- Жетісу облысы
9230 просмотров

Әйелдерге арналған шағын несие беру бағдарламасын даярлау – кезек күттірмейтін іс

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі мен Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменовамен кездесті.

Бейресми кездесуде өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері мен жоспарлар талқыланды. Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысындағы өзін-өзі жұмыспен қамтушы әйелдер саны 181 325 болса, оның 39 335-і қала тұрғындары, ал 141 990-ы ауыл тұрғындары. ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекова атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, бірлестік қызметінің басты міндеттерін атап өтті.

«Әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруға қарамастан, ақпараттың жоқтығы, бизнес ашуды қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулігі, жайсыз салық саясаты мен әкімшілік кедергілер негізгі мәселелер ретінде қалуда. Осыған байланысты мемлекеттік және қаржылай емес қолдау шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе бұл жұмыссыздар арасында өзекті, өйткені дәл осы әлеуметтік топ назардан тыс қалып отыр», – деп атап өтті М.Мұсабекова.

Кеңес хатшысы, Палатаның адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетті және әрекет етуші субъектілеріне арналған арнайы қаржылық қолдау шараларын жасау маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, жаңа шағын несие беру бағдарламасын іске қосу әйелдер бизнесін жандандыруға мүмкіндік бермек. Қанатқақты жобаның басты ерекшелігі пайыздық мөлшерлеменің аздығы мен кепіл зат ретінде жылжымайтын мүлікті ұсыну болып отыр. Атап өтерлігі, ҰКП Алматы облысы әкімдігімен бірлесе отырып, шағын және орта бизнес өкілдеріне арнап 600 млн теңге бөлген еді.

«Бүгінде аудандардағы әйелдер жаңа қаржылай қолдау шараларына зәру. Ауылды аймақтарда бизнеспен айналысқысы келетін әйелдер көп, алайда олар үшін басты мәселе қаржыландырудың жоқтығы. Осыған орай әйелдерге арнап арнайы шағын несие беру бағдарламасын жасау өзекті болып тұр. Статистика бойынша адал несие төлеушілердің көпшілігі әйелдер екенін атап өткім келеді», – деді А.Оңғарбаева.

Ақсу ауданы Әйелдер одағының төрайымы Бақыт Құрманғалиева да ауыл әйелдерінің мемлекеттің белсенді қолдауына мұқтаж екенін айтып өтті.

«Біздің Ақсу ауданында өз ісін ашып, дамуға ниет білдірушілер өте көп. Алайда, өкінішке қарай, екінші деңгейлі банктер ауылда орналасқан кепілдік мүлікті қабылдамайды. Сондай-ақ Қазақстанға келгенімен, кепілзаты жоқ, алайда бизнес бастауға деген зор құлшынысы бар оралман әйелдер де қолдауға зәру», – деп сөзін жалғады аудандық әйелдер одағының басшысы.

Өңір өкілдерінің пікірлерін тыңдап алған соң, Ләззат Сүлейменова бұл мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге уәде берді.

Аталған мәселелерді тиімді шешу мақсатында Алматы облысы ӨКП Іскер әйелдер кеңесі Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында осы жылдың шілде айында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктеріне арналған өңірлік форум өткізуге шешім қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер