«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Шымкенттің шыны ыдыстары

2016 жылғы 04 Шілде
- Шымкент қаласы
5773 просмотров

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекет қамқорлығын сезінген Шымкент қаласындағы «Еурокристалл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде елімізде теңдесі жоқ құрал-жабдық орнатылғанын атап өткен жөн.

Кәсіпорында өндірістік шынының химиялық және физикалық қасиеттерін сақтауға бағытталған зертхана жұмыс істейді. Мәселен, шыныға пішін беретін Германиядан шығарылған «Heye»  қондырғысының  ерекше қасиеті бар. Қондырғыда өндірілген өнім қаншалықты үлкен болғанына қарамастан, салмақ қосылмай жеңілдікті ұстап тұра алатын мүмкіндікке ие. Яғни, оның салмағы көлеміне әсер етпейді. Сондай-ақ, мұнда шығарылып жатқан өнімдердің жоғары сапасын қамтамасыз ететін лазерлік сканерлеу жұмыстары жүреді.  Ол өндірілген өнімді автоматты түрде өзі зерттейді.

Тәулігіне 80 тонна шыны балқытуға қуаты жететін, 200 мл-ден 3 литрге дейінгі тағам өнімдеріне арналған шыны ыдыс шығаруды бастаған жобаның бірінші кезеңі 2014 жылдың тамыз айында іске қосылған.

Ол үшін өндіріс орнының басшысы кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму» қорының көмегіне жүгінді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының атсалысуымен пайыздық мөлшері төмендетілген қаржы алды. Инвестициялық сомасы 3,9 млрд теңгені құраған бұл зауытта бүгінде  350 адам жұмыспен қамтылып отыр.  Бір жылдағы өндіріс қуаттылығы 200 млн данаға жетеді.

Жоба бойынша биылғы жылы екінші кезең іске қосылу керек болатын. Сөйтіп, өз уақытында мамыр айының басында тәулігіне 160 тонна шыны балқытатын екінші пеш тұсауы кесілді. Онда шарап, сыра, газдалған сусын мен шырындарға арналған жасыл шишалар шығарылады. Бүгінде зауыт тапсырыс берушілердің сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Онда шығарылған өнімнің басым бөлігі Алматы қаласындағы бірнеше кәсіпорынға, Қарағанды, Ақтөбе қалалары мен  Қырғызстан Республикасына жөнелтіледі.

Қазіргі таңда зауытта Еуропалық және қайта құру банкінің қолдауымен ИСО 9000 сапа менеджменті жүйесін енізу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, мұнда сапаны бақылау жүйесі де қатаң қадағаланаады.

Кәсіпорын қызметкері Бекзат Бердімұратов шыны ыдыстарын шығару барысындағы өндірістік процесті бірқатар сатылардан тұратынын атап өтті. «Шыны шығарудағы ең негізгі шикізат кварцты құм болып табылады. Сонымен бірге, пайдаланылған ескі шынылар да кәдеге жарайды. Ең алдымен жүк вагондарында және автокөліктермен келген  аталған шикізаттар қабылданып алынған соң, сақтау қоймаларына жөнелтіледі. Сөйтіп, онда өңделіп, тексеруден өтеді. Одан соң құм арнайы барабанда кептіріліп, еленеді. Осылайша дайындалып алынған шикізат арнайы қалыптарға салынып, пеште балқытылады. Шыны қайнататын арнайы ваннаға белгіленген мөлшерлемемен салынған шикізат газбен 1550 градус ыстықта қайнатылады. Осылайша физикалық химиялық тәсілдерден өткен шикізат әртүрлі қалып беретін ыдысқа құйылып,  шыныға айналады. Ал қатайту процесі екі деңгейде жүзеге асады. Біріншісі, ыстық қалыпқа салынып алынады да, екінші салқындатылып тыңайтылады. Міне, осылайша өнімнің жоғары сапалы болуы үшін бірнеше сатылардан өтеді. Мұның барлығы да оператордың бақылауында болып, сапасы қатаң қадағаланады», - дейді ол.

Түссіз және жасыл түсті шыны ыдыстарын шығаратын бұл зауыттың бүгінде жұмысы қарқынды жүруде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер