«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Шекарадағы жемқорлық жайы қаралды

2016 жылғы 15 Қыркүйек
- Жетісу облысы
5376 просмотров

Салықтық және кедендік әкімшілік ету мәселелері тиянақты шешімдерді талап етеді

«Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің сараптау комиссиясы, жемқорлыққа қарсы бақылау жүргізу мен салықтық және кедендік әкімшілік ету саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің  қолжетімділігі бойынша Жетісу кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырды. Комиссия құрамында – Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП мен «Нұр Отан» партиясының  және Мемлекеттік кіріс комитетінің өкілдері бар.

Бұрын комиссия «Алтынкөл» кеден бекетіндегі «Қалжат» бақылау-өткізу қосынының жұмысымен танысқан болатын. Комиссия өкілдері сол жерде тасымалдаушылармен және кеден қызметкерлерімен әңгімелесті. Олардың айтуынша, шекарада жағдай өзгерген, тіркеу рәсімдері жеңілдетілген. Алайда жүйелі мәселелер кешенді шешімдерді талап етеді.

Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде кәсіпкерлер өз мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, Панфилов ауданының кәсіпкері Нияз Мұхамбетұлы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық  орталығындағы құқық бұзушылықтар туралы айтып шағымданды. Оның айтуынша, бұрын орталықпен жасалған арадағы келісімшарт жақында күшін жойған. Алайда, алдында бөлінген жер телімдері сауда үйінің құрылысына, қонақ үйлерге, галереялар мен көлік тұрақтарына дайындалған.

Сондай-ақ кәсіпкерлер алкогольді өнімдерді сату мөлшеріне наразы. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап алкогольді өнімдерді өндіру, сақтау және сату бойынша мөлшерлеме мен лицензиялық алымдарын төлеу мерзімі өзгертілген болатын. Алкоголь өнімдерін бөлшектеп сату лицензиясы үшін алымдар әкімшілік-аумақтық бірлікке байланысты төленеді және сараланады. Мысалы, Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда – 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш); аудандық маңызы бар қалаларда және ауылдарда – 70 АЕК; ауылдық елді мекендерде – 30 АЕК. Мысалы, Текелі моноқаласы аумақ бойынша тізімде Астанамен қатар тұр. Өйткені ол республикалық және облыстық маңызы бар қала. Алайда кәсіпкерлер, 29,4 мың тұрғыны бар Текелі қаласының айналымдарын, облыс орталықтарымен немесе 1,5 миллионнан астам тұрғыны бар оңтүстік астанамен салыстыруға болмайды деп есептейді.

Жобаларды қолдау бөлімінің сарапшысы Анар Қалабаева бүгінде пайдалы қазбалары өндіруге салынатын салықтың жоғары көрсеткіші маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. Бизнес-қауымдастықтың қазіргі 1 шаршы метрге 1 АЕК салықтық мөлшерлемесімен кәсібін жүргізуі мүмкін емес. Оған қоса, бұрын жылына 400 мың теңге төлеп жүрген компаниялар, биыл 11 млн 109 мың теңге төлеуі тиіс. Аталған мәселе Ұйғыр, Панфилов, Ескелді, Іле аудандарындағы демалыс орындары мен шипажайларын алаңдатып отыр.

 Комиссия сарапшылары барлық мәселелер қаралып, қазан айының соңында Астанада өтетін отырыста талқыланатын болады деп  сендірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер