«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Кенжетай Тазабекова: Әйелдің қолынан келмейтіні жоқ

2016 жылғы 16 Қыркүйек
- Жетісу облысы
9114 просмотров

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі «Бизнестегі әйелдер келбеті» тақырыбындағы материалдар циклын жариялауды бастайды

Цикл табысқа жеткен және белсенді әйел-кәсіпкерлердің оқиғаларына арналған. Әрбір мақаланың кейіпкері өз ісінің қалай құрылғаны және оны жүргізу жолдары жайында әңгімелейді, бизнестегі жетістіктерімен бөліседі.

Алғашқы сұхбатты біз «Тастұма» шаруа қожалығының басшысы, Іскер әйелдер кеңесі Сарқан аудандық филиалының төрайымы Кенжетай Тазабековамен жүргізген едік. Кенжетай Тазабекова Алматы облысы, Сарқан ауданында туған, үш баланың анасы. Негізгі мамандығы медицина қызметкері екеніне қарамастан, ол 16 жыл бұрын шаруа қожалығын басқаруды өз қолына алды.

«Біз ол кезде Алматыда тұрдық, мен ауруханада жұмыс істедім. Ата-анам ауылда тұратын, өздерінің шаруа қожалығы бар еді, – дейді кәсіпкер әйел. – Бірақ, 2000 жылы атам қайтыс болды. Қара шаңырақ пен қожалық иесіз қалды, сөйтіп біз ауылға қайтып оралу қажет деп шештік. Күйеуім қызметте болатын, сондықтан шаруа қожалығын мен өз қолыма алдым».

Кенжетай Жұмағалиқызы үшін ата кәсіпті жалғастыру және отбасының әл-ауқатын ойластыру маңызды болды. Осылайша ол бірінші рет бизнеске ден қойды.

«Әрине, бизнес деген мен үшін жаңа сала болатын. Мен кәдімгі медбике болып жұмыс істедім, кәсіпкерліктен еш хабарым болған жоқ. Шаруа қожалығы жерге байланысты жұмыс, мен ауылда өстім, сол себепті көп ұзамай істі меңгеріп алдым. Оның үстіне, сол тұста бәріне шыдап, жұмысты тоқтатпау қажет болды. 2000 жылдардың бас кезі естеріңізде шығар? Ол қиындықтар мен сынаққа толы уақыт еді», – деп еске алады ол.

Кенжетайға 1000 гектардан астам аумағы бар шаруа қожалығы тиді. Мал шаруашылығынан басқа қожалық бидай, арпа және соя өсірді. Сол кезде жұмысшы мамандар жетіспегендіктен, Кенжетай Жұмағалиқызы трактордың руліне өзі отырып, тіпті қой да бақты. Ал, қазір жағдай жақсарды, бірақ соның өзінде кәсіпкер әйелдің әрбір жұмыс күні таңғы 6-дан басталады.

Осы уақыт ішінде ол ауданның көрнекті бизнес-ханымдарының біріне айналды, аузы дуалы және қоғамда беделді. Сондықтан да биыл Кенжетай Тазабековаға Іскер әйелдер кеңесінің аудандық филиалын басқару сеніп тапсырылды. Ол үшін қоғамдық жұмыс – жаңа сала, бірақ тәжірибелі кәсіпкер бұл іске де қызу кірісті. Оның төрағалығымен жергілікті кәсіпкер әйелдер үшін бірнеше кездесу-семинарлар өткізілді. Кеңес филиалының басшысы әрдайым әйелдерді белсенді болуға және жаңа мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырады. Оның айтуынша, қазір бизнесті бастау анағұрлым оңайырақ.

«Қазір 90 жылдар емес. Бизнес ашу жеңілдеді. Әрқашан да ақыл-кеңес беретін, проблеманы шешудің ең дұрыс жолын көрсететін Кәсіпкерлер палатасы бар. Несие алуға болады, кепілзат алу және беру шарттары оңтайлана түсті, саналуан мемлекеттік қолдау шаралары бар. Сондықтан тек жұмыс істеу керек, алға жылжып, қиындықтарға берілмеу қажет. Мен әрдайым әйелдерді белсенді болуға және қиындықтан қорықпауға шақырамын. Өйткені, отбасын асырап, балаларын тәрбиелеп, бизнесті де жүргізіп отырған әйелдер көп, олар қоғамға да ерен көмек көрсетуде. Бұл тағы да әйелдің қолынан келмейтіні жоқ екенін көрсетеді!», – дейді ол.

Кенжетайдың айтуынша, оның табысты бизнесінің басты құпиясы еңбекқорлықта және жақындарының қолдауында жатыр. «Бизнес туралы айтқанда, бұл менің ғана еңбегім емес екенін айтып жүремін. Өйткені менің күйеуім Досжан Тазабеков үнемі мені қолдайды және күш-қуат береді. Бәлкім, менің осы дәрежеге жеткенім соның арқасы шығар! Мен өзімді онсыз елестете алмаймын, оның қолдауынсыз мен ештеңе тындыра алмаған болар едім», – дейді кәсіпкер әйел.

Кенжетай Тазабекованың қазіргі жоспары – қызына арнап ұланғайыр той жасау. Бүгінгі күні оның үйінде той қамы қызып жатыр: бәрі ұзату тойына дайындалуда. Ал, алдағы уақытта Кенжетай қожалықта мал бордақылау алаңын салуды және ауданда туризмді дамытумен айналысуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер