«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

«Бұл пайдалы пән!» Ұстаздар кәсіпкерлік негіздерін оқытуға дайын

2018 жылғы 15 Тамыз
9581 просмотров

«Атамекенде»  мұғалімдерге арналған «Кәсіпкерлік негіздері» 10 күндік курсы аяқталды.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Кәсіпкелік негіздері» жаңа пәнін оқыту үшін мұғалімдерді дайындау процесінің қорытындысы туралы өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» ҚР ҰКП Адам капиталы дамыту департаментінің басқарушы директоры Олжас Ордабаев,  ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов және ұстаздар айтып берді.

1 қыркүйектен бастап «Кәсіпкерлік негіздері» – Қазақстандағы 16 орта білім беретін мектептің 10-11 сынып оқушыларына таңдау пәні ретінде оқытылады. Осы айдың басынан бері «Атамекен» алаңында 16 ұстаз біліктілік курсынан өтті.

Бұл пәнді оқытуға «Атамекен» ҚР ҰКП Бастама көтерді әрі ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдаған болатын.

ҚР Білім және ғылым  вице-министрі А.Аймағамбетов «Кәсіпкерлік негіздері»  оқу пәні 2019-2020 оқу жылында еліміздің барлық  мектептерінде аптасына екі рет қазақ және орыс тілдерінде оқытылатынын айтып өтті.

«Қазіргі таңда еліміздегі 17 мектепте апробациядан өтіп жатқан бұл пәннің маңыздылығына министрлік назар аударып отыр. Оқу пәнінің ерекшелігі: біріншіден, оқу бағдарламасының 40 пайызы теориядан, 15 пайызы әртүрлі нақты мысалдары бар кейстерден, 45 пайызы практикалық материалдар. Екіншіден, дәрістер әлемдегі бар геймофикация (ойын түрінде) үрдісіне сәйкестендірілген. Үшіншіден, оқушы қаржылық сауаттылықты игеру арқылы өзін-өзі таныстырып, ішкі қабілеттерін дамытады. Төртіншіден, неткворкинг жүйесі бойынша топта жұмыс істеу негіздерін де жетілдіреді. Және ең маңыздысы-  пәнді оқыған колледж  түлектері нарыққа жұмыс іздеуші емес, жұмыс беруші болып барады,»-деді.

Екі жылдан бері «Атамекен» ҚР ҰКП «Бастау» жобасы бойынша бизнес-жаттықтырушыларды оқытып келеді. Жаттықтырушылар кәсіпкерлікте тәжірибесі бар екенін ескере отырып, «Атамекеннің» міндеті – оқытудың әдістемелік ерекшелігін жеткізу. Ал мектеп мұғалімдері, керісінше, тәжірибелік тұрғыда сабақ беруге машықтанған, бірақ кәсіпкерлік және бизнес нарығымен таныс емес. Сондықтан жаттықтырушылар жалпы курстан бөлек, кәсіпкерлік туралы баяндап, сабақ берудің заманауи әдістемесін түсіндірді. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Адам капиталын дамыту департаментінің  басқарушы директоры Олжас Ордабаев былай деді:

«Бастамашылар бағдарлама мен оқу материалдарын жасай отырып, барлық оқушыдан кәсіпкер мен бизнесмен дайындауды мақсат тұтпайды. Басты міндет – өмірлік қиындықтар мен мәселелерді мүмкіндік ретінде қабылдап, алынған білімді өз қызметінің күнделікті саласында пайдалануы үшін оқушылардың кәсіпкерлік тұрғыдан ойлауын дамыту. Оқу пәнін дайындау барысында  «Атамекеннің» бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Бастау» жобасына кәсіпкерлердің тәжірибелері де негізге алынды. Оқушылар бизнес негіздерін өздері секілді мектеп партасында отырған әрі жақында ғана түлеп ұшқан вайнерлер мен жас кәсіпкерлердің үлгісінде оқиды. Мұның барлығы оқушыларға таза бизнес-процестерді таныстырып, болашақта жеке кәсіп бастауға ынталандыруы тиіс».

Осы мақсат үшін ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп пәнді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мұғалімдерді дайындауға арналған бағдарлама жасалды. Мұғалімдер тренинг форматында өткізілген 108 сағат ішінде бағдарламамен танысып, оқу бағдарламасы бойынша негізгі білімді игерді.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы орта мектептің экономика пәнінің мұғалімі, Анна Сурова: 

«Менің ұстаздық еңбек өтілім 35 жыл, оның 29 жылында экономика негіздерін оқытып келемін. Бұл пәннің өміршең болатындығын мен былтырдан бері өз шәкірттерімнен байқап отырмын. Ендігі жерде  «Кәсіпкерлік негіздері» оқу кестесіне енгізілсе деген тілек бар,»-деді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы лингвистикалық зертхана мен Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаменті оқулықтың таза қазақ тілінде құрастырылуын қолға алып, пилоттық нұсқасын ұсынды.

Қарағанды қаласындағы №93 жалпы білім беретін орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Күләш Амангелдіқызы:

«Оқу бағдарламасында ата-бабаларымыздың кәсіппен айналысқандығы, Ұлы Жібек жолындағы сауда- саттық, қазақ оқымыстыларының кәсіпке баулуды насихаттайтын еңбектерінен нақты мысалдар қамтылғаны, бізге осы пәнді еліміз тарихымен байланыстырып түсіндіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерге арналған біліктілік курсы арқылы біз ұстаздар жаңа технологияларды игердік. «Атамекен» Ұлттық палатасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне алғысымыз шексіз»-деді.

Мәслихат соңында журналистердің «Кәсіпкерлік негіздері» оқулығын кімдер дайындады деген сауалына Олжас Ордабаев: ««Атамекен» алаңында 10-11 сынып оқушыларына арналған жаңа оқулықты жазу үшін әдіскерлер, мектеп және жоғары оқу орнының оқытушыларынан бөлек, бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер, отандық және халықаралық ұйым өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Олардың қатарында KAZGUU Экономика Жоғары Мектебі, «Достижения молодых», Тіл білімі институты, ALMA University колледжі, «Тұран» университеті, Қаржы академиясы және тағы басқалары болды»-деп жауап берді.

Биылғы оқу жылында  Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары оқыту аясында бір тоқсанда тәжірибеден өткен. Олар күнделікті сұраныстағы өнімнің таныстырылуын дайындап, өнімді алға жылжыту мен маркетингтік сараптама жүргізуді үйренген.

Астана қаласындағы НЗМ 10 сынып оқушылары Әли Нұралы мен Рүстем Жармағанбетов былтырғы оқу жылында «Кәсіпкерлік негіздері» пилоттық пәні негізінде жеке кәсіп ашқан.

«Біз сәуір-мамыр айларында  жобамызды жетекші-ұстазымыз Ермек Дүйсенханмен ақылдаса отырып бастадық. Кәсібіміз жейде өндірісіне арналды. Дизайн авторы өзіміз, сауда нүктелерімен келіссөз жүргізу арқасында өнімімізді сатып екі айда 2 миллион теңге пайда таптық. Алайда  жазғы каникул басталып кетті. Біз енді қаражатымыздың бір тиынын шығын қылмай тәтті тоқаш өндірісімен айналыссақ дейміз. Алдын-ала «MEGA Silk Way» ССО әкімшілігімен келісіп те қойдық. Бізге бұл жоба еңбектің дәмі тәтті болатынын үйретті,»-деді.

Айта кетейік, алдағы уақытта мұғалімдермен арнайы чат арқылы байланыс орнатылып, онда екі тілде таныстырылымдар жолданып, сабақ беру әдістемесі талқыланады. Оқу басталған соң өңірлердің аймақтық және тілдік ерекшеліктеріне қарай сабақ беру әдістемесі түзетілетін болады.

«Атамекен» ҚР ҰКП сәтті тәжірибелік жұмыс үшін кәсіпкерлерді қатысуға және өз өнімі туралы ақпаратпен, кейстермен бөлісуге шақырады. Өңірлік деңгейдегі кәсіпкерлер де өз жетістіктері туралы бөлісіп, оқушыларға бизнес-процестері мен әлемді өзгертудегі кәсіпкерліктің әлеуетін таныстыра алады.

Кәсіпкерлерге дәрістерге дайындалу үшін көмек ретінде дидактикалық материалдар ұсынылады. Оқушылар өңірлердегі өндіріс орындарының ішкі жұмысымен де таныса алады.

Бұл шаралардың барлығы жастарды қызықтырып, кәсіпкерліктің ел экономикасын қалыптасуындағы рөлін жеткізіп, болашақта мамандық таңдауға ықпал ету үшін ойластырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер