«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

«Атамекен» бизнеске салынатын 5%-дық зейнетақы жарнасын алып тастауды қолдайды

2022 жылғы 22 Маусым
6391 просмотров

Ұлттық палата мамандары Қазақстанда жұмыс берушілерге 5%-дық міндетті зейнатақы жарнасын енгізу және әлеуметтік төлемдерді ұлғайту бойынша үшінші талпыныс сәтті іске асып, отандық бизнес пен жалпы экономика үшін жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы мүмкін деп санайды. ҰКП сарапшылары жарнаны кезең-кезеңмен енгізуден кетіп, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасының күшін жою мәселесін пысықтап, схеманы қайта қарау және жұмыс берушілердің еңбекақы төлеу қорына жасалатын барлық төлемді бірыңғай төлемге келтіруді ұсынды.

 Бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен арттыру және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесін ұлғайту бойынша ұсынылған түзетулер, сондай-ақ осы төлемдермен байланысты салдар талқыланды. Онлайн-кездесуге 250-ге жуық қатысушы келді. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, БЖЗҚ, салалық қауымдастықтар, «Атамекен» өңірлік кеңестерінің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Ұлттық палата міндетті жарна енгізілсе, жұмыс берушілер нақты еңбекақыны жасырып, көлеңкеде жұмыс істей бастайтынын, тауарлар мен қызметтер құнының өсуіне себеп болатынын бірнеше жыл бойы дәлелдеп келеді. ҰКП позициясы жұмыс берушілерге жақсы таныс – «Атамекен» қосымша жарналардың енгізілуін сонау 2014-2015 жылдардан бері қолдамаған. Теріс сараптамалық қорытындылар шығарылып, Үкіметке хаттар жолданды, қоғамда екі мәрте резонанс тудырды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты бір мезеттік жүктемені болдырмау үшін Заңды қолданысқа енгізу мерзімін кейінге қалдыруға қол жеткізілді.

 «Тақырып өте өзекті, бүкіл бизнеске қатысты. Бірден 5% салу – қатты әсер етеді, неге мәселені кәсіпкерлер есебінен шешу керек? ҰКП болжамы бойынша қосымша жарнаны енгізу еңбекақы қорының қысқаруына және жеке шығындарды азайту үшін қызметкерлер санының төмендеуіне әкеп соғады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП атқарушы хатшысы Нұрлан Сақуов.  

Бүгінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бизнеске түсетін салмақты жеңілдету үшін жарнаны кезең-кезеңімен енгізуді ұсынып отыр: 2023 жылғы қаңтарда бір жарым пайыздан бастап, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 5%-ға дейін жеткізуді ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізудің күшін жою туралы сөз болған жоқ, 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасында және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда жазылған ЖМЗЖ енгізу шарттары ғана талқыланып жатқанын атап өтті.

 «Зейнетақы жинақтарының орташа көлемі 10,1 млн-нан 5,8 млн теңгеге дейін төмендеді. Қазақстандықтар өз зейнетақы қаражатын шешіп алғаны белгілі. Енгізіліп жатқан міндетті төлем болашақтағы зейнеткерлер үшін қажет. Мемлекет басшысы міндетті жарнаны алып тастауды емес, кейінге шегеруді белгіледі. Қазіргі кезде жұмыскердің 10% аударымы жеткіліксіз. басқа елдермен салыстырсақ: Сингапурда зейнетақы мөлшерлемесі – 37%, Беларусьте 28%. Ресейде – 22%. Міндетті зейнетақы жарнаны енгізу қазақстандықтарға жұмыс өтіліне қарай жақсы зейнетақыны қамтамасыз етеді. Падемия кезінде әлеуметтік төлемдер, төлемдер болғанын білесіздер, сонда қорға 20 млрд теңгеге жуық қаражат түспеді. Еңбекке қабілеттілігінен айрылу және асыраушысынан айрылу бойынша ұзақ мерзімді төлемдер үнемі өсіп келеді», – деп атап өтті Назгүл Сағындықова.

Пандемия кезінде жұмысы тоқтаған және қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен бизнес туралы дәйектер әсер етпейді. Кәсіпкерлер бұл мәселеде басқа да қауіп-қатерлер ескерілмегенін мәлімдеді.

 «Негізінде мемлекет бизнес есебінен өзінің егде тартқан азаматтарына әлеуметтік қорғауды қамтамасыз еткісі келеді. БЖЗҚ қаражатын тиімді басқарудың орнына, еңбек министрлігі қордағы жетіспейтін пайданы жұмыс берушілер есебінен, сәйкесінше қызметкерлер есебінен толықтыруды ұсынды. 2014 жылы БЖЗҚ-ның Әзербайжанның «қоқыс рейтингі» бар халықаралық банкіне қазақстандықтардың зейнетақы ақшасының 250 млн долларын салғаны баршаның есінде ме? Қазір, әрине, Қазақстан мен Әзірбайжан үкіметтері арасында қаражатты қайтару туралы келісім бар, бірақ тек 2032 жылға қарай қайтарылады. Қаражат салу туралы шешімді Басқарма мен Директорлар кеңесі қабылдады. Неліктен мұндай қылмыстық шешім қабылдағандардың барлығына қылмыстық жауапкершілік жүктелмеді? Бұл қандай жауапкершілік? Айыппұл салына ма? Түрмеге қамай ма? Заңның өзінде тиісті органдар қандай жауапкершілікті, ал қандай жауапкершілікті анықтауы тиіс екені туралы түсініксіз жазылған», – деп мәлімдеді Қостанай облысының «Құрылысшылар қауымдастығының» атқарушы директоры Ирина Викулова.

Кәсіпкерлердің пікірінше, жұмыс берушілердің міндетті зейнатақы жарнасы енгізілсе, бизнес кәсіпорынға қаржылық жүктемені төмендету үшін көлеңкеге кетеді, шығындар, әлеуметтік пакеттерді қысқартады, еңбекақы деңгейін қайта қарайды. Қызметтер мен өндірілген тауарлар бағасы шарықтайды, инфляция өседі.

«Жұмыс берушіге, бірінші кезекте кәсібін адал жүргізіп жатқан жұмыс берушіге жүктеме артатынын айттық. Ол еңбекақы қорын ұлғайтуға мүдделі болмайды, қорды қысқартуға немесе мүлде өсірмеуге тура келеді.  Сонда кәсібін  адал жүргізетін жұмыс беруші ғана жарна төлейді, ал барлығы алады. Бұл әділетсіз. Сонымен қатар, БЖЗҚ – бұл азаматтардың меншігі, олардың жинақтары. Оларға шартты түрде жинақтауды енгізу бұл мүдделер қақтығысы», – деп атап өтті Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының директоры Ерлан Бурабаев.

Бүгін кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарнасы мерзімін кейінге қалдырмай, мүлде алып тастауды ұсынды.

 «Мен жұмыс берушілердің 5%  міндетті зейнетақы жарнасын алып тастауды ұсынамын. Бизнесмендер бұған қарсы, біз алты түрлі төлем жасап жатырмыз, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы жетінші төлем болады. Басқа елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстан төлемдер саны бойынша орта деңгейден асып тұр. Егер міндетті төлем қабылданса, онда еңбекақы қорына жалпы жүктеме 42%-дан асады. Президент Тоқаев енгізуді 2023 жылға дейін кейінге қалдыруды тапсырды – осы уақыт ішінде бизнес, сарапшылар мен Үкімет нұсқаларды есептеп, жұмыс берушілердің мүддесін ескере отырып, болашақ зейнеткерлерді қамтамасыз ету бойынша оңтайлы шешімге келуі керек еді. Президент Тоқаев үкімет Салық кодексінде көзделмеген барлық төлемге тыйым салуы тиіс екенін айтты. Бұл шын мәнінде қосымша салық», – деп мәлімдеді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Алматы қаласы өңірлік кеңесінің төрағасы бұған дейін Мемлекет басшысы  министрлер кабинетіне қызметкерлердің еңбекақсын арттыру бойынша бизнесті ынталандырудың жұмсақ шараларын әзірлеуді және еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту мәселесін пысықтауды тапсырғанын еске салды. Максим Барышев жұмыс берушілердің барлық төлемдерін КТС-қа ұқсас еңбекақы қорына біріктіруді ұсынады. Іс жүзінде, Президенттің жиынтық жүктемені 34%- дан 25%-ға дейін төмендете отырып, бизнес үшін бірыңғай төлемді енгізу туралы тапсырмасы орындау қажет.

Бүгін айтылған барлық ұсынысты Ұлттық палата қысқа мерзімде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер