«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

«Бастау Бизнес» түлектері алғашқы несиелерін алды

2017 жылғы 11 Шілде
- Қостанай облысы
6381 просмотров

Қаражат мал шаруашылығы мен құс өсіруге жұмсалмақ

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасы сәуір айынан бастап Қостанай облысының 6 ауданында оқытуды бастады. Отыз күнге арналған тегін оқу курсына жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары қатысады және бұл жоба «Атамекен» ҰКП бастамасымен қолға алынған. Басты мақсат – халыққа бизнес негіздері бойынша білім беру және өз ісін бастауға жеңілдетілген несие беру мүмкіндігіне қол жеткізу.

Өңірде бұл курсты 528 адам оқыды. Олардың басым көпшілігі комиссия алдында өз бизнес-жобаларын қорғап, алғашқы қатысушылар несие алып та үлгерді.

Солардың бірі Қостанай облысының тұрғыны Асылхан Мұқанов. Ол құс өсірумен айналысуды бұрыннан ойластырып жүрген, оның үстіне тәжірибесі де бар. Азамат сату үшін қаз өсіріп, аздаған пайда да тапқан. Мемлекеттік жаңа бағдарламаның мүмкіндіктерінен хабардар болған соң, бағын сынап көрмекке бел байлаған.

«Ең бастысы қажетті білімді алдым. Бюджетті қалай жоспарлау керек, қашан үлкейту керек, қайда салу керектігін үйрендім. Бизнес-жаттықтырушы әрбір жоба бойынша жекелеп айналысты. Әрине, несие алу мүмкіндігі жайлы да айтты. Ауылдық жерде бұл оңай шаруа емес, банк пайызы жоғары. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млн теңге алдым. 1150 қаз сатып алып, мақсатты түрде айналысатын боламын», – деді Асылхан Мұқанов.

Ал Қостанай ауданының тұрғыны Айгерім Жөнекеева тайынша бағып, сүт сатумен айналысады. Базарға шығарады, зауыттарға өткізеді. Келіншектің айтуынша сауын жақсы, сондықтан бұдан да көп ақша табар еді. Ірі қара мал басы үшін несие алу кепілсіз мүмкін емес еді. Жаңа бағдарлама аясында алу мүмкіндігі туды. «Бастау бизнес» курсынан кейін шағын несиелеу ұйымы 2 млн теңгеге рұқсат берген. Ал қарызға «ҚазАгроГарант» АҚ кепілдік берді.

«Менің жолым болды, мұндай курстардың пайдасы тие бастады. Оның үстіне, білесіздер, ауылдық жерде несие алу оңайға соқпайды. Қазір аттестатым бар, несиені қолыма алып, сиыр сатып аламын, шағын шаруалық ашып, тұрақты табыс та түседі», – Айгерім Жөнекеева.

Мал шаруашылығын дамыту – «Бастау Бизнес» жобасының түлектері алатын несиенің негізгі мақсатының бірі. Мұнымен қоса, омарта шаруашылығы, тасымалдау, қоғамдық тамақтандыру қызметі, қызмет көрсету салаларына арналған бизнес-жобалар мақұлданды.

Бағдарламаның талаптары бойынша курсты аяқтағандар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан (жылына 6%-бен), шағын несие ұйымдары мен кредиттік серіктестерден несие алуға мүмкіндіктері бар. Бүгінде Қостанай облысында жоба аясында 117 адам білім алуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер