«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Жарнама бизнесін «құрту» кімге тиімді?

2015 жылғы 26 Тамыз
- Шымкент қаласы
15495 просмотров

Шымкенттің жарнама компаниялары әкімдік әрекетінің салдарынан залал шегуде

Шымкенттегі жарнама компанияларының тең жартысы қазір банкроттыққа жақын қалды. Қала билігі үш жыл бойы жарнама бизнесінің табыстылығын төмендету үшін қолдан келгенін жасауда және, бір қызығы, осы саладан түсетін салықтың да төмендеуін көздеп жүр.

Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жергілікті әкімдіктің әрекетіне дәл осындай баға берілді.

Мәселе жарнамалық билбордтардың мөлшерінде болып отыр. Жарнама компаниялары өкілдерінің айтуынша, билік олардың 3:6 метрлік көлемдегі конструкцияларды орнатуына тыйым салады. Бұл тапсырыс берушілер арасында көп сұралатын формат. Ірі жарнама берушілер («Соса соla», «Kcell» және басқа компаниялар) өз жарнамаларын Шымкентте осындай мөлшердегі конструкцияларға орналастыруға дайын.

Бірақ қала әкімдігі компаниялардың бизнес үшін рентабельділігі төмен әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз 3:4 метрлік мөлшердегі жарнама конструкцияларын ғана орнатуына рұқсат береді. Бастапқыда бұл талаптар құпия болатын

Бірақ былтыр қала әкімдігі Шымкент қаласының аумағына құрылыс салу ережелерін дайындап, оны Шымкент қалалық мәслихатының бекітуіне берді. Бұл ережелерде жарнама саласын реттемелейтін тарау бар. Онда жазылған жарнама конструкцияларының мөлшері осы салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің қызметін шектеп тастады. Осының бәрі нарықтан жарнама компанияларының кетуіне алып келді. Қаладағы жарнама конструкциялары саны да қысқарды: егер 2012 жылы 552 болса, 2015 жылы бар жоғы 240, яғни жартысынан азы ғана қалды.

«Қалаға келген әрбір жаңа әкіммен жарнама конструкцияларына деген талаптар өзгеріп тұрады, бірақ белгісіз себептермен бизнестің пікірі ескерілген емес», - деп назалануда жарнамашылар. - «Түрлі шектеулер нәтижесінде біз, кәсіпкерлер, ғана емес, қаланың бюджеті де зардап шегуде. Себебі салық аударымдары да жарнама билбордтарының мөлшеріне тәуелді».

Әкімдіктегілер Қалада құрылыс салу ережелерін республикалық Құрылыс және ТКШ агенттігі бекіткен Ереже негізінде дайындағандарын айтады. Бірақ, Палата сарапшылары анықтап отырғандай, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы бұйрығымен ол күшін жойған және аталмыш құжатта жарнама саласын реттемелеу көзделмеген.

«Жарнама туралы» ҚР Заңына сәйкес, нормативтік-құқықтық актілерді дайындау және заңнамаға ұсыныстар енгізу, жергілікті әкімдіктердің емес, тек қана орталық мемлекеттік органдар құзыретіне жатады», - дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі департаментінің басшысы Тимур Нақыпбеков. - «Осылайша, Шымкент қаласының әкімдігі өз уәкілеттігін асыра пайдаланған».

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың бизнес-ортаға араласуы көзге ұрып тұр дейді. Және де бұл Президент пен Үкімет бизнес жолындағы тосқауылды алып тастауға бар күшін салып, түрлі рұқсат ету процедуралары мен бюрократияны оңтайландырып жатқан кезде орын алып отыр.

Кеңес Кәсіпкерлер палатасына ОҚО прокуратурасы мен әділет департаментіне қаладағы жарнама бизнесін шектейтін және реттемелейтін нормалардың күшін жою жөнінде ұсыныс енгізуін ұсынды.

Сонымен бірге Шымкент қаласы әкімі орынбасарының жарнама бизнесіне жасаған кедергісі үшін тәртіптік жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс жолданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер