«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Юлия Якупбаева: Туристік нысандарды түгендеу қажет

2016 жылғы 15 Наурыз
11513 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастырған жиында Алматы және Алматы облысының туристік әлеуеті талқыға салынды

«Жамбыл облысы әкімдікпен бірлесе отырып, «Жібек жолы» бағытындағы туристік нысандарға жүргізген толық түгендеу жұмыстарының нәтижесін ұсынды. Инфрақұрылымды дамыту үшін не қажет екендігі, оған қанша қаражат кететіндігі анықталды. Өңірдің туристік әлеуеті туралы сайт жасау жоспарлануда», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, ол бұл туралы өңірлердің қосылуымен видеоконференция режімінде өткен туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиында айтты.

Кездесуде Алматы қаласының туристік әлеуеті таныстырылды. Якупбаева бұл өңірде де туристік нысандарды түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. «Алматы қаласымен қатар, Алматы облысындағы туристік нысандардың барлығына түгендеу жұмыстарын жүргізу керек. Ең тартымды дегендерін таңдап, не жетпейтіндігін анықтап, содан кейін қаржыландыру көздерін табуымыз қажет», – деді ол.

Алматы қаласы Туризм басқармасының бастығы Тимур Дүйсенғалиев өз таныстырылымында Алматының бірнеше туристік артықшылықтарын атап өтті. Олар: Тянь-Шань тауларының етегінде орналасуы, алманың отаны, Қазақстандағы ең ірі қала, жалғыз мегаполис, туриcтік оқиғалардың орталығы, қаржылық және мәдени орталық.

«Біз қазір қос міндет қатар атқарылатын, яғни кәдесыйлар сататын және ақпараттық материалдарды (карталар, жол көрсеткіштер және т.б) тегін тарататын сегіз ақпараттық дүңгіршекті орналастыру жобасын қарастырудамыз. Олар туристер легі көп жерлерде орналасады. Ақпараттық орталықтар негізінде өте қарапайым – 2 түндік, 3 күндік турларды ұсынатын лифлеттер дайындаймыз. 2-3 жұлдыздық немесе 4-5 жұлдыздық туристік санаттағы қонақүйлерді ұсыну ұйғарылған. Топтың көлемі 6 адамға есептелген», – деді ол.

Әкімшілік ұсынған таныстырылымда Алматы туризмнің басты төрт түрінің –мәдени-тарихи (Жібек жолының әуелгі нүктесі), іскерлік, эко-шытырман оқиғалы және спорттық туризмнің астанасы ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар, Дүйсенғалиев өз баяндамасында кәсіби жолнұсқаушылар мен сапалы ақпараттық материалдар мәселесіне де тоқталып өтті. Әкімшілік «қарсы әрекет» шартына сәйкес барлық бастамаларға қолдау танытатынын қадап айтты.

«Бұл дегеніміз жекелеген идеяларды ұсынып қана қоймай, бизнестің пікірі мен жалпы стандарттар шоғырландырылған нақты ұсыныстар беру»,– деді әкімдік өкілі.

Өз кезегінде Якупбаева Алматыда тамаша шипажалар мен емханалардың жұмыс істейтіндігін айта отырып, таныстырылымға медициналық туризмді де кіргізуді ұсынды.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар «балалар туризмі» бөлімін енгізу туралы пікірлерімен де бөлісті.

Палатаның Басқарма Төрағасының орынбасары ұлттық парктерге қарай автобустық бағыттар ашу мәселесін де қозғады. «Егер осы мәселе шешімін табар болса, бизнесті дамытудың жаңа стратегиялық бағыттары пайда болады: біріншіден, автотұрақтар, екіншісі, қоғамдық тамақтандыру орындары, үшіншісі, кәдесыйлық тауарлар және т.б», – деді ол.

Туризм басқармасының басшысы, өз кезегінде, құнды ескертпелері үшін оған алғысын білдіріп, Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып айтылған мәселелерге ден қойып, таныстырылымды толықтыратындығына уәде берді.

Жиында сөз алған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Юрий Тілеумұратов қала мен облыстың табиғаты көрікті жерлерін тізбелеп өтті. «Сұңқар» құс орталығы туралы еске салып өтті. Оның айтуынша, ол жерде құстарды өсіріп, зерттеумен қатар, ұлттық костюмдермен құс салудан шоу көрсетіледі, ол туристердің қызығушылығын тудыруы мүмкін.

«Егер бүркіттер бар болса, оған түйеқұс фермасын, балық аулау шаруашылығын, Қапшағай жағажайын, зообақты, дельфинарийді де қосуға болады», – деп атап өтті Якупбаева. Ол таныстырылымды кеңейтіп, оны әртүрлі бағыттар бойынша жіктеуді ұсынды.

Алматы қаласының толықтырылған «визит картасы» барлық ӨКП-ға негіз ретінде алынбақ. Барлық «визит карталары» дайын болған соң, олар «Атамекен» ҰКП-ның сайтына орналастырылады. «Біз барлық ақпараттық интернет-порталдардың өкілдерін жинап, Қазақстанның тұрғындарымен қоса, шетелдіктер үшін Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен жариялау мәселесін талқылаймыз», – деп сөзін жалғады Якупбаева.

Сонымен бірге, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласының туризмін дамыту Жол картасын жасау тәжірибесімен де бөлісті. Жол картасы аясында туристік көрсеткіштің өсуін тежеп отырған бірқатар проблемалық сұрақтардың шешімін табу мәселесі қарастырылған. Мәселен, Тілеумұратов ішкі ұшу рейстеріне қосылған құн салығын азайту мәселесін көтерді. Алайда Дүйсенғалиев Қаржы министрлігі мен Экономика және мұнай министрлігі тарапынан бұл ойдың қолдау табатындығына күмән келтірді.

«ЭКСПО қарсаңында мұны міндетті түрде енгізейік. Егер негізгі лек ішкі туристер болса, ҚҚС-ны азайту арқылы біз тарифтерді азайта аламыз. Оны да көрейік», – деп Якупбаева әріптестеріне қолдау білдірді. Сондай-ақ, ол Жол картасын орталық және жергілікті пункттерге бөлуді ұсынды. Жол картасы толықтырылғаннан кейін өңірлерге үлгі ретінде жіберіледі.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрлігінен келген өкілдер «Атамекеннің» туризм саласында жасаған жұмыстары көңілден шыққандығын білдіріп, осы ортақ істе қолтықтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

«Алматы мен Алматы агломерациясының мәселесі мынада, барлық фестивальдар Алматының түбінде өткізіледі, ал бұл облыстың аумағы саналады. Сондықтан, іссапар шығыстарына, тұратын орынға қатысты мәселелер туындайды. Тойқазан, Іле-Балқаш регатасы – бұлардың енді қалаға қатысы жоқ, Алматы 10 шақырым жерде тұрса да ұйымдастырушылар Талдықорғанға жүгінуге мәжбүр болатындықтан, әрдайым бұл фестивальдарды өткізу қиындық тудырады», – деп тағы бір мәселенің ұшығын шығарды ҚР Инвестиция және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің бастығы Жалғас Балғожин.

Юлия Якупбаева, өз кезегінде, Алматыда көптеген әртүрлі іс-шаралар, оқиғалар өткізілетіндіктен, бұл да қала мен өңірдің туристік тартымдылығының ажырамас құрамдас бөлігі екендігіне ден қойды.

Жиынды қорытындылай келе, Палатаның Басқарма Төрағасының орынбасары көпшіліктің назарын туристік саладағы маңызды құрамдас бөліктердің бірі – қызмет көрсету мәселесіне аударды. «Әкімдік пен ҰКП аймағына барлық мейрамхана және қонақ үй бизнесінің өкілдерін жинап, оларға мемлекет пен ҰКП өңірлердегі туризмді дамытуда бар күшін салып жатқанын айтуы тиіс және бұл сіздердің негізгі табыстарыңыз, сондықтан тазалық, қызмет көрсетуді тәртіпке келтіріңіздер деу керек. Біз тұрғын-жай мен қоғамдық тамақтандыру нысандары бойынша өзіміздің ішкі рейтингімізді жасауға тиіспіз. Кездесуде бизнесмендер қосымша мәселелерге де тоқталады, біз өз тарапымыздан ол мәселелерді шешуге көмектесеміз», – деп сөзін қорытындылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер