«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Аграрийлер мәжбүрлікке қарсы

2016 жылғы 19 Сәуір
- Қостанай облысы
13206 просмотров

Қостанайлық фермерлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқаптарды химиялық өңдеу туралы жаңа ережелерімен келіспей отыр

Олар зиянкестермен мәжбүрлі түрде күресу механизмі зиянкестердің таралуын тоқтата алмайтынын, онымен қоса бұл әдіс жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін жеткізді.

Бидай көгі, септориоз, сонымен бірге астық көбелегі мен гессен шыбыны. Қостанай облысы бұл зиянкестермен Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекция және ауылшаруашылық егістік жерлерінің қожайындарының күш біріктіруі арқасында ұзақ уақыт бойы күрес жүргізіп келген. Алайда, Кәсіпкерлер палатасындағы кездесуде инспекция өкілдері келесі жылдан бастап мемлекет зиянкестерді улау мәселесімен айналыспайтынын айтты. Бизнесмендер мұнымен улы химикаттарды сатып алу үшін субсидиялар алу арқылы айналысатын болады.

Сонымен бірге, жаңа ережелерге сәйкес, инспектор егін сапасын бақылап отырады, ал кеселдер анықталған жағдайда оларды міндеттелген тәртіп бойынша жою қажет болады. Олай болмаған жағдайда жекеменшік формасына сәйкес кәсіпкер 5-тен 500 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл төлеуі тиіс.

«Ұйғарым орындалмаған жағдайда «Фитосанитария» РМК күшімен мәжбүрлі түрдегі химиялық өңдеу жүргізілетін болады. Ол қайтарылмалы негізде бюджеттік қаражат есебінен жүзеге аспақ. Егер қаражат қайтарылмаса, онда сот тәртібі бойынша өндіріп алынатын болады», – деді Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Дархан Әбдукәрімов.

Инспекциядағылардың айтуынша, уақытында өңдемеу салдарынан зиянкестер  көршілес жатқан телімдерге өтуі мүмкін, сондықтан мәжбүрлеу тәсілі осы көзқарас тұрғысынан орынды дейді олар. Ал аграрийлердің бұған айтар уәждері де жоқ емес.

«Зиянкестердің бір шаршы метр аумаққа тарау түсінігі салыстырмалы түрде айтылған. Бір маман келіп 5 құрт бар десе, екіншісі 10 дейді, бұл адами фактор. Өңдеу жасау, жасамау жөнінде шешімді кәсіпкер үшін шығарғаны қалай? 90-жылдарды еске алыңыздаршы, егер бір басшы біреуге жақпай қалса, оған бақылаушы органдар тарапынан қысым көрсетілетін. Қазір де осы жағдайлар қайталануы мүмкін», 2 деп есептейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі, ««Қарқын» агрофирмасы» ЖШС директоры Сайран Бұқанов.

Улы химикаттарды сатып алу мәселесі де аграрийлерді алаңдатып отыр. Жаппай субсидиялау жағдайында олардың бағасы бұрынғы қалпында қалады дегенге кепілдік жоқ. Сапасы да мәз емес дейді шаруалар. «Әр жылы өңдеуге фунгицидтер сатып аламыз, көп ұзамай жарамсыз болып қалады. Бюджеттен қанша ақша бөлініп жатса да, пайдасы шамалы. Сапаны қамтамасыз етіп, бағасын арзаңдатыңыздар. Міне, сонда ғана нәтиже болады», – деп налыды Сайран Бұқанов.

Жиын қатысушыларының көбі осыған ұқсас пікір айтты. Сондықтан кездесу нәтижелері бойынша аграрийлер өз ұсыныстарын ортаға салды. Біріншіден, алқаптарды мәжбүрлі өңдеу міндеттемесін, сондай-ақ жауапкершілік шараларын ережелер қатарынан алып тастау. Бұл тұста инспекция жердің жалпы көлемінің тым болмаса шамамен 30-40%-ын дәрілеу міндетін өз мойнынан алуы керек. Кәсіпкерлер құны қымбат фунгицидтердің 70%-ын субсидиялауды, сепкіш техникаға берілетін субсидиялар көлемін оның жарты құнына дейін арттыру туралы өтініш айтып отыр. Инспекция айтылған ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы минстрлігінің қарауына беруге уәде берді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер