«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Мыңнан астам кәсіпорын колледждерге 1750 маманға «тапсырыс берді»

2016 жылғы 21 Сәуір
9870 просмотров

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Палатаның кәсіби білім беру мәселелеріне қатысты жұмыстары туралы айтып берді

«Атамекен» алаңында «Қазіргі кезең, өзектілік және кәсіби білім беру сапасы. Өзара ынтымақтастық нәтижелері, келешек» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

«Біз «Кәсіби білім беру туралы» заң қабылдау туралы мәселе көтердік. Бұл заңға қарсылық білдіргендер де болды, олар бұл нормаларды «Білім беру туралы» заңға енгізуге болады деп сендірді. Алайда, біз білім беру саласын емес, білім беру саласына қатысатын кәсіпорындарды қарайтын жеке заң керек деген тұжырымға келдік. Қазір вице-премьер Дариға Назарбаеваның осы заң жобасымен жұмыс істеп, оны Парламентке ұсыну туралы тапсырмасы бар», – деп мәлімдеді Әлтаев.

Оның айтуынша, 7 мыңнан астам кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижесінде Ұлттық палата Қазақстанның мамандарға зәру екенін анықтаған. 2016 жыл бойынша 134 мың маман тапшы.

Оған қоса, Әлтаев бүгінгі таңда 1137 кәсіпорын колледждермен 1750 маман дайындау туралы 1254 шартқа қол қойғандығын атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен колледждер арасында қамқорлыққа алу туралы 60-тан астам шартқа қол қойылған.

«Соңғы уақытта дейін колледждерде бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты болғандықтан, оқу жоспарларын өзгерте алмауымен байланысты мәселелер болған. Жуырда білім беру стандартына өзгерістер енгізілді. Енді колледждерге еркіндік берілді, олар кәсіпорынның талабына сәйкес оқу жоспарларын өзгерте алады», – деді ол.

«Атамекеннің» өкілі мәлімдегендей, бүгінгі таңда Қазақстанда екі бірдей консорциум құрылған: бірі Қызылордада, екіншісі Таразда. «Қызылорданың қызықты бір мысалын келтірейін. Онда дуальды білім беру мақсатында іргетас жасау үшін мейрамханалар мен қонақ үйлер қауымдастыққа бірігіп, бір колледжді өз қарамағына алған. Колледж олардың бір адамына директордың орынбасары дәрежесінде колледжді басқару құқығын беруге дейін барған. Колледж сол қауымдастықтың талабына сәйкес оқу жоспарын толығымен өзгерткен. Өздеріне қажетті мамандық бойынша білім алып жатқан студенттердің барлығы дерлік сол қонақ үйлерде жұмыс істеп жүр. Теориялық бөлігі аз уақыт алса, тәжірибелік жағына көп уақыт бөлінген. Егер қателеспесем, олар сол колледжден 350 маманға тапсырыс берген», – деген дерек келтіріп өтті сөз арасында Әлтаев.

«Мұндай мысалдардың көбірек болғаны қажет. Дәл қауымдастықтардың осылай жұмыс жасағаны жақсы, өйткені кәсіпорындардың сұранысы өзгеруі мүмкін. Ал қауымдастықтар кәсіпорынды оп-оңай іштей реттеп, мамандарды бөле алады», – деп атап өтті сарапшы.

Сондай-ақ, Әлтаев Палата жұмысының арқасында кәсіпорындар жанынан 50 маманның біліктілігін арттыру орталықтары мен қауымдастықтар жанынан 5 салалық кластер құрылғандығын атап өтті. Кәсіптік бағыттау бойынша қарқынды жұмыстар атқарылған. Өңірде 865 кәсіптік кабинеттер құрылып, мектептерде 73 кәсіптік бұрыш ашылған. «Өткен жылы біз көптеген кәсіпорындарды мектептерге, ал мектеп оқушыларын өндіріс процессін өз көздерімен көрсін деп кәсіпорындарға бағыттадық», – деді ол.

Басқарма төрағасының орынбасары сонымен қатар, соңғы екі жылда жоғары оқу орындарын автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын да еске салып өтті. Қазір олар оқу бағдарламаларын, бюджетін өздері анықтай алады. Қазақстанның  10 жоғары оқу орнына қадағалау кеңесі енгізілген. Алайда, оның айтуынша, сол кеңес мүшелеріне қатысты мәселелер туындауда. «Қадағалау кеңесінің мүшелерін ректорлар іріктеген еді. Бұл дұрыс емес, өйткені әр ректор қадағалау кеңесі басқаруға ырықты болу үшін онда өзінің таныстарын, достарын жинайды. Бұл жағдайды түзету қажет», – деп мәлімдеді ол.

«Тағы бір ауқымды мәселе – колледждер дайындап шығарған мамандарды бағалайтын сертификаттау орталықтарын құру. Өкінішке қарай, мұнда жұмыс баяу жүруде. Алайда осы жылы біз біраз ілгерілейміз. Өйткені, салалық қауымдастықтар мұндай орталықтар ашуға дайын», – деді Әлтаев.

Ол, сонымен қатар, қазірше шешімін таппай тұрған мәселелерге де тоқталып өтті. «Білім беру процессіне мамандар дайындап қана қоймай, жұмыс берушілерді де, яғни ертең өз бизнестерін ашатын адамдар дайындау үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізуді бірнеше мәрте ұсынған едік. Бұл мәселеде ілгерілеу бар, өйткені бізді білім министрі қолдап отыр, сонымен қатар, Дариға Назарбаеваның тапсырмасы да бар. Сондықтан бұл мәселе жақын арада шешіледі деп ойлаймын», – деді сарапшы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер