«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

«Ақтөбе» индустриалдық аймағы өз жұмысын бастады

2016 жылғы 17 Маусым
- Ақтөбе облысы
7611 просмотров

«Ақтөбе» индустриалдық аймағында құны 10 млрд теңге болатын 5 ірі өндіріс орны салына бастады 

Ақтөбеде 5 ірі өндіріс орнының алғашқы іргетасы қаланды. Салтанатты жиында «Ақтөбе» ӘКК өнеркәсіп аймағында ірі жаңашыл жобаларды жүзеге асыруға жол ашылды. 

Инвесторлар кіріскен  ірі жобалардың бірі – «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС. Құны 6 млрд теңге болатын өндірісте италияндық технология бойынша   керамогранит және қыш тақтайша-тас шығарылады. «FIBC Kazakhstan»  ЖШС полиэтилен және полипропиленнен жасалған бума-орамалар, ірі кәсіпорындарға арналған жұмсақ  контейнерлер шығаруды жоспарлауда. «Talan Technology» – жарақаттан қорғайтын резеңке спорт жабындылары,  «Ақтөбе TOPSA Пласт» – әйнек жуғыш сұйықтар, антифриз, еріткіштер және химиялық  реагенттер. «Поливест» компаниясы медицина, сауда саласында қажет етілетін, полиэтилен бұйымдарын импорттау мәселесін  шешуге уәде берді. Жобалардың жалпы құны 10 млрд теңгеден асады.

Бұл жобаларды іске қосу жылына шамамен 1 млрд теңге салық түсуді және 315 жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Іргетасты қалау салтанаты аяқталған соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  «Ақтөбе» ӘКК, мемлекеттік мекемелер өкілдері мен ірі кәсіпорын басшылары және шағын, орта бизнес өкілдері қатысқан мәжіліс өткізді.

Өңір басшысы индустриалдық аймақ өткен жылы пайдалануға қосылғанын, алайда  қазіргі уақытқа дейін оның аумағында инвестиция тартпақ түгілі бірде-бір жоба жүзеге аспағанын қадап айтты.

«5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған  инфрақұрылым  тоқтап тұрды, тіпті бірен-саран құрал-жабдық ұрланған деректер де тіркелді. «Ақтөбе» ӘКК-ға инвесторлар тарту жұмысын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар ірі компаниялардың басшыларынан шағын және орта бизнеске көмектесуді өтіндік. Мұндай жұмыстың тиімділігі көзге көрінерліктей – бүгін 5 жаңа өндірістік құрылыс орнының іргетасы қаланды»,– деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев бұл жобаларды жүзеге асыру жаңа өндіріс ашу жағынан жергілікті тауар өндірушілердің бастамасын қолдау немесе бұдан былай тауарлық-материалдық құндылықтарды және жергілікті тауар өндірушілердің қызметін сатып алуды қолдау болып табылады деп атап өтті. Сонымен бірге ол ағымдағы жылдың сәуірінде облыс әкімдігі, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы  және өңірдің ірі кәсіпорындары арасында ірі кәсіпорындар маңындағы ШОБ дамыту жөніндегі серіктестік бағдарламаға қол қойылғанын еске салды. 

«Біз жергілікті кәсіпкерлер арасында өндірушілердің жаңа тобын құруымыз қажет, бұл біздің өңірде өңдеуші орындардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елбасы бізге берген тапсырмасында осы жайлы айтты, біз алға қойылған барлық міндетті соңына дейін жеткізуге тиістіміз»,– деген облыс әкімі Серіктестік бағдарламаны жүзеге асыру комиссиясының жұмысын күшейтуді тапсырды. 

Мәжіліс соңында Ақтөбе облысы әкімдігі және кәсіпорын басшылары арасында ШОБ-тың ірі бизнеспен бірге жергілікті қамту үлесін, өңір резервтерін ұлғайтуда, «Ақтөбе» индустриалдық аймағына әлеуетті инвесторларды тартуда одан әрі кооперациялық өзара іс-қимылдарға арналып жүзеге асатын жобалар бойынша меморандумдар жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер