«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Мемлекеттік сатып алу: берілген уәденің бос сөз болғаны ма?

2016 жылғы 08 Тамыз
- Қостанай облысы
10842 просмотров

Қостанайлық фирма мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 52 млн теңгені сот арқылы қайтарып ала алмай жүр. Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары заңдағы қарама-қайшылықтардың кесіренен басқа да кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін екенін айтып отыр

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте осы мәселе талқыланды. Бұл жағдай өткен жылдың басында, «Промтройскомплект» компаниясы «Достық» тұрғын үй аумағындағы демалыс орталығын қайта жаңарту жобасын жүзеге асыру үшін тендер ұтып алған күннен басталған. Жалпы сомасы  – 14 млн теңге. Жұмыс орындалғанмен, ақшасы берілмеген. Әкімдік бюджетті қысқартуға жіберген.

2015 жылдың қыркүйегінде компания тағы бір тендер ұтып алады. Бұл жолғысы, Қостанай қаласының индустриялық аймағына арналған инженерлік коммуникация құрылысының  жобасы бойынша болған. Сомасы – 105 млн теңге. Тапсырманы орындауға кіріскен кезде жағдай тағы да қайталанады. Тағы да бюджеттен бөлінген қаржыны қысқартып тастайды да, мемлекеттік тапсырма қайтадан тоқтап қалады.

Нәтижесінде, әкімдік компанияға 52 млн теңге қарыз болып қалады. Кәсіпкер сотқа жүгінгенмен, еш көмегі тимейді. Заң тұрғысында фирма бекерге жұмыс істеген болып шығады. Себебі заң бойынша, мемлекеттік сатып алу келісімшартын тапсырыс беруші келісім жасалғаннан кейін, бес күн ішінде қазынашылық органдарына барып тіркеуге міндетті. Бірақ құрылыс бөлімі олай істеген жоқ. Кеңес мүшелерінің «Неге?» деген сауалына, әкімдік өкілі: «Бізге ақша қысқарады деген ақпарат жетті», – деп жауап қатты.

«Сонда бұл жағдайды алдын-ала біле тұрып, ашығын айтқанда, мені лақтырып кеттіңіздер ме?! Мен «қатыгез» адам емеспін. Біреудің жазаланғанын қаламаймын. Бірақ маған нәтижесі маңызды. Менің адал еңбегіммен тапқан ақшамды қайтарсаңыздар болды, басқасы керек емес. Ол жерде қаншама адам жұмыс істеді. Осы үшін қаншама уақыт кетті, қаншама күш жұмсалды», – деді «Промтройскомплект» ЖШС директоры Александр Когай.

Бұл мәселе кеңірек талқылауға кездейсоқ түскен жоқ. Әкімшілік кодексте уақытында келісімшартты тіркемеген жағдайдағы жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл дегеніміз, осы сынды оқиғалар қайталана береді деген сөз. Сол себептен де Кеңес мүшелері «Атамекен» ҰКП арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 207-бабына өзгеріс енгізу керектігін айтты. Мемлекеттік қызмет департаментінің өкілдері өз ведомстволары арқылы олқылықтардың орнын толтыруға уәде берді.

«Біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мәселелерін талдап, тіркеу мерзімін сақтау қажеттілігі туралы нұсқаулықтарды әзірлеп мемлекеттік органдарға жібереміз», – деді департамент басшысы Асхат Ескендіров.

Әкімдік қызметкерлерінің құқық бұзу ісінің жауапсыз қалу-қалмауы, ашық мәселе. Келісімшартты тіркеуге жауапты қызметкер, қазір ол жерде жұмыс істемейді. Сондай-ақ Кеңес мүшелері жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетінде құқық бұзушылық әрекетенің бар-жоғын тексеруді жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді. Ал фирманың өзіне Палата қызметкерлері заңдық негізде көмек көрсетуді жалғастырмақ. Өйткені компания тапсырысты орындалуын қамтамасыз ету үшін салған қаражатының,  тіпті,  2 млн теңгесін ала алмай отыр. Бұл соттың кәсіпкерге қайтарылуы тиіс деп қаулы еткен сомасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер