«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей...

2016 жылғы 08 Тамыз
- Қостанай облысы
11650 просмотров

Қостанайда мүгедектер жиі баратын нысандар қатарына енгізілмеген дәріханаға, пандустың жоқтығына бола 840 мың теңге айыппұл салынды

Өңірдегі ірі дәріханалар желісі саналатын «Фармаком» Импэкс» ЖШС-ға айыппұлды Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде салды. Оны келіп түскен шағымнан кейін тексерген. Бірнеше себепке бола тағылған жазамен келіспегендіктен, компания басшысы Владимир Петросов сотқа жүгінді. Ол себептерді бизнесмен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысында атап берді. Ол жиында аталған мәселе талқыланған-ды.

Бизнесменнің мәлімдеуінше, дәріхана орналасқан ғимарат 2001 жылы салынып, ресми түрде пайдалануға пандуссыз берілген. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заң 2005 жылы шықты, сол жылдан бастап компания жаңа дәріханаларды пандуспен сала бастаған. Одан бұрын салынғандары 2012-2018 жылдарға арналған Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар жоспарына енгізілген, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне қарай қайта жарақтандырылған.

«Алайда айыппұл салынған дәл сол дәріхана жоспарға енбеген, яғни ол бойынша бізде ешқандай міндеттеме болған жоқ. Егер ол қайта құруға жататын болса, сәулет, жер комитеті т.б. тарта отырып, мәселе кешенді түрде шешілуі тиіс. Ол дәріхана панельді үйде орналасқан, есіктің ойығы 90 сантиметр, оны кеңейтуге мүлде тыйым салынған. Бұл жағдайда тексеру тәртібі мен үшін мүлде түсініксіз. Жанымызда пандуссыз ондаған нысандар, дүкендер мен дәріханалар орналасқанмен, дәл бізге ғана айыппұл салынды», – дейді Владимир Петросов.

Тағы бір дәлел ретінде кәсіпкер мүгедектердің инфрақұрылымдық нысандарға кедергісіз қол жеткізу үшін мемлекеттік стандарттың жоқтығын келтіріп отыр. Яғни, салынған пандустың барлық нормаларға сәйкес келіп, бақылаушы органдардың одан кейін ескерту жасамайтындығына ешқандай кепілдік жоқ. Өз кезегінде, әлеуметтік қорғау департаментінің өкілдері бүгінгі таңда мемлекеттік стандарттың орнын құрылыс нормалары мен ережелері басып отыр дегенді алға тартады. Ал шағымға жауап қатпауға құқылары жоқ. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте жауапкершіліктің айыппұл сипатындағы нақты түрлері қарастырылған.

«Фармаком» Импэкс» ЖШС-ның арызы бірінші сот отырысында қанағаттандырылмай қалды, істі енді аппеляциялық алқа қарайды.

«Мүгедектердің құқықтары сақталуы тиіс, бұл жөнінде мәселе тіпті жоқ. Мұндағы кілтипан заңда. Әлеуметтік қорғау туралы заңда егер ғимаратты қайта жарақтандыруға мүмкіндік болмаса, оны барынша мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне қарай бейімдеу қажет деп жазылған. Алайда қалай барынша? Мұнда да нақты өлшемдер жоқ. Сондықтан біз кәсіпкерлерге жеткізу үшін, Министрлікке түсіндіріп беру туралы өтініш жібердік», – деп мәлімдеді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатсының директоры Самат Сәдуақасов.

Отырыс соңында Кеңес Палатаға фирмаға заңдық қолдау көрсетуге, ал Еңбек комитеті департаментіне бизнес субьектілері арасында мүгедектердің құқықтарын қорғау бойынша заңнамадағы талаптарды сақтау қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге кеңес берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер