«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Сот болмайды: «SANTO» компаниясына қарсы шағым кері қайтарылды

2016 жылғы 27 Қыркүйек
13078 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі ірі фармацевтикалық зауытқа араша түсті

Дәрілік препараттар мен медициналық техникаларды сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор болып табылатын «СҚ-Фармация» ЖШС бірден 14 ірі фармацевтикалық компанияға қарсы жауапсыз жеткізуші деген айып тағып, талап-арыз түсіріп отыр.

Бұл тізімге, Қазақстан Республикасы фармацевтика нарығының көшбасшысы, шымкенттік «SANTO» («Химфарм» АҚ) компаниясы да еніп кеткен.

Аталған компанияға қарсы шағым түсіруге 4 дәрі-дәрмекті кешіктіріп жеткізуі себеп болып отыр. «SANTO» өз кезегінде дистрибьюторды бұл жағдайдан өз уақытында хабардар еткен және де аталған дәрі-дәрмектердің нарықтағы тапшылығын болдырмау үшін бір мезетте барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сотқа дейінгі тәртіппен нақты жағдайда шешуге тырысқан. Ал дәрілік заттарды жеткізу уақытының өзгеруі, фармацевтикалық саланың бақылау рәсімін жүргізу стандартына байланысты болған. Алайда дистрибьютор компанияның осы дәлелдері мен түсініктемелеріне назар аудармаған.

Мұның салдары өте қиын болатын еді. Мысалы, фармацевтикалық компания жауапсыз жеткізуші болып мойындалса, кәсіпорын жұмысын тоқтатып, осы саладағы жоғары білікті мамандар жаппай қысқартылып, миллионнан астам инвестициялар жоғалып, ақыр аяғында еліміздің дәрімен қамту саласына қауіп төнер еді.

Фармацевтикалық компанияның басшылығы осы мәселеде қолдау білдіруін өтініп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. «Атамекен» ҰКП шағым түсірілген барлық компанияларды қорғау мақсатында бірыңғай ұстанымды қалыптастырып, «СҚ-Фармация» ЖШС-мен жүргізілген барлық келіссөздерде медиатр рөлін атқарды. Сондай-ақ, Палата ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарымен, инвестиция және даму министрінің орынбасарымен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму  министрлігінің өкілдерімен жоғары деңгейдегі кездесу ұйымдастырды.

Осының нәтижесінде барлық компанияларға, соның ішінде «Santo» компаниясына қарсы түсірілген талап-арыз кері қайтарылады.

Осыдан бір ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы осы фармацевтикалық компанияда туындаған тағы бір мәселені шешіп берген. «ҚазТрансГаз Аймақ» газ компаниясы фармацевтикалық кәсіпорынға газ жеткізуді тоқтатпақ болады. Белгілі болғандай, бұған «Химфармның» жаңа қазандықтарды орнатуға қатысты газ компаниясымен арадағы келіспеушілігі себеп болып отыр. Сонымен қатар, фармацевтикалық кәсіпорынға 23 миллион теңге айыппұл салынған. Екі компания арасындағы келіссөздер одан сайын шиеленісе түседі. Палата сарапшыларының араласуынан кейін бұл мәселе өз шешімін табады. Нәтижесінде, газ жеткізу тоқтатылмайды, сондай-ақ айыппұл сомасы 23 миллионнан 7,8 миллионға дейін төмендетіледі. Фармацевтикалық компания өз жұмысын одан әрі жалғастырады.

Фармацевтикалық кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуінің еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін бірнеше дәйектер келтірейік.

Кәсіпорын әлемдегі ең көне фармацевтикалық өнім өндіруші болып табылады. 2017 жылы зауыт өзінің 135 жылдығын атап өтпек. 19 ғасыр мен 20 ғасырдың басында Жапония, Индия, Германия, Англия және тағы басқа елдерге сәтті экспортталған сантонина өндірісінің арқасында, шымкенттік зауыт әлемге әйгілі болды.

1922 жылы зауытта техникалық морфин өндірісі басталды. Келесі жылдарда кәсіпорын өндірісін кеңейтіп, дәрілік заттардың 70-тен астам түрін шығарды. Осылайша Ресей, Беларусь, Украина және Балтық елдеріндегі фармацевтикалық компанияларының негізгі шикізат базасы мәртебесіне ие болды.

1993 жылдан бастап кәсіпорын «Химфарм» АҚ болып аталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін компания дайын дәрілік өнім шығара бастады. Ол Республикада фармацевтика өндірісін құрудың негізгі бастамасы болды.

2011 жылы «Химфарм» АҚ Польшадағы және Еуропадағы ең ірі халықаралық фармацевтикалық холдингтердің бірі – «Польфарма» компаниялар тобының құрамына енді.

Инвестор келгеннен кейін Шымкенттегі «SANTO» зауыты заманауи технологиялар мен инвестицияларға қол жеткізді. Сондай-ақ халықаралық сапа стандарттарына сай дамудың жаңа мүмкіндіктерін иеленді. Бүгінде «Химфарм» АҚ-да қазақстандық фармацевтика индустриясы тарихындағы ең ірі инвестициялық бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оны қаржыландыру 100 млн АҚШ долларынан асады.

Зауыт «Польфарма» компаниясының бөлшегі бола отырып, Қазақстан Республикасының аумағында дайын дәрілік заттарды өндіріп жеткізеді.

«Химфарм» АҚ қазақстандық фармацевтика өнімдерін өндірушілердің арасында алдыңғы орындарды иеленеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде сатып алынатын дәрілердің әрбір үшіншісін «Химфарм» АҚ өндіріп және жеткізіп отыр.

«Химфарм» АҚ-ның өндірістік қуаты италяндық, неміс, оңтүстіккореялық және басқа да халықаралық өндірушілердің соңғы үлгідегі техникаларымен жабдықталған және де заманауи талаптарға сай жасалған. Компанияның өндірістік қуаты күніне 1,2 миллиард таблеткалар, капсулалар және түйіршіктер, 300 миллион ампула, 48 миллион құты антибиотиктер, 24 миллион құты шәрбат пен 6 миллион пакеттер және инфузиялық ерітінділерді шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол терапия салаларындағы түрлі ауруларды емдеу үшін 200-ден астам генерикалық және бірегей дәрілік заттарды өндіреді.

«Польфарма» тобының бақылаушы кеңесінің президенті Ежи Старак Қазақстан Республикасы жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің фармацевтика өндірісін ұсынатын жалғыз мүшесі болып табылады.

Сондай-ақ «Химфарм» АҚ Қазақстандағы фармацевтика индустриясындағы ең ірі жұмыс беруші болып есептеледі. Өйткені ҚР-ның 1100-ден астам азаматын жұмыспен қамтып отыр. Және де компания Қазақстан Республикасының фармацевтика саласындағы ірі салық төлеуші.

«Химфарм» АҚ-да Қазақстандағы ең үздік ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Ол өз кезегінде өз күшімен жаңа дәрілік заттарды өндіріп шығаруға мүмкіндік береді.  Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында үлкен және шағын мөлшерде парентеральды ерітінділер өндіру үшін өндірістік кешен іске қосылды (дәрілік заттарды ампулалар және инфузиялық пакеттерде шығару цехы). 2016 жылы антибиотик ұнтақтарын шығаратын жаңа зауыттың алғашқы желісі ашылды. 2016 жылдың маусымында GMP талаптарына сай цехтың 1 желісі сертификатпен расталды. Қыркүйекте жаңа цехының екінші желісі іске қосылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер