«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Неге мемлекеттік балабақшалардың тәрбиешілері ғана тегін оқытылады?

2016 жылғы 30 Қыркүйек
9829 просмотров

Төралқа мүшесі Талғат Доскенов Қазақстандағы жекеменшік балабақшалар өкілдерінің құқықтары бұзылып жатқанын айтты

Астанада «Экономиканың индустриалды-инновациялық дамуы және қоғам талаптарына сай кәсіби білім мамандарын даярлау жүйесін жандандыру» тақырыбында халықаралық форум өтті. Шара шеңберінде «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «StudyInn» білім беру холдингімен бірлесе отырып, «Халықаралық білім – адам капиталын дамыту құралы» атты көрме өткізді.

Көрменің басты мақсаты – қазақ және алдыңғы қатарлы әлемдік білім беру мекемелерімен ғылым, білім және инновациялық технология салаларындағы әріптестік қатынастарды нығайту. Сонымен қатар, көрме жоғарғы оқу орындарында оқу мүмкіндіктері туралы кешенді ақпаратты ұсыну мен Қазақстан кәсіпорындары базасында тәжірибеден өту мақсатын көздейді.

Сондай-ақ, «Халықаралық білім – адам капиталын дамыту құралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының ректорлары, бизнес-қауымдастық өкілдері, HR-менеджерлер қауымдастығы, түрлі ведомстволық құрылымдар қатысты. Басқосу барысында кәсіби білім сапасы, мамандарды даярлау және қайта даярлаудан өткізу, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

«Біздің елде жекеменшік және мемлекеттік мекемелердің конституциялық тепе-теңдігі бұзылған. Мысалы, жекеменшік білім беру мекемелерінің тәрбиешілерін «Өрлеу» жүйесінде тегін оқытпайды, онда тек мемлекеттік балабақша мекемелері өкілдерін оқытады.  Бұл әділетсіз», – деді «Атамекен»  ҰКП Төралқа мүшесі Талғат Доскенов.

Ол, өз кезегінде, қазақстандық бүлдіршіндерге жақсы жағдай жасау үшін мемлекет жекенменшік балабақшаларға  қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, Талғат Доскенов еліміздегі  орта мектептер «барлығы қоңырау арқылы іске асырылатын» фабриканы еске салатынын жеткізді. ҰКП өкілі балалардың шығармашылық ойлау қабілетін дамыту қажеттігіне тоқталды.

Оның айтуынша, қазақстандық 10 университетте бақылау кеңестері жұмыс жасайды екен. Кеңес жұмысына «Атамекен» палатасының өкілдері де қатысады. «Мәселенің мәні мынада. Бүгінгі таңда бизнес жоғары мектептің даму стратегиясын анықтауы тиіс. Себебі, түлектер оқу бітірген соң, бізге келеді», – деді Доскенов.

Кездесуде, сонымен қатар, «Шетелде білім алу» халықаралық білім көрмесінің директоры Назым Орсолы да өз пікірін ортаға салды. «Бізде Палата өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Онда біз қазақстандық студенттерге қосымша қызмет көрсетеміз деген келісімге келдік. Қазіргі таңда біз ұзақтығы 1 айдан бір жылға дейінгі уақытты қамтитын ақылы әрі тегін тағылымдамаларды ұсынудамыз», – деп атап өтті ол.

Назым Орсолы қазақстандық компаниялар өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында шетелге жіберетіндіктерін алға тартты. «Көрмеге келер болсақ, менің білуімше, бұл білім беру мектебі мен корпорация күш біріктірген алғашқы жағдай. Мен мұндай жағдайдың орын алғанына қуаныштымын», – деді.

HR-менеджер Өркен Қарақұлов, өз кезегінде, Қазақстанда қызметкерлерге білім беруді қаржыландыру қалдықтық принципке сүйенетінін жеткізді. «Егер компания қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келіп жатса, онда ең бірінші болып, осы аталған сектор қысқартылады. Кәсіпорынның қоршаған ортаның өзгертілген жағдайларына бейімделу қабілеті оның экономикалық жағдайының сау екенінің белгісі. Сондықтан, қызметкерлерді оқыту бірінші орында тұруы тиіс. Себебі, білікті қызметкерлердің арқасында белгілі бір мекемелік өзгерістер жасап, мекемені жаңа жағдайларға бейімдеу жеңіл», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер