«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Білікті құрылысшыларды бірлесе дайындау қажет

2016 жылғы 19 Қазан
- Ақмола облысы
5656 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында колледж және кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен құрылыс саласындағы мамандар тапшылығы мәселесі талқыланды

Палата сарапшылары құрылыс саласы мамандарын даярлайтын білім беру мекемелері мен осы салаға қатысты ұйымдарды шақырды. Бүгінде құрылысшыларға сұраныс күн санап артқанымен, ұйымдар мен колледждер арасындағы өзара байланыс жоқтың қасы. Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Айжан Тәжмиеваның мәлімдеуінше, мәселені оңтайлы шешу үшін дуальды білім беруді енгізу керек. Оның айтуынша, аталған бағыт осы салаға оң өзгерістер алып келген. Мәселен, тігін өндірісі саласында – «Диас» фабрикасы бүгінде үш колледжден арнайы тәжірибеден өткізу үшін 17 студент алған екен. Салада осы сынды басқа да жетістіктер жетерлік. Осылайша, жақын арада – Көкшетау қаласының мейманханашылар мен рестораторлар қауымдастығы құрылмақ. Сонымен қатар, ірі мейрамханалардың бас аспаздарының оқытушылар мен студенттерге шеберлік сабақтарын өткізуі, колледждерде дуальды білім беру бойынша әлеуметтік серіктестік мақсатында жаңа қоғамдық тамақтану кәсіпорындарын тартуға ықпал ету сынды шаралар қолға алынбақ. Бұл ретте, бірқатар келісімдер де жасалған.

Дөңгелек үстел барысында, қатысушылар дуальды білім беру процесіне кедергі келтіретін тұстарға да тоқталып өтті. Көкшетау қаласы Құрылыс-техникалық колледжінің директоры Алпысбай Омаровтың айтуынша, құрылыс саласы мамандарын даярлау – көп қаражатты қажет ететін сала екен. Осылайша, мәселенің бір ұшы – көптеген кәсіпорындар тәжірибе жинаушыларды қабылдауға бас тартатынына келіп тіреліп отыр. Құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, кәсіпорындар аз уақыт аралығында оларға тиесілі жұмыс көлемін орындап, оны барынша тез аяқтауға асығады екен. Дәл осы себепті, құрылыс мекемелері студенттерге уақыт бөле алмай, оларды үйретуден бас тартады екен.

Десе де, нарықта мамандар қажеттілігі орын алып отыр. Осыған орай, жұмыс берушілерге емтихан комиссияларына белсенді қатысуға, құрылыс саласына қажет мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс беруге, яғни, кәсіпорынның әлеуметтік тапсырысқа белсенді түрде қатысу туралы ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, жұмыс берушілер, өз кезегінде, кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермек. 

Дөңгелек үстел барысында, әлеуметтік әріптестер мен жұмыс берушілер одағы емтиханды бірлесіп өткізу туралы келісімге қол жеткізді. Онда біліктілікті растайтын, жұмыс берушінің қолы қойылған сертификаттар табысталмақ. Бұл ретте, сертификаттар, колледж түлектерінің жұмысқа қабылдануына жол ашатын кепілдеме рөлін атқармақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер