«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Үкімет басшысына сауда саласындағы ұсыныстар жеткізілді

2016 жылғы 19 Қазан
6994 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Сауда комитеті мүшелері ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу барысында осы саладағы маңызды мәселелерді талқылады

Бүгінгі таңда сауда еліміздің барлық жалпы ішкі өнімінің 16%-ын құрайды. Сондықтан мәселеленің маңыздылығы айқын.

Сол себепті Комитет мүшелері сауданы дамыту және сауда саласында заңнамалық реформалар жүргізу жөнінде кешенді салалық бағдарлама қабылдау қажеттілігі туралы бастама көтерді.

Сонымен қатар, сауда саласының өкілдері өнімді сату және бағаның өсуіне жол бермеудің қосымша тетігін қарастыратын көтерме-тарату орталықтары институтын енгізуді ұсынды. Және де баға белгілеу мәселесінде биржалық сауданы дамытудың маңыздылығы туралы айтты.

Сондай-ақ кездесуде сауда-саттықтың жаңа түрі «Көшпелі бизнес» тақырыбы да талқыланды. Сауда комитетінің төрағасы Қайрат Мәжібаев сауданың мұндай түрін енгізудің қажеттілігін атап өтті.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елдегі кәсіпкерлік мәселелерін шешуге байланысты іскерлік көзқарасын білдірді. Сондай-ақ сауда саласының құқықтық базасын оңтайландыру қажеттілігі туралы, жалпы алғанда оны дамытудың кешенді шараларын әзірлеу туралы ұсыныстарды қолдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Дәлірек айтқанда, сауданы дамыту мәселелері бойынша ҚР заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсыныстарын әзірлеу барысында ведомствоаралық жұмыс тобын құру, ҚР Үкіметінің 2017 жылға заң жобасы жұмыстарының жоспарында «Сауда қызметін дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын іске қосу шараларын қолдану тапсырылды.

Үкімет басшысы салалық сауданы дамыту бағдарламасының өміршеңдігін атап өтті. Және де Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық палатамен бірлесіп аталған мәселені жан-жақты қарауға тапсырма берді.

Осымен бірге Премьер аталған секторда тиісті мемлекеттік реттеудің болмауына байланысты биржалық нарыққа қатысушылардың алаңдаушылығын назарға алып, биржалық нарықтың даму маңыздылығын атап өтті. Және осы мәселелерді мемлекетік органдармен және биржалық сауда субъектілерімен бірге пысықтауды тапсырды.

Жалпы, Премьер-Министр ұсынылған тәсілдерді құптап, айтылған мәселелерді мұқият қарастыруды және ҚР Үкіметіне тиісті ұсыныстар енгізуді жүктеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер