«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Аудиторлық қызметті қолдау ма, қыспаққа алу ма?

2016 жылғы 25 Қазан
11594 просмотров

Қаржы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  аудиторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттеу туралы ойлары бір жерден шықпады

ҚР Қаржы министрлігі аудиторлық ұйымдарда сыртқы сапа бақылауын жүргізу үшін Бірыңғай орган құруды ұсынып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл идеяның өзі кәсіби аудиторлық ұйымдар, өзін-өзі реттейтін әлеуетті ұйымдар туралы ұғымды жоққа шығарады деп есептейді. Соған сай Қазақстандағы аудитор мамандығының эволюциялық дамуын тежейді.

«Аудиторлық қызмет – өзін-өзі басқару 23 жылдан бері дамып отырған Қазақстандағы жалғыз сала. Және бүгін белгілі бір қорытынды кезеңге жеткен уақытта Қаржы министрлігі 23 жылдық тәжірибені бұзып, өз жүйесін құрғысы келеді. Оны бизнес-қауымдастық қолдап отырған жоқ», – деп атап өтті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова.

1998 жылдан бастап Қаржы министрлігі аудиторлық ұйымдарды бақылау мен кандидаттарды акредиттеуді аудиторларға жүктегені белгілі. Енді соған қатысты проблемалар туындап жатыр.

Министрлік көрсеткен негізгі мәселелердің бірі аудиторлық ұйымдардың халықаралық аудит стандартына сай келмеуі.

Сонымен қатар қанша аудиторлық есеп заң тұрғысынан жарамсыз деп танылды деген сұраққа Қаржы министрлігі түсінік берген жоқ. Өйткені 1993 жылдан бастап, заң тұрғысынан  бірде-бір ұйым лицензиясынан айырылған емес. Сонымен қатар ведомства емтихан модульдері сапасының төмендігін, білікті Комиссия қызметіне бақылаудың және мемлекеттік органмен келісімнің жоқтығын көрсетіп отыр. «Аудиторлық қызмет туралы» заңнамаға сәйкес, Қаржы министрлігі тиісті құзіретке ие. Өкінішке орай ол саладағы мәселелерді тиімді шешуге қабілетсіз.

Сондай-ақ, Қаржы министрлігі аудитрлік ұйымдармен жүргізілген сыртқы сапа бақылауына қатысты мүдделер қақтығысын атайды. Салалық заңнаманың 21-бабына сай, аудиторлық ұйымдар құзырлы органдар акредиттеген кәсіби ұйымдардың (аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдар) мүшесі болуға міндетті. Акредиттеу сыртқы сапа бақылауы мен Біліктілік емтиханын жүргізу бойынша кәсіби аудиторлық ұйымды (КАҰ) Қаржы министрлігінің ресми мойындауы болып табылады. Қаржы министрлігі КАҰ қызметі бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу құзіретіне ие.

Және министрлік аудиторлық қызметте мемлекеттік ықпалдың жеткіліксіз екенін хабарлайды. Сонымен қатар, салалық заңнамаға сай, Қаржы министрлігі аудиторлық ұйымдар мен КАҰ бойынша реттеуші және қадағалаушы 18 қызметке ие.

Ұлттық палата кәсіби аудиторлық ұйымдар бірлестігінің және кәсіпкерліктің ірі субъектілерінің (оның ішінде халықаралық) басшыларымен бірге өзін-өзі басқаруды енгізудің пайдасын сараптады.

Біріншіден, аудиторлық қызмет саласында өзін-өзі басқаруды енгізу жалғыз құрал болып табылады. Ол өз кезегінде заңнама жаһандану жағдайында аудиторлық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, өзін-өзі реттеу моделіне сай, Өзін-өзі реттейтін ұйымдар (ӨРҰ) өз мүшелігіндегі ұйымдарға жауапкершілікпен қарайды.

Екіншіден, Өзін-өзі реттеуші ұйымдар қоғамдық ұйым ретінде танылады. Сол себепті олар қызметті пайдаланушылар үшін, өз мүшелері мен Қаржы министрлігі үшін  барынша ашық позициясын ұстанады.

Үшіншіден, өзін-өзі басқару кезінде Мемлекет басшысы атап өткен бақылау және қадағалау механизмдері тиімді көрсетілетін болады. Бір жағынан, нарық субъектілерін қадағалау жұмысын кәсіби қоғам жүргізетін болады. Ол аудиторлардың кәсіби деңгейін арттыруды, стандарттау мәселесін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, ӨРҰ қызметін мемлекеттік органдар бақылайды. Мысалы, ӨРҰ-ның қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін мемлекеттік жауапкершілік шараларын енгізу (ӨРҰ қызметін тоқтату, реестрдан шығару. Осылайша бірқатар мәселелердің алдын алуға болады).

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дәйектеуінше, Бірыңғай органды енгізген жағдайда нарық субъектілеріне үш есе жүк артылады. Қазір жүктеме екі есе: лицензиялау бойынша Қаржы министрлігінің бақылауы және әлеуетті ӨРҰ бақылауы. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиімсіз лицензиялауды қысқартып, ал әлеуетті ӨРҰ бақылауын ресми етуді ұсынып отыр. Осылайша олар өздері жүргізген бақылаудың сапасына жауап береді.

«Аудиторлық қызметтің эволюциялық дамуына Қаржы министрлігі қасақана нұқсан келтіріп отыр деген ой қалыптасады. Сондай-ақ аталған салада өзін-өзі басқару институтын жандандыруға ниетті емес екендігін көрсетеді», – деп атап өтті Айжан Бижанова.

Сондай-ақ, оның айтуынша министрлік өз әрекетін «Бірыңғай орган – отандық аудиторлық ұйымдарды Кедендік одақ бойынша көршілердің жауапсыз бәсекелестігінен қорғай алады» деп ақтап отыр. «Шын мәнінде бірыңғай кеңістікке линцезияның немесе «Бірыңғай органмен» (Қаржы министрлігі ұсынып отырған) жүргізілген ерекше бақылаудың болуы  маңызды емес. Ұлттық заңнамамен берілген рұқсаты бар кез-келген аудитор өзінің аудиторлық қызметін халықаралық келісіммен қосымша кедергілерсіз ұсынылған аумақта жүргізе алады. Біз өзіміздің аудиторлық ұйымдарымызды кәсіби деңгейін арттыру арқылы қорғай аламыз. Өзін-өзі реттеу ұйымдары мен оның мүшелерінің жұмысына аудиторлық қызметті пайдаланушы ғана баға бере алады. Сол себепті болашақта аудиторлық қызметті жақсарту жұмыстары тұтынушылардың сенімін арттыруға бағытталуы керек», – деді сарапшы.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі ұсынып отырған ұйымның ашықтығы күмән тудырады. Өйткені ол квазимемлекеттік ұйым ретінде құрылады. Және де Бірыңғай органның құрамы тәжірибесіз аудиторлармен толықпақ. Яғни, олар бір кездері лицензия алғанымен, қазір аудиторлық қызметпен айналыспайтындар. Осы орайда тәжірибесіз аудиторлар әккі аудиторларды бақылай ала ма деген сұрақ туындайды.

Мемлекеттің саясаты мемлекеттік бақылауды қысқартуға бағытталғанын ескере отырып, аудиторлық қызмет саласында өзін-өзі басқару институтын енгізу тиімді реттеу болып табылады.  Сонымен қатар аудитордың кәсіби деңгейін және аудиторлық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Сол себепті Ұлттық палата аудиторлық қызмет субъектілерімен бірге баламалы амал әзірлемек. Ол жақын арада Ұлттық экономика министрлігіне, сосын Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер