«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Мұрат Әбенов: «Қаражаттың көп бөлігі ғылымның қолданбалы саласына жұмсалуы керек»

2016 жылғы 31 Қазан
- Шымкент қаласы
15289 просмотров

Кентауда отандық және шетелдік ғалымдар мен өндірушілер жоғары технологиялық өндірісті дамыту үшін, оған инновациялар енгізу қажет деген тоқтамға келді

Қазақстанда ғылым мен бизнес бір-бірінің тілін түсінбейді. Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасының ұйымдастырумен өткен халықаралық «Industrial Synergy 2016» ғылыми-техникалық конференциясына қатысушылар осындай қорытынды жасады.

«Қазақстандағы жоғары технолгиялық өндірістер мен инновацияларды дамыту» атты конференция Кентау трансформатор зауытында өтті. «Alageum Electric» холдингтік компаниясының инновациялық технологиялары енгізілген дәл осы жерге алыс және жақын елдерден 200-ден астам ғалымдар мен өндірісшілер келді. Олардың барлығы да жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға инновациялар енгізуге қатысты мәселелерді сөз етті.

Конференцияға қатысушылардың ойы бір арнада тоғысты: бүгінде экономиканы  инновациялар енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, адами капиталды жақсарту және барлық жұмысты дұрыс ұйымдастыру арқылы ғана дамытуға болады. Алайда, Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражат жыл сайын азаюда. Егер мемлекет бұл мақсаттарға бірнеше жыл бұрын 35 млрд теңге, ал алдыңғы жылы 33 млрд теңге бөлсе, биыл бар болғаны 29 млрд теңге бөліп отыр.

Әрине, технологиялар мен дайын бұйымдарды басқа елдерден сатып алу арқылы үлкен ғылымсыз-ақ күнелтуге болады. Алайда еліміздің әлеуеті мен амбициясы тым биік. Егер бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгіміз келсе, экономикалық, ғылыми-техникалық жағынан артта қалғымыз келмесе, ғылымға бөлінетін қаражатты арттыруға тура келеді. Бүгінде әлемде елдің бәсекеге қабілеттігін ғылым мен ғылымды қажет ететін өндіріс қана анықтайды, десті конференцияға қатысушылар.

«Бұдан бөлек, қаражат аз бөлінгенімен қоймай, ол қаражаттың өзі тиімсіз жұмсалады, – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов конференция барысында. – Бүгінде көп қаражат қолданбалы ғылымдарға емес, іргелі ғылымдарға бөлінуде. Яғни қаржы қандай да бір нақты жобаларды іске асыруға, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға емес, ел экономикасына ешқандай пайда әкелмейтін теориялық зерттеулерге жұмсалып келді. Сондықтан бүгінгі таңда қаражаттың көп бөлігі қолданбалы салаға жұмсалуы керек».

Мұрат Әбенов мемлекет тарапынан ғылымға бөлінген қаржы көлемінің азаюына тағы бір мәрте назар аудартып өтті. Ол 2015 жылы ол ЖІӨ-нің 0,17 –сіне тең болған, бұл 1%-дық деңгейден де төмен. Осы қаражаттың өзін игеру кезінде бизнес пен ғылымның арасында өзара түсіністік болмағандықтан, өнеркәсіпшілердің сұраныстары жиі ескеріле бермейді. Өзге елдердің зерттеулерге жұмсайтын ЖІӨ-дегі үлесі үлгі тұтарлықтай. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің ғылымға жұмсалатын үлесі жағынан Израиль (3,9%), Финляндия (3,5%), Швеция (3,4%), Дания (3,0%), Германия (2,9%) сынды мемлекеттер алдыңғы бестіктен көрінді. ЖІӨ-дегі ғылымға жұмсалатын шығын деңгейінің рейтингісінде АҚШ 8-орынды, Қытай 14-орынды, Ресей 25-орынды, Ұлыбритания 17-орынды, Жапония 39-орынды, Қазақстан 70-орынды иеленген.

Айтпақшы, Қазақстанмен жоғарыда аталған мемлекеттердің арасындағы айырмашылық – елімізде ғылымға кететін қаржының басым бөлігін мемлекет бөлетін болса, оларда аталған қаражатты жекеменшік фирмалар мен корпорациялардың бөледі екен. Біздегі бизнес ғылымға ақша құятындай деңгейге жеткен жоқ, оны түсінуге де болады: тәуекелдер мен шығындар көп, ал нәтижелерді кепілдендіру мүмкін емес. Бизнесті осыған қалай ынталандыруға болады, ғылымды мемлекет тарапынан  қаржыландырудың тиімділігін арттыру үшін қайтпек керек деген мәселелер конференцияға қатысушыларды ойландырып тастады.

Мәселен, ҰКП ғылыми, өндірістік және мемлекеттік институттардың әлеуетін біріктіретіндей, бірыңғай ақпараттық алаң құруды жоспарлап отыр. Сол арқылы ақпараттық және әдістемелік көмек көрсетуге болады.

Конференцияда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатты пайдаланудың ашықтығы да сөз болды. Инновациялар енгізуге тартылған қаржылар қайда кетіп жатыр? Олар неге жұмсалды, неліктен біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті емес? Конференцияға қатысушыларға ғылымға жұмсалған сол қаражаттарға аудит жүргізу ұсынылды.

«Біздің әңгімемізге министрліктердің, түрлі мемлекеттік институттар өкілдерінің қатысқаны қуантып отыр, олар мәселенің бар екенін мойындауда. Ғылым мен бизнес бір тілде сөйлесіп, мұндай өзара әрекеттесудің бәріміз үшін пайдалы екенін түсіне отырып, бір-біріне құлақ асулары қажет. «Ғылым, өндіріс және мемлекеттің» өзара әрекеті берігірек бола түсуі үшін, жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту керек. Осындай тізбекте ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады» – деп кездесуді қорытындылады Мұрат Әбенов.

Айтпақшы, «Alageum Electric» – бәсекеге қабілетті болу үшін, ғылыми зерттеулерге өзі қаражат құятын аз ғана кәсіпорындардың бірі. Бірнеше жыл бұрын ғана компанияның 700 қызметкері 10 миллион доллардың өнімін шығарып келсе, қазір қызметкерлер саны 1200-ге жетіп, өнім шығару 100 миллион долларға жеткен. Штатты екі еседей ғана арттырғанның өзінде кәсіпорынның түсімі 10 есе көбейіп отыр. Бұған инновацияға қаражат құю арқылы қол жеткізілген. Бүгінде «Alageum Electric» компаниясының жеке колледжі бар. Онда ғылыми институттармен тікелей әріптестік орнатылған әрі бұл өз нәтижелерін беріп жатыр. Мұндай өзара әрекеттестік барлық компаниялар үшін үлгі болмақ. Бұл тәжірибені басқа да жетекші кәсіпорындарға тарату туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер