«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Жүйеде қате қайдан пайда болды?

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Қостанай облысы
7246 просмотров

Ауыл кәсіпкері бір жыл бойы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын маманының қателігінен, асыл тұқымды бұқаға берілетін субсидияны ала алмай келген

Кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгіннен кейін ғана кәсіпкердің мәселесі шешілді.

Мәселе 2015 жылы басталған, дейді Ұзынкөл ауданы «Шолпан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұрмағамбетов. Дәл сол уақытта шаруа малды асылдандыру мақсатында, бұқа сатып алған көрінеді. Әріптестері сияқты, бұқаны сатып алуға кеткен қаражаттың бір бөлігін, шаруа мемлекеттік субсидия арқылы қайтарып алмақ болған. Алайда 2016 жылдың басында аудандық «Ветеринария» МКК-ға (мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына) барған ол, Ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру (АМС) базасында, бұқаның «сойылған» мал есебінде тіркелгенін білген. Ондағылар, тіпті, кәсіпкерге ешқандай субсидия берілмейтінін айтқан.

Кәсіпкер «сойылған» малдың аталған тізімге қалай тіркелгенін өз бетінше білуге тырысқан, алайда мұнысынан түк шықпаған.

«Бұның қолдан жасалған қателік екені айдан анық. Сол себепті мен арнайы мемлекеттік кіріс мекемесіне де, облыстық әкімдікке де бардым. Маған көмек беремін деп уәде берді. Алайда, апталар, айлар өтіп жатса да, мәселе сол күйі шешілмеді», – деп шағымданды Нұрлан Нұрмағамбетов.

Іс шешілмеген соң, мәселені Кәсіпкерлер палатасы филиалы сарапшылары қолға алған.  Сарапшылар ең алдымен, «Ветеринария» МКК-ға сұрау жібереді, ондағылар мұның бәрі маман қателігінен болғанын айтып, оның әдейі істемегенін, кездейсоқ жағдай екенін түсіндіріп ақталған екен. Мәселенің анық-қанығына жетуге, мамандар көп күш салмаған да көрінеді. Себебі, жоғарыда атап өткен АМС мәліметтеріне сәйкес, бұқадан «сойылғаннан кейін» қан сараптамасын алған екен. Осылайша, ведомстводағылар олқылықтың орнын толтырып, бизнесменге жыл соңында субсидия беріпті. Десе де, Кәсіпкерлер палатасымен жұмыс жасайтын прокуратура өкілдерінің өтінішімен, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Алайда аудандағы АМС жүйесіне қатысты келеңсіздіктер мұнымен таусылмаған. 2016 жылы Палатаға, дәл осы сияқты, жаңадан құрылған «Дива» ауылшаруашылық кооперативі шағым түсірген. Кооператив тіркелгеннен кейін, олар несие алып, үш сиыр сатып алмақ болған. Алайда кәсіпкерлер сиырларды электронды базада тіркемек болғанда, АӨК атына төрт бұқаның тіркелгені анықталған.

«Олар қайдан пайда болды? Бұдан бәрі хабарсыз болып шықты. Ал, оның қайдан шыққанын білу мақсатымен, хат жолдағанымызда, оны қараудан бас тартты. Сосын прокуратураға шағым түсірдік. Себебі, бұқалар базада жайдан-жай пайда болмайды ғой. Сөйтсек, малды кәсіпорын маманы тіркеген екен. Және ол тіркелгендер бұқалар емес, сиырлардың бұзаулары болып шықты. Ал, заң жүзінде олар кооператив меншігіне жатпайтынын да ескерген жөн. «Ветеринария» МКК мамандары қателікті жоюға келісімдерін беріп отыр. Бірақ олар бұқаларды базада сатылып кетті деп тіркемекші.  Мұндай шешім, қосымша салық төлеуге әкелетінін білесіздер. Сол себепті, мәселені тез арада шешу үшін, барлық мүдделі тараптар, аудандық әкімдік те кірісетін болды.  Қысқасы, аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы тексеру жүргізіп, МКК қателігін дәледемек. Осылайша ведомствоны  125 АЕК көлеміндегі әкімшілік жауапкершілікке, ал кәсіпорын қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тартпақ», – деді Кәсіпкерлер палатасы Ұзынкөл ауданы филиалының директоры Болат Жұмабаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы облыстың Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдар мен мекемелер тарапынан орын алған келеңсіздіктерді шешуге қатысты екі жүзден астам өтініш түскен. Олардың жартысынан астамы кәсіпкерлер пайдасына шешіліп, бизнес иелерінің экономикалық жетістігі 1 млрд 200 млн теңгені құраған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер