«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Күмбірлеген күйге ұласатын бизнес

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Қостанай облысы
5717 просмотров

Облыста «Идеялар жәрмеңкесі» жобасының жеңімпазы анықталды

Жолдасымен бірге Қостанайдан домбыра жасайтын цех ашқысы келетін Анар Есенеева жеңімпаз атанды.

Ерлі-зайыптылар қолөнердің бұл түрімен бұрыннан айналысып келеді. Ұлттық қолөнерді отағасы Жәнібек тоқсаныншы жылдардың басында меңгерген екен. Содан бері бұл күрделі хобби аз болса да, тұрақты табыс әкелуде. Бір музыкалық аспаптың құны – 25 мың теңгеден жоғары. Ағаштың айрықша түрлерінен жасалатын қымбат тапсырыстар да, сонымен бірге алтын жалата жасайтын бірегей тапсырыстар да кездеседі. Бір домбыраны Жәнібек кемінде бір ай жасайды, себебі ағашты ол өз қолымен жонады.

Міне, сондықтан да отбасы станоктар сатып алып, іс қарқынын тездету қажет деген шешімге келген. Олар толыққанды бизнес бастауды ниет етіп, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер курсынан» өтеді. Одан соң «Жәрмеңкелер идеясы» жобасына да қатысады.

«Неге осыны қолға алмасқа деп ойладық. Цех ашу үшін шамамен үш миллион теңге қажет екеніне көз жеткіздік. Бұл қаражаттың бір бөлігі өзімізде бар. Қалғанын мемлекеттік бағдарлама арқылы алуды жоспарлап отырмыз. Грант ұтып алсақ тіптен жақсы», – дейді Анар Есенеева.

Үздік стартап жобаны байқау комиссиясы анықтаған. Оның құрамына Палатаның, бизнес-құрылымдардың, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқарманың және банк филиалының өкілдері енді. Ережеге сәйкес, «Жәрмеңкелер идеясында» жеңіске жеткен бизнес-жоспар бірден түрде өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына жіберіледі. Онда «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы арқылы грант беру туралы шешім шығарылады.

Тіптен бұл грантты ұтпаған жағдайда да, Анар бұл істі бастауға деген ниетінен бас тартпайтынын айтып отыр.

«Әлбетте, қаражат қажет. Бірақ біз үшін бастысы бұл емес. Қазіргі күні ұлттық тарихқа, ұлттық салт-дәстүрге деген қызығушылық артып келеді. Еліміздің оңтүстігінде бұл кәсіп кеңінен дамыған. Біз жолдасымыз екеуіміз Қостанай облысында ұлттық аспаптарды шығаратын өз шеберханамыз болғанын қалаймыз. Біздің өңірде де бренд қалыптасқанын армандаймыз», – дейді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер