«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Эльдар Жұмағазиев: «Бизнестің 67% өз қызметкерлерінің біліміне қаражат жұмсауға құлықсыз»

2017 жылғы 22 Ақпан
8887 просмотров

Қазақстанда 2433 кәсіпорын дуальдік білім беруді қолға алған, онда 80 мамандық пен 160 санат бойынша 27 мың студент тәжірибеден өтуде

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Германияның Трир қаласы Қолөнер палатасымен серіктестік жобасы аясында «Бизнес және ұлттық біліктілік жүйесі: стратегия және бағдарламалар» атты форум ұйымдастырылды.

Форумның мақсаты – біліктілік жүйесіндегі, жұмыс орнында оқыту мен мамандарды сертификаттаудағы бизнестің мүмкіндіктері мен табысын жүзеге асыру бойынша стратегиялық міндеттерді анықтау және өңірлік бағдарламаларды жасау. Форумға салалық министрліктердің, мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері шақырылды.

Басқосуда «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев дуальдік білім беруді дамыту, коледждерді басқаруды бизнеске беру мәселесі өзекті екенін айтып, форум аясында осы мәселелерге қатысты Жол картасын дайындауды ұсынды.

«Отандық компаниялардың дуальдік білім беруге қызығушылығын арттыру маңызды. Техникалық және кәсіптік білім беруде ғана емес, колледждер мен жоғары оқу орындарының жалпы білім берудегі жауаптылығы туралы мәселе көтергенбіз. Зейнетақы аударымдарына қарап түлектерге сұраныс қаншалықты жоғары екенін, осылайша оқу орындарының рейтингін анықтау да ұсынылды. Алайда, зейнетақы аударымдары бойынша бітіріп шыққан маманның дәл қай салада жұмыс істеп жатқаныны білу мүмкін емес. Біздің зерттеуіміздің нәтижесінде іскерлік климат, яғни бизнестің 67% өз қызметкерлерінің біліміне қаражат жұмсауға құлықсыз екені анықталды. Бұл үлкен мәселе. Мамандардың біліктілігін арттыруда көмектесіп отырған компанияларға жеңілдік беру мәселесін ойластыру қажет. Тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіп, бизнестің маман дайындауға жұмсайтын шығындарын өтеу жолын қарастыру керек.», – дейді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Трир қолөнер палатасы «Атамекен» ҚР ҰКП бірге 2015 жылдан бастап жұмыс орнында оқыту бойынша серіктестік жобаны жүзеге асырып келеді. Оның мақсаты – Қазақстан кәсіпорындары мен колледждерінде шағын және орта кәсіпкерлік өтінімдері бойынша кәсіби дайындау деңгейін тұрақты арттыруға көмектесу.

Жоба 2014 жылдан бастап жасалды және кәсіпорындардың, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының дуальді оқытуды ұйымдастырудағы рөлін күшейтуге, өндірістік оқытуды ұйымдастыруда Трир қолөнер палатасының нақты механизмдерін пайдалануға бағытталған.

Трир қолөнер палатасының өкілі, серіктестік жобаның үйлестірушісі Альберт Овер дуальді оқыту колледждердің бағдарламасына қарсы болмауын, ол қатысушылардың әрбір тарапына ыңғайлы болу керектігіне баса назар аударды. «Германияда да сіздер ойлағандай барлығы жақсы емес. Кәсіпорындар мен колледж арасындағы байланыста мәселелер бар. Бірақ біз келісімге келетіндей модельді таптық. Қазақстанда да дуальді білім беруді енгізудің сәтті жобаларын мысалға алуға болады. Колледж студенттері үшін қосымша білім беретін орталық ашу мәселесін талқылауға қарсы емеспіз. Егер осындай ауқымды жоба қолға алынса, оқытушылармен қамтамасыз етуге және олардың біліктілігін көтеруге дайынбыз», – дейді Альберт Овер.

Жиында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының м.а. Насымжан Оспанова Қазақстандағы дуальдік білім берудегі сататистикалық мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 2433 кәсіпорын дуальдік білім беруді қолға алған, онда 80 мамандық пен 160 санат бойынша 27 мың студент тәжірибеден өтуде. Дуальді білім беру бойынша 27 мың адам оқып жатыр, бұл барлық оқып жатқандар санының 5,5% құрайды.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев техникалық және кәсіптік білім беруде колледждерді бизнеске басқаруға беруден бас тартпау керектігін айтып, бірнеше мысалдарды келтірді.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі колледждерді бизнестің басқаруына беруге дайын емес. Себебі оқушылар колледжерге 9 сыныптан кейін барады, ол жерде 10-11 сыныптардағы оқу бағдарламасы да қамтылады. Дегенмен, елімізде колледждердің бизнес өкілдеріне беріліп жатыр. Айталық, «Байсерке-агро» АӨК, «Alageum Electric» Кентау трансформатор зауыты, «Казцинк» компаниясына қарасты колледжер жұмыс істейді. Бұл мысалдар білім беру жүйесіне зиян келтірмейді деп ойлаймыз. Бизнес саласы өзіне маман дайындау арқылы нарыққа білікті маман шығарады», – дейді Олжас Ордабаев.

Сонымен қатар, Олжас Ордабаевтың айтуынша Германияның дуальдік білім беру жүйесін тұтастай Қазақстанға көшіру мүмкін емес. Себебі, Германияда техникалық-кәсіптік мамандықты игеруде азаматтар алдымен өндіріске барады. Кәсіпорын маманды оқыту үшін серіктес білім беру мекемесіне жібереді. Осылайша, жастар уақыттының 60% өндірісте, қалған 40% білім алуға жұмсайды. Ал Қазақстанда білім алу үшін алдымен оқу орындарына барады, одан кейін ғана тәжірибе жинау, жұмысқа орналасу мәселесі қарастырылады. Сондықтан да маман сапалы, білікті маман дайындау үшін дуальді білім беруді дамыту керек деп есептейді департамент басшысы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер