Қостанай облысында ғажайып жылыжай салынады
Жобаны «Бизнес Бастау» түлегі жүзеге асырмақ
Өңірде «Бастау Бизнес» жобасының үшінші легі аяқталды. Бұл жобаның аясында ауылдық жердің тұрғындары кәсіпкерлік негіздері туралы білім мен жеке кәсіп ашу үшін жеңілдетілген несие ала алады.
Мақұлданған жобалардың бірін Қостанай облысының тұрғыны Жолболсын Әбішев жүзеге асырады. Болашақ кәсіпкер термос-жылыжай құрылысын 26 жыл (!) бұрын ойластырған. Бұл жылыжайда жылуға шығын шықпай, күн сәулесін жылуға айналдырып, аумаққа теңдей таратып, барынша тиімді пайдалану қарастырылған. Жолболсын бірегей жылыжайды алғаш рет Германияда әскери борышын өтеп жүрген уақытта көрген.
«Меің таңғалғаным сонша бұл ойымнан шықпай қойды. Уақыт өте келе жер телімін сатып алдым, жеке ісіммен айналысуға шешім қабылдадым. Мұндай жылыжайды Өскеменнен татым да оның өкілдерімен байланыстым, сөйлесіп, дәл осындайды өз ауылымда жасағым келді. Осы тұста Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы дәл келді. Бұл арқылы қажетті білім алдым, таяу арада құрылыс жұмысын бастаймын», – дейді Жолболсын Әбішев.
Қостанайлық бастамашыл ауыл тұрғындарының көкөністерге деген сұранысы ғана емес, аудан тұрғындарының да сұранысын қамтамасыз етуге дайын екенін көрсетті. Бұл келешектің еншісінде. Таяу арада 3 млн теңге несие алып, термос-жылыжайды салуды бастайды.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл басынан бері 3 лек оқытылды, оған облыстан 626 адам қатысып, 166-сы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан несие алу үшін құжат тапсырды, бүгінде 18 жоба мақұлданды. Ал «Атамекен Қостанай» шағын несие ұйымы 94 несие беріп, 29 бизнес-жобаны мақұлдады.
«Бастау Бизнес» жобасы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында оқытылады. Өңірде Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау операторы ретінде қатысады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: