«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

«Бастау» қостанайлықтарға не берді?

2018 жылғы 20 Сәуір
- Қостанай облысы
5167 просмотров

Колледжде немесе жоғары оқу орнында білім алғаннан кейін мамандық таңдаудан қателескендерін сезінетін адамдар қатары аз емес. Бірнеше жыл таңдаған мамандығымен жұмыс істеп, уақыт өте келе өзгеріс қажет екенін мойындайтындарда бар. Біреуге жалданып жұмыс істегенше, өзіне өзі қызмет етуді қалағандар да табылады. Мұның барлығын Қостанай облысында 16 сәуірде басталған «Бастау» жобасына қатысушылардың арасынан кездестіру қиын емес.

Кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытатын ауқымды жоба Қазақстанның 160 ауданы мен 27 моноқаласында, облыс орталықтарында бір уақытта басталды. Бүгінде Қостанайда тестілеуден өткен 46 азамат білім алуды бастады. «Бастаудағы» жолдары әрқилы.

Мысалы, 21 жастағы Татьяна Горбач – фитнес-жаттықтырушысы. Жас қыз бидай технологиясы бойынша мамандықты алса да, басқа салада еңбек етіп жүр. Бірнеше жыл бұрын осы өңірде жұмыс міндетті түрде табылады деген сеніммен бидай технологиясы саласын таңдаған еді. Алайда технолог мамандығымен бір күн де жұмыс істемеді.

«Бүгінде жұмыс берушілер қызметкердің тәжірибелі болғанын қалайды. Енді ғана оқуды аяқтасам, тәжірибені қайдан аламын? Дегенмен мамандығыма қатысы жоқ болса да, жүрегіме жақын саланы таңдадым. Бірақ 50 жасымда өзімді фитнес-фжаттықтырушысы ретінде елестете алмаймын. Сан түрлі ой, көптеген идея бар. Соның бәрін жүзеге асырғым келеді. «Бастау» туралы хабарландыруды көргенде ойланбастан келдім. Өкінбеймін. Мұнда бәрі қызықты», – дейді Татьяна.

Оқу барысында Татьяна Горбачтың бизнес-идеясы түрленері анық – білім алушылардың бірінде нақты жоспар болса, бірі тіпті бастапқы ойдан айнып қалады. Ол ең үздік, әрі әлеуетті болып, соңына дейін жалғыз жететініне сенімді,

Қостанай тұрғыны Медет Сералин 28 жасқа дейін көп жұмыс орнын ауыстырған. Бірақ нақты шешімге әлі келмеген. «Бастау» туралы білген соң, жеке кәсібін бастауды қалаған.

«Мамандығым бойынша заңгер әрі экономистпін. Жалданып жұмыс істейтіндердің айлығы көп емес. Бизнеспен айналысу қолымнан келетінін сеземін. Ынтам бар, кәсіпкерлік машығым да бар», – дейді Медет Сералин.

Сол кәсіпкерлік машықты дамыту – бизнес-жаттықтырушы Алексей Ерохиннің міндеті. Алексей былтыр да дәріс оқыған. Оның түлектерінің көбі жеке кәсібін ашып, нәтижесімен қуантып отыр.

«Кәсіпкерлікке икемі бар екенін анықтау қиын емес. Адам ақша жинай алса, оның кәсіпкер ретінде болашағы бар. Егер ақша жинай білмесе, бизнесте жолы болары неғайбыл», – дейді Алексей Ерохин.

Алексей қатысушыларға кәсіпкерлік сезінуді дамытуды үйретеді – яғни қандайда бір бизнес-идеяның болашағы бар ма, жоқ па дегенді түйсікпен сезіну арқылы болжау. Жалпы дайын балықтың орнына, қармақ беріп, еңбектенуді үйретуді мақсат тұтады. Білім алушылар мемлекеттік органдармен байланыс орнатуды, сауатты бизнес-жоспар дайындауды, түрлі нұсқаларды ойластырып, есептеуді үйренеді.

«Білім алуға келгендердің қатарында кәсіпкерлік саласында тәжірибелері бар адамдар да бар. Менің міндетім – олардың қателіктерін азайту. Өз әрекеттерін, сыртқы факторларды сараптауды үйретуім керек», – дейді бизнес-тренер.

Жалпы алғанда «Бастаулықтар» бір айдай білім алады. Осы уақытта оларға стипендия төленеді әрі оқығанын растайтын сертификат берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер