«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

IT саласында қалай қалыптасуға болады?

2018 жылғы 28 Мамыр
- Қостанай облысы
8049 просмотров

Қарапайым студент қалай кәсіби IT маманы болып, Қазақстанда жоғары технологияларда бизнес қалыптастырады?

Осы және өзге де мәселелер ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың сапары барысында  А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде IT саласының жас мамандарымен  өткен кездесуде талқыланды.

Студенттермен кездесуде «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы IT-кеңесінің төрағасы және «MIRUSDESK» компаниясының негізін қалаушы Мирус Құрмашев, «Астана халықаралық технопарк» директоры Мағжан Мәдиев, «Смарт Лаб» ЖШС директоры Асхат Аттапханов, «Метод бағдарламалау мектебі» ЖШС негізін қалаушы Дагал Давлетов, «Rocket Study» бас директоры Арслан Даримов жоғары технологиялар саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

«Әлемдік ауқымда алар болсақ Қазақстан мұнай саласында аса бір мықты бәсекелес емес, агарарлық секторда да соншалықты емес, өндірісте де алда емеспіз. Біз қай салада бәсекеге қабілетті бола аламыз? Бізде адам әлеуеті лайықты бағаланбаған деп санаймын. Қазіргі таңда IT саласныда білікті маман болу үшін Америкаға бару міндетті емес. Бізде бәрі де бар. Биотехнологияларға IT қосылса, серпін береді, аграрлық салаға да IT араласса, алға жылжиды. Көп білімді интеграциялау бізді жетілдіреді, басқа елмен бәсекелес бола аламыз», ­- деді Мирус Құрмашев.

Спикердің сөзінде жан бар. Өзі жоғары технологияларды бухгалтерлік салаға біріктірді. 2016 жылы оның «MIRUSDESK» компаниясы HR-робот жұмысын таныстырды. Бос жұмыс орнына қажетті кандидаттарды өзі табатын автоматтандырылған жүйе. Әңгімелесу уақытын белгілеп, қызметкер лайықты ма деген таңдауды жасап, тіпті «шығарып» та жібереді. Бірте-бірте «жоғары технологиялар» кәсіпорынға толықтай енді.

Мирус Құрмашев осы күнге жеткенге дейін біраз еңбек етіп, көп білім жинаған. Отандық нарықта сәтті жұмыс істеп отырған компанияның бастапқы кезеңі оңай болмаған. Бірақ Мирус Құрмашевтың мақсаты айқын болғандықтан, жетістікке жетуден талмаған.

Арслан Даримов 17 жасынан бастап кәсіпкерлікте. Ол ағылшын тілін үйрететін мектепті ашқан. Мұның барлығы да Арсланның шетелге оқуға түсуге шешім қабылдағанынан басталды. Ағылшын тілін жетілдіре отырып, сабақ беру әдістемесі тиімді емес деген ойға келген.

«Біз грамматиканы меңгергенімізбен ағылшын тілінде сөйлей алмаймыз. Мектепті ашқанда осыны негізге алдық. Табысы бар, менен франшиза алады. Таяуда ағылшын тілін оқытатын мобильді қосымша дайындадық. Оқу бағасы да тиімді, Астананың тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де қатыса алады», ­- деді Арслан Даримов.

Дагар Даулетовтің де өз мектебі бар. Бағдарламалауды үйретеді. Америкада білім алған маман жолдасымен бірге IT компанияның негізін қалаған. Қызметкерлерді іздей отырып маман жетіспеушілігін сезінді, Қазақстанда IT саласындағы сауаттылықтың төмен екеніне көз жеткізді. Осылайша «Метод» бағдарламалау мектебі ашылды.

«Бағдарламашы болу үшін 4 жыл оқу міндетті емес. Қажетті білімді қысқа уақытта алуға болады. Мысалы бізде жаздық мектеп бар, оған кез келген оқушы немесе студент бара алады. Білім деңгейі мен жасына қарай түрлі бағдарламалар ұсынылады. Мектептің міндеті – жас кезден-ақ бәсекеге қабілетті IT маман дайындау. Бізде жасы үлкендер де білім алады», ­ - деді Дагар Давлетов.

Университет оқытушылары студенттердің жұмысқа орналасу мәселесін көтерді. Мирус Құрмашев атап өткендей, бұл мәселені шешу үшін Германияның тәжірибесіне сүйену керек. Компанияға қандай мамандар қажет екеніне мониторинг жүргізіледі, одан кейін мамандыққа арнап грант бөлінеді.

«Бізде мұндай тәжірибе бар. Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру үшін оқу процесіне кәсіпкерлер қатысады. Қазіргі таңда облыстағы 115 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнаттық», ­- деп атап өтті Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Манарбек Қазин.

Кездесу соңында студенттер мен қонақтар байланыс алмасты, IT білім алуға көбінің құштарлығы артты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер