«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Білім саласындағы бизнес – табысты кәсіп

2018 жылғы 19 Маусым
- Қостанай облысы
6220 просмотров

Ануар Газис білім саласына бағытталған бизнес ашуды көздегенде бұл таңдаудан бас тартуды сұрағандар қатары көп болған. Балалардың мектептегі сабақтан жалығып жүргенде, қосымша білім алуы екіталай екенін айтып, кәсіптің сәтті болуынан күмәнданғандар аз емес.

Дегенмен, ешкімнің сөзіне құлақ аспаған кәсіпкер Қостанай қаласында Edukey орталығын ашты. Бұл орталық ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау, шешендік өнерге баулу, шет тілін үйрету бағытында жұмыс істеп келеді.

24 жасында сәтті кәсіп иесі болу жайында Ануар Газис Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасында өткен «Жас кәсіпкерлер мектебінде» бөлісті.

Ануар білім саласын кездейсоқ таңдамаған. Бала кезінен-ақ білім – ең жақсы инвестиция екенін түсінген ол қаржы менеджменті мамандығын таңдаған. Одан кейін Ресейдегі Халықтар достастығы университетіне қадам басты.

«1-курста қоғамдық жұмыспен айналыстым. Бірінші жобам кәсіподақтың электронды билеті еді. Студенттерге пластик карта жасап, түрлі ұйымдармен жеңілдік беруге келісім жасадық. Кейіннен дебатқа қатыстым. Ең жақсы тәжірибені Ресейде оқығанда алдым. Білімімді арттырып, шетелдіктермен араласып, бірнеше тілді түсіне бастадым. Одан кейін Америкаға кетіп, кез келген жағдайға бейімделуді үйрендім», – деп еске алды жас кәсіпкер.

Жинаған тәжірибесін Қазақстанда кәдеге асыруды жөн санаған жас маман Edukey орталығын ашты.

«Қостанайдағы жастар немен айналысатынына талдау жасадым. Негізінен клуб, кальян орталығы және компьютер... Мұның пайдасы жоқ. Сондықтан уақытты жақсы өткізетін әрі қосымша білім алатын жер керек деген шешімге келдім», – деді Ануар Газис.

Орын іздегенде сенімді, жағымды, жайлы жер керек екенін түсінген Ануар бизнес-орталықты таңдады. Жалға алу құны жоғары, дегенмен шаршы метріне айтарлықтай арзан төлеуге келісті. Одан кейін сенімді серіктес табу керек болды. Себебі Ануардың өзі Мәскеуде еді. Ал Қостанайда орталық жұмысын реттейтін адам керек.

«Нағыз қазақы оқиға орын алды. Алыс ағайынның тойына бардық. Операторлардың командасымен танысып, білім орталығының түсірілімімен келістік. Кейін өздерінің жетекшілері Магзуммен таныстырды», – дейді кәсіпкер

Магзум Төлеш идеяны білгеннен кейін жобаға қатысуды шешті. Бизнеске қатыстының барлығын бірдей ойластыратындары үшін Ануар нағыз қажет адам кездескеніне қуанады.

Былтыр қазан айында орталықты ашқан кәсіпкерлер білім беру бөлімімен жұмыс істеуді қалаған. Бірақ байланыс орнамады. Ануар мен Магзум мектептерді аралағаннан кейін Қазақстанда мамандардың 80%-дан астамы өз саласында қызмет етпейтін, мамандық таңдауд қателесіп, уақыт пен қаржысын зая кетіретінін анықтаған.

Екі серіктес қауіпті барынша азайтып, біліктілікті арттыру жұмысына ден қоюға шешім қабылдаған. Бұл үшін психолог-жаттықтырушы маманды жұмысқа алған.

Бүгінде бизнес реттеліп, сағат сияқты жұмыс істеп тұр. Ануар бұл бастамасын басқарушы директорға сеніп тапсырып, Алматыға қоныс аударуға шешім қабылдаған.

«Бұл шағын өңір, Алматыда ауқымды жобалар күтіп тұр», – дейді кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер