«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қостанайда балаларға арналған мультипликация мектебі ашылды

2018 жылғы 01 Тамыз
- Қостанай облысы
6904 просмотров

Дархан Бегайдаров бала кезінде өзінің қатарластары секілді мультфильмді ерекше ұнататын. Алайда осы салаға деген құштарлық бәсеңсімей, уақыт өте келе хоббиге, кейіннен бизнеске ұласты. Биыл сәуір айында 30 жастағы кәсіпкер Қостанайда балаларға арнап мултфпликациялық мектеп ашты.

Бұл – отбасылық бизнес. Дарханның жеке кәсіп бастауына жары Ақбота көмектесті. Ол да Дархан секілді телевизия саласында жұмыс істейді әрі балаларға сабақ өтеді.

Мұның барлығы да «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасынан басталды. Былтыр Еуропадан келген Дархан мен Ақбота Қостанайда жұмыс іздеген. Уақыт өтіп жатты, ал жұмыс табылмады. Дарханның анасы курсқа қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарландыруды көріп, балаларына айтады. Осы сәт Дарханның жеке кәсіп бастауына ықпал етті. Бірнеше жылдан бері мультипликациялық мектеп ашуды ойға алған Дархан нақты бизнес-жоспарды дайындады.

Өзінің стартап жобасымен республикалық «Startup Bolashak: Менің Арманым» байқауына қатысуға шешім қабылдады. Ерекше идея қазыларға да ұнаған. Менторлардың бірі бастапқы уақытта мектепке арнап орынжай мен сабаққа қажетті фотоаппаратты да берген. Енді Дархан мен Ақбота жобаға қаражат құюға болатынын Астанадағы инвесторлар мен демеушілерге жеткізулері керек.

Әзірше кәсіпкерлер тандемі отбасылық бюджетті қолданып отыр.

«Алғаш рет мектепке қабылдау басталғаны туралы хабарландыру бергенде соншама қоңырау шалынады деп күтпедік. Нәтижесінде 6-15 жас аралығында 20 баланы қабылдадық», – дейді Дархан Бегайдаров.

Жастарда педагогикалық білім жоқ, сондықтан олар балалармен ортақ тіл табысуға барынша тырысқан. Бастапқыда әрбір баламен қатынас орнату оңайға соқпағаны анық.

«Ең қиыны – қызықтыру. Бірі пластилиннен кейіпкер жасағанды ұнатады, енді бірі сценарий жазғанды қалайды, кейбірі компьютерден бас алмайды. Шын мәнінде ұнайтын іспен айналысуына мүмкіндік беру маңызды. Оқушылардың таланты мен ынтасын топтастырғанда ғана мультфильм жасап шығаруға болатыны белгілі. Оның үстіне біз суретін салудан бастап, дыбыстауға дейінгі жұмысты атқарып барып өнім дайындаймыз ғой», – дейді Дархан.

Дархан өз мектебінде әрі оқушы, әрі оқытушы екенін мойындайды. Кішкентай «негештерге» үйрету үшін өзі де көп ізденеді, сабаққа дайындалады.

«Күн сайын өзіме жаңа дүниені ашамын. Арнайы сайттардан ақпарат аламын, роликтерді көремін. Балаларға үйрету үшін әрдайым жетілу керектігін түсіндім», – дейді жас кәсіпкер.

Мектеп жастардың құштарлығы мен қалауының арқасында жұмыс істеп тұр. Айтарлықтай табыс та жоқ, түскен қаражат бірден істі дамытуға қайта құйылады. Дегенмен бұл жұптың жоспары ауқымды – Қазақстан бойынша осындай мектеп желісін құрғылары келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер