«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Дайындаған маман көп болғанымен, тапшылықты әлі де сеземіз – депутат

2018 жылғы 22 Тамыз
- Қостанай облысы
5988 просмотров

20 тамызда Қостанай облысындағы фармацевтикалық компаниялар, емханалар мен оқу орындарының өкілдері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени дамыту комитетінің мүшесі Иван Клименкомен кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылады. Басқосу Өңірлік палата алаңында өтті.

Депутат алғы сөзінде жаһандық екі мәселені көтерді – дәрігерлердің қорғалмауы және білікті маман тапшылығы.

«Толықтай қорғалмаған жағдайдада дәрігердің жауапкершілігі жоғары. Бізде дәрігердің қателігі деген түсінік жоқ. Бұл заңнамадағы олқылық. Пациентті емдеудегі стратегия мен тактикадағы қателесу айтылып отыр. Сіздерге ұнаса да, ұнамаса да, әлемде дәрігердің қателесуі деген бар. Егер осыны мойындасақ, дәрігердің селқостығы қайда, қай тұста белгілі бір себеппен біліктілік жетіспегенін саралай аламыз. Бұл алдағы уақытта талдауға, анықтауға көмектеседі. Ал қазіргі жүйе бәрін жасыруға құралған, ашық талқылау жоқ... Сондай-ақ университеттердің экономикалық, басқарушылық еркіндігін кеңейтумен байланысты заң қабылданды. Кәсіпкер ретінде белсенді ұстанымда болуларыңыз керек. Яғни, қазіргі таңда нарықтың сұранысына қарай оқу процесін қалыптастыруға уәкілеттік берілген. Әйтпесе маманды көптеп дайындасақ та, оның жетіспеушілігін сезініп отырмыз», - деді депутат  Иван Клименко.

Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов атап өткендей, «әлеуметтік бизнес» деп аталатындарда бірқатар мәселе бар. Атап айтқанда дәріханалардың GPP стандартына өтуі, пандустардың жоқтығына айыппұл салынуы және т.б.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық нысанды қолға алу керек, ең алдымен көп қабатты үйлерді, ­- дейді «Фармаком Импэс» ЖШС коммерциялық директоры Елена Эртнер. – Неге дәріханаларды ғана назарға алатынын түсінбеймін. Бұл айыппұл салудың тағы бір себебі... Мысалы, сіздің тісіңізді жұлды делік, сізге «Дицинон» препараты керек. Ол 50 ампуламен сатылады, ал сізге 1 ампула жеткілікті. Осы 50 ампулаға 1 ғана нұсқаулық берілген. Ал ол нұсқаулықсыз дәріні сатуға болмайды. Бұл жағдайда не істеуім керек? Осындай жайтқа неге өндіруші емес, дәріхана жауап беруі тиіс?».

Нұсқаулық мәселесін пысықтауға уәде берген депутат пандусқа қатысты сауалмен келіспеді:

«Мүгедек жандардың дәріханаға бара алатындай мүмкіндігі болуы керек. Тіпті бір ғана мүгеде көтерілетін болса, соның өзі жетістік».

Халық қалаулысы дәріханалардың GPP стандартына көшуі 2018 жылы заңнамалық тұрғыда кейінге шегерілетініне уәде берді, себебі отандық фармацевтика саласы мұндай жаңашылдыққа әлі дайын емес.

Жиында Қостанай тұрмыстық сервис колледжі директорының орынбасары Виктор Колпаков бірнеше сауал қойды:

«Соңғы уақытта түлектердің оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына біз жауапты болатындай талпыныс байқалады. Оқу орындары жауапкершілік алмау керек деп санаймын. Бізде «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» бар. Қарапайым топта үшке оқитын студент шәкіртақы алмайды, ал бағдарлама бойынша білім алатыны шәкіртақы беріледі. Бұл теңсіздік қой, Сонымен қатар Үкіметтің қаулысымен колледж директоры мен оның орынбасарларына сабақ өтуге тыйым салынды. Осыдан кейін білім беруде әдістемені жоғалтады әрі еңбекақыдан қысқарады».

Сонымен қатар шешілмей келе жатқан тегін дәрі-дәрмек мәселесі де айтылды. Профессор Есмұқан Махметов бүйрегі ауыратындарға үнемі қажет болып отырған кетостерил препаратын мысалға алды.

«Қостанайда бұл дәрінің бағасы 110 000 теңге, ал Ресейде 70 000 теңге. Бұл тым қымбат, препаратты тегін дәрілердің қатарына қосу керек», - деді профессор.

Жеке емхананың өкілі Олег Милишенко өзінің бизнесіне кедергі келтіріп отырған жайтқа қатысты көмек сұрады: 32 мың тұрғын тіркелген емханаға тек 2 автобус қатынайды, жету жағы қиын. Алайда Мұрат Әбенов бұл мәселе шешілу үстінде екенін атап өтті.

«Әкімдікпен №22 маршруттың қызмет көрсетуіне тендерлік жағдайды енгізу туралы келісім жасалды», - деп түсіндірді палата басшысы.

Кездесу соңында Парламент өкілі көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды жақын арада толық қарастыруға уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер