«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

«Бастау» түлегі Қостанай облысында аралас жекпе-жек клубын ашты

2021 жылғы 24 Тамыз
- Қостанай облысы
8944 просмотров

Қостанайлық Алмат Жүнісов балалар лайықты залда жаттығуы үшін «Бастау Бизнес» курсына қатысты. Осылайша қалада «Вершина» кәсіби спорт клубын ашты.

Кәсіпкерлікті енді қолға алған азамат грант қаражатын жабдыққа жұмсады, маттар, жаттығу қаптар, қолғаптар, манекендер алынды. Қазір «Вершина» клубында 5-18 жас аралағында 25 ұл-қыз жаттығып жүр.

«Қаладағы спорт залдарының жағдайы нашар екені жасырын емес. Спортшыларымыз үшін жаның ашиды, өйткені толыққанды жаттығу жасауға жағдай қарастырылмаған. Жекпе-жек спортына ата-ана ретінде келдім – бастапқыда ұлымның қалауын қолдап, осы спортқа бердім, кейін ұйымдастырушылық мәселесіне ден қойып, федерацияны басқаруға алдым. Уақыт өте келе америкалық типте, яғни жаттығу жасау барынша ыңғайлы болатын спорт  залын ашу идеясы пайда болды. Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлерінің арқасында барлығы іске асты. Өте білікті, елгезек мамандар: бәрін түсіндірді, қолдау көрсетті, көмектесті. Нәтижесінде 1 маусымда мен жеке кәсіп ашуға  200 АЕК көлемінде грант алдым», – деді аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алмат Жүнісов.

Әзірге «Вершина» клубы жалданбалы ғимаратта орналасқан, келешекте Алмат Жүнісов клубқа арналған жеке үлкен үй алғысы келеді. Ол осылайша облыс құрамасын жаттықтыруға болатынын атап өтті.

«Жақында клубымызға қос құрбы келді. Олар біреу зәбір көрсетсе, тойтарыс беруді үйренгісі келеді. Бұл – жақсы мотивация. Барлық шәкіртімізді мақтан тұтамыз. Тамыздың басында Қостанай қаласында AIGA грэпплингінен Қазақстан Республикасының кубогы өтті, онда біздің құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Турнир жоғары деңгейде өтті, бізге енді панкратион бойынша тура осындай турнир ұйымдастыруға қатысты ұсыныс түсті. Бұл – үлкен жауапкершілік, болжам бойынша 600-700 спортшы қатысады. Қазір спорттық доданы карантин талаптарын бұзбай, ұйымдастыру жағын ойластырып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбеновтің айтуынша, биыл өңірде «Бастау Бизнес» курсымен 1250 адамды оқыту жоспарланған. Бірақ бүгінде жоспар асыра орындалды – оқуды аяқтау сертификатын 1261 қатысушы алды. Соның ішінде 310 азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 АЕК көлемінде грант алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер