«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Алғаш рет еліміздің үш өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылды

2021 жылғы 29 Қараша
5262 просмотров

Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында нәзікжандыларға арналған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылды. Енді бұл өңірдің іскерлігімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектері арнайы ашылған орталықтардан жан-жақты кеңес алуға мүмкіндіктері бар.

«Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласы күрделі өзгерістерді бастан кешуде. Осы тұста, әйелдер кәсіпкерлігі еліміздің экономикасы мен кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосуда, жұмыс орындарын құрып, қайырымдылық пен меценаттық мәдениеті белсенді дамытуда. Бұл орталықтардың ашылуы кәсіпкерлік бастамаларын іске асырғысы келетін әйелдер үшін зор мүмкіндіктер ашып, олардың кеңеюіне ықпал ететін болады», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

Ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанованың айтуынша, бұл орталықтар өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға және жалпы отбасылардың әл-ауқатын  жақсартуға септігін тигізеді.

«Қыз-келіншектер кез келген сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, отбасының бюджетін молайта алатынын тәжірибеден көріп отырмыз.  Десе де көп жағдайда жеке кәсіпті ашуға білімі жеткіліксіз болып жатады, кейде ынталандыру жетіспесе, енді біріне кәсіпті бастаған алғашқы кезеңдерде қолдау жетіспей жатады. Өңірлердегі қолдау орталықтары қажетті біліктілік пен практикалық тұрғыдан көмек көрсететін ортақ алаң болуы тиіс. Табыс табуды үйренгісі келген кез келген қыз-келіншек, ауылдардан болса да, бұл орталықтарда тек кеңес алып қоймай, іс жүзінде қолдау мен көмек алатынын сезінетін болады. Орталықтар қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің экономикасын күшейте түсетініне сеніміміз мол», – деді Ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова.

Орталықтар кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда оларға стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг іс-шараларға қатыса алады.

Орталықтар әйелдер кәсіпкерлігін оқытуға, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал ететін болады.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, теңсіздікті қысқартуға, сондай-ақ бүкіл халықтың әлеуетіне сүйене отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ете отырып, неғұрлым орнықты экономикалық өсуге ықпал ететін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

 

«АДБ гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге үлкен көңіл бөледі. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер беріп қана қоймай, өз өңірлерін мен елінің дамуына қомақты үлес қосуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Азия Даму Банкі жобаларының үйлестірушісі Арыстан Ғалиев.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП Өңірлік даму департаментінің басқарушы директоры Бауыржан Оразғалиев орталық қызметтерінің тізбесін санамалап берді.

«Олар: орталықтарға жүгінетін әйелдердің проблемалары мен қажеттіліктерін анықтайды, кеңес береді және менторлық қолдау білдіреді. Бұл бағыттар бойынша кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлікке, қаржыландыру тартуға оқыту (краудфандинг, инвестициялар, гранттар, лизинг) оқытуды ұйымдастыру қолға алынады. Бұдан басқа ШОБ және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жабдықтарды іріктеу туралы тауар өндірушілермен консультациялар ұйымдастырылмақ», – деп атап өтті спикер.

Келер жылы Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларында тағы 14 орталық ашу жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер