«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазақстандық кәсіпкерлер өзбек әріптестермен 2 млрд долларға келісімдер жасады

04 Желтоқсан 2021
3506 просмотров

Бұл келісімдерге Нұр-Сұлтан қаласында өткен IV Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесінің отырысы барысында қол қойылды. Жалпы сомасы 2 млрд  долларды құрайтын 15 келісім жасалды.

Қазіргі кезде Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400 кәсіпорын жұмыс істейді. Жиын қарсаңында екі елдің кәсіпкерлері Түркістан облысында кездесу өткізіп, 600 млн долларға бірлескен келісімдер жасады.

 «Оң нәтижелерді ескере отырып, жаңа ортақ жобаларды іске асыруда барынша жәрдем көрсетуді жалғастыруды ұсынамын. Қазіргі кезде бірлескен кәсіпорындарды ашуға әлеует бар. Біз үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу үшін экспортқа бағдарланған өндірісті дамытуға бағытталған жобаларға Өзбекстан бизнесінің қатысуын қолдаймыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.

Нарықтар мен инвестициялар үшін шиеленіскен бәсекелестік жағдайында қазақстандық және өзбек кәсіпкерлеріне бірнеше бағытта даму қажет.

 «Бірінші кезекте – сауда-саттық қатынас пен өнеркәсіптік кооперация қолға алынуы тиіс. Соңғы бес жыл ішінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 60 пайызға өсіп, 3 млрд-тан асты, 2021 жылдың 10 айы ішінде өсім 37 пайызды құрады. Мемлекет басшыларымыз алдымызға 2022 жылы көлемді 5 млрд-қа дейін және таяу жылдары 10 млрд-қа дейін ұлғайту жөнінде өршіл міндет қойды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін екі ел кәсіпкерлері бір-бірімен белсенді сауда жасап, үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығуы үшін ортақ жол картасын әзірледік», –деді Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сардор Умурзаков.

Бұдан бөлек, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастығы арасындағы белсенділікті арттыру үшін тоқсан сайын көрмелер, іс-шаралар және сауда миссияларын өткізу үшін әкімдіктермен бірлескен бағдарламаларға қол қою жоспарланғанын айтты.

 «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов екі ел арасындағы ынтымақтастық үшін әлеует барын айтты. Бүгін Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Өзбекстан 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауданың ықтимал көлемі $4 млрд болатын серіктес елдердің үздік бестігіне кіреді. Қазақстандық экспорттың ірі бағыттары – мұнай және мұнай өнімдері, бидай, ұн, күнбағыс дәні, қара, түрлі-түсті металдар, органикалық емес химия өнімдері, азық-түлік тауарлары.

 «Екі елдің әлеуеті әлі де толық ашылмады. Бүгінде ынтымақтастық туралы жасалған шарттар бойынша автоөнеркәсіп, құрылыс секторы және жеңіл өнеркәсіп салалары көш бастап тұр. Бірақ біз ауыл шаруашылығында үлкен негіз көріп отырмыз. Бізде азық-түлік тауарлары: ұн тарту өнімдері, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, май өнімдері, ет өнімдері, жеміс-көкөніс өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, сондай-ақ фармацевтика секторын өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар құру бойынша әлеует бар», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

 Бұдан бөлек, кооперациялық жобалардың дамуына «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының іске қосылуы ықпал етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, шекара маңындағы сауда-логистикалық инфрақұрылымды және бірыңғай Қазақстан-Өзбекстан тауар өткізу жүйесін дамыту – транзиттік сауда көлемін 2030 жылы 37,9 млрд долларға дейін арттырады.

Өз кезегінде Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Адхам Икрамов жиын барысында ұйымдастырылған B2B кездесулердің оң әсерін атап өтті.

 «Бір апта бұрын Өзбекстанның 114 шағын кәсіпорны келісімшарттар жасасты, бүгінде бірде бір келісімшарт қайталанған жоқ. Мұндай нәтиже екі елдің кәсіпкерлеріне ынтымақтастықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Осында қарқын жалғаса берсе міндетке қойылған 5 млрд нақты санға айналады, ал іске асырылған шарттар бірнеше жылдан кейін 20-30 мың жұмыс орнын ашады», – деді Адхам Икрамов.

 Отырыс барысында «Karlskrona LC AB» ЖШС (Қазақстан), «KazakhExport» ЭСК» АҚ (Қазақстан) және Өзбекстан Республикасы Навои облысының Хокимият арасында қазақстандық өндірістің сорғы және электр техникалық жабдықтарын экспорттық жеткізуге жәрдемдесу және Науаи облысының (Өзбекстан) «Науаи» арнайы экономикалық аймағының аумағында «Karlskrona LC AB» ЖШС сорғы және электр техникалық жабдығын өндіруді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Сонымен қатар «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ (Қазақстан) және «УЗАВТОСАНОАТ» АҚ (Өзбекстан) арасында Chevrolet Nexia жеңіл автомобильдерінің ұсақ түйіндік (CKD) әдісімен өнеркәсіптік құрастыру жобасын іске асыру және автокомпоненттерді жеткізу бойынша тағы бір келісімге қол қойылды.

 Сондай-ақ, «Тау-кен жұмыстары»  ЖШС (Қазақстан) мен «YANGI-Angren issiqlik Elektr stansiyasi» АҚ (Өзбекстан) арасында 5 жыл бойы Жаңа-Ангрен жылу электр станциясына қазақстандық көмірді жеткізу бойынша келісімшарт жасалды.

Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан Абылай Мырзахметов және Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы атынан Адхам Икрамов Қазақстан-Өзбекстан Іскерлік кеңесінің 2022 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер