«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қызылордада 850-ден астам ауыл азаматы мен жастар 2,5 пайызбен несие ала алады

2023 жылғы 29 Наурыз
- Қызылорда облысы
8490 просмотров

Қызылорда облысында биыл 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматы 2,5 пайызбен несие алады деп жоспарланып отыр. Ол үшін өңірге республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мұндай қолдау аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысуға қызығушылығын арттырады деп санайды.

«Бүгін Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің «жаңа толқынын» қалыптастыру қажет екенін айтты. Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік», – дейді Пірмұхаммед Сыздықов.

Кәсіпкерлер палатасының басшысы мемлекеттің қолдауы мұнымен шектелмейтінін айтты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Мен кәсіпкер» жобасын жүзеге асырып жатыр. Биыл осы жоба аясында 600-ге жуық қызылордалыққа қызмет көрсетуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, кеңес береміз, оқытамыз, жобасын нақты өнім шығарғанға дейін сүйемелдейміз», – деді Палата директоры.

Пірмұхаммед Сыздықов бүгінгі Парламент сессиясында Президенттің шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кешенді шара қабылдау жөніндегі тапсырмасы да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын атап өтті.

«Халық қазір кәсіппен айналысуға жан-жақты қолдау бар екенін жақсы түсінді. Рас, кейде әкімшілік кедергілер кездесіп жатады. Ондай жағдайда кәсіпкерді қорғауға, көмек көрсетуге біз әзірміз», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Кәсіпкерлікке қатысты сұрағы бар азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 нөмірі арқылы хабарласа алады немесе Facebook желісіндегі «Сыр өңірі мен Қызылорда қаласындағы БИЗНЕС» тобынан барлық жаңалықпен танысуына болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер