«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

«Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушы қызылордалық кәсіпкерлерді оқытты

2023 жылғы 29 Мамыр
- Қызылорда облысы
8465 просмотров

Қызылордада әзірге «Алтын сапа» сыйлығына 3 және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына 52 кәсіпкер қатысуға ниетті. Құжаттар 1 шілдеге дейін қабылданады.

«Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушы кәсіпкерлердің біліктілігін көтеріп, бағыт-бағдар беру үшін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасысеминар өткізді.

Семинарға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов, байқаудың сарапшылары мен кәсіпкерлер, байқаудың өткен жылдардағы жеңімпаздары қатысты, аудандағы кәсіпкерлер онлайн қосылды.

Семинарда Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Малика Тютебаева мен Назым Мұрсал кәсіпкерлерге қос байқауға қатысу үшін қойылатын талаптар, өңірлік және республикалық байқаулардың ерекшелігі, жеңімпаздарға берілетін басымдықтар жайлы кең көлемде ақпарат берді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын өткізу тәртібі мен критерийлері бойынша бағалау әдістемесін түсіндірді.

«Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беруге арналған байқаудың былтырғы жеңімпазы «Асыл Дән LTD» ЖШС өкілі Ақнұр Дархан алған тәжірибесін бөлісті.

«Былтыр «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында жеңімпаз атанып, республикалық жарысқа қатыстық. Біз үшін керемет тәжірибе болды. Өзге өңірлердегі әріптестерімізбен танысып, әріптестік байланыс орнаттық. Дауыс беру жүйесі арқылы «Ұлы дала елі» брендінің жеңімпазы атандық. Бұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Биыл «Алтын сапа» сыйлығында бақ сынап көрмекпіз», – деді Ақнұр Дархан.

Шара соңында семинарға қатысып, біліктілігін көтерген кәсіпкерлерге арнайы сертификаттар тапсырылды.

Осыған дейінгі Қызылорда облысынан ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары: «РЗА» АҚ (2014 ж.), «Абзал және К» ТС (2017 ж.), «Мағжан және К» ЖШС (2019 ж.), «СКЗ-U» ЖШС (2019 ж.), «Абай Дәулет» ЖШС (2021 ж.), «Алтын Орда» ЖШС (2021 ж.).

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының жеңімпаздары: «РЗА» АҚ (2011 ж.), «Абзал және К» ТС (2012 ж.), «Қазбергенов» ЖК («Қазалы кәмпиті») (2015 ж.), «Dalatex» ЖШС (2018 ж.) болды.

«Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беруге арналған байқау жеңімпазы «Асыл Дән LTD» ЖШС (2022 ж.).

Айта кету керек, «Алтын сапа» сыйлығына кәсіпкерлер мына номинациялар бойынша қатысады:

1. «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын»;

2. «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын»;

3. «Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын»;

4. «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».

Ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына:

1. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

2. «Халыққа арналған үздік тауарлар»;

3. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша қатыса алады.

Өңірлік көрме-байқаудың 9 жеңімпазы (әр номинацияда үш жеңімпаздан) республикалық байқауға қатысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер