«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Мемлекеттік экологиялық сараптама талаптары

2024 жылғы 01 Сәуір
- Қызылорда облысы
5985 просмотров

Биылғы жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына несие беретін қаржы ұйымдары несие беру талаптарын өзгертіп, кәсіпкерлерден «Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын/Экологиялық рұқсат/Декларация» жүргізуді талап етуде. Осы уақытқа дейін өңір кәсіпкерлері бұндай мәселемен бетпе-бет келмеген. Осы себепті, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өз шағымдарымен өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Осыған орай, өткен аптада Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен АӨК Кеңес отырысы аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері Кеңес мүшелері мен кәсіпкерлерге Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынға сонымен бірге қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу Басқарманың «Экологиялық реттеу» бөлімінің экологы Айгерім Нәрікбайқызы Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу талаптарындағы өзгерістер жайында айтып өтті.

«Соңғы кездері облыстың мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері қаржы институттарына жүгінген жағдайда, ҚР экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес:

     - 150 бастан бастап және одан көп ірі қара мал өсіру жөніндегі;

    - 500 бастан бастап және одан көп ауыл шаруашылығы құсын өсіру жөніндегі;

    - 150 бастан бастап және одан көп жылқы өсіру жөніндегі;

    -  150 бастан бастап және одан көп түйе өсіру жөніндегі;

-600 бастан бастап және одан көп қой мен ешкі өсіру жөніндегі мал шаруашылықтары үшін «Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын/Экологиялық рұқсат/Декларация» жүргізу талап етілуде. - деді Айгерім Нәрікбайқызы.

         Сонымен қатар, жиын барысында «Сырдария -1» несие серіктестігінің төрағасы Алмат Абдуллаев несие алу барысындағы кедергілер туралы баяндап берсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Қуаныш Садақбаев несие алу барысындағы Корпорация талаптары туралы қысқаша ақпарат берді.

Кеңес қорытындысымен отырысқа қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер берілді. Осы орайда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несиелендіру бағдарламаларының шарттарынан «Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын/Экологиялық рұқсат/Декларация» талаптарын алып тастауды ұсынды. Палата өз кезегінде көтерілген мәселені жоғарыға жолдап, оң шешімін күтуде.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер