«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Кәсіпкерлер палатасында әлеуметтік маңызды азық-түлік мәселесі талқыланды

2024 жылғы 31 Мамыр
- Шымкент қаласы
2867 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында сауда салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға Палата басшылығы, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылары, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің, мемлекеттік сатып алу басқармасының, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату мәселесі талқыланды.

«Жалпы, азық-түлік тауарларының бағасы өте маңызды саналады. Себебі, бағаның қымбаттауы елдегі инфляцияның өсуіне бірден-бір әсер етеді. Мемлекет басшысы Жолдауында азық-түлік бағасын тұрақтандыруды маңызды мәселенің бірі ретінде тапсырған болатын. Сондықтан, қаламызда әлеуметтік маңызды азық-түлікті сатудағы проблемалы мәселелер болса, соны шешудің жолын қарастыруымыз керек», – деді экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.

Жалпы, Үкімет тарапынан 19 атаудан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бекітілген. Заң бойынша бөлшектеп сатушылар бұл азық-түлікті өндірушінің босату бағасына немесе көтерме сатып алу бағасына 15 пайыздан аспайтын үстеме бағамен ғана сата алады.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Арман Төлеевтің айтуынша, заңды бірінше рет бұзған субъектіге ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайта жасалған кезде 10 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Осы тұста департамент тарапынан жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарларды нарықтық бағадан бірнеше есе жоғары бағада мемлекеттік мекемелерге жеткізу бойынша келісім-шарттар түзілгені анықталған.

«Бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелері өткізіп тұрады. Жергілікті бюджеттен 8,7 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 70-ке жуық сауда орнында әлеуметтік маңызды азық-түлік нарықтан төмен белгіленген бағада сатылып келеді. Оған қоса ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы және ет өндіруші кәсіпорындармен келісімшарттар түзіліп, бекітілген сауда орындарында өндіруші бағасымен сатылуда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында сауда дүкендері, базарлар және тауар өндірушілерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар түзілген.Осы уақытқа дейін әлеуметтік маңызды азық-түліктің шекті сауда үстемесін 15%-дан  асырғаны үшін 207 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінде 120-ға жуық делдал жойылып, сауда орындарына азық-түлікті тікелей өндірушіден сатып алу бойынша ұсыныстар берілді», – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.

Мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Құдайбергенов басқарма тарапынан қаладағы ведомствалық ұйымдардың сатып алу келісімшарттарына мониторинг жүргізілетінін, соның нәтижесінде олқылықтар анықталып, түзетіліп жатқанын жеткізді. Ал сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Оспан Әбиев ведомствааралық комиссиялардың жұмысы нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасын шекті мөлшерден қымбат сату фактілері тіркеліп жатқанын, ол бойынша алдымен ескерту беріліп, түсіндіру жүргізілетінін жеткізді. Оспан Оразбайұлы бұл тұста бақылау нәтижелі болуы үшін мемлекеттік кірістер департаментінен кәсіпкерлердің шығыс-кіріс есебін сұратып жатқандарын жеткізді.

«Мен бұл ұсынысқа келіспеймін, себебі, бұл тұста кәсіпкерлердің құқығы бұзылуы мүмкін. Еліміздегі тұлғалардың жеке мәліметтері заңмен қорғалған, оған қоса сауда саласындағы кәсіпкердің 19 азық-түліктен басқа да жүздеген тауары бар болуы әбден мүмкін ғой? Сондықтан, бағаны қымбаттатудың алдын алу үшін жаппай түсіндіру мен бақылап сатып алу әдісі бар», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Осыған орай Шымкент қаласының экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы қала тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасынан хабардар болу үшін ірі сауда орындары мен орталықтарда түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мәліметтерді көрнекі жерге орналастыруды пысықтауға тоқталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер