«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазақстанның сайын даласынан Африкаға дейін. Сыртқы сауда палатасы Оңтүстік Африкамен жұмыс істеу перспективаларын талқылады

2024 жылғы 12 Маусым
2285 просмотров

Бүгін Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кейтумеци Сейпело Тандека Мэтьюзбен екі елдің инвестициялық мүмкіндіктерін талқылау үшін кездесті.

Қазақстан және Оңтүстік Африка арасындағы дипломатиялық қатынастар бұрын басталып, дамуын жалғастырғанымен, тұрақты сауда-экономикалық қатынастар салыстырмалы түрде жақында қалыптасты (2010-жылдары). Қазақстандағы Оңтүстік Африка елшілігі өткен жылдың ақпан айында ғана ашылды.

Құттықтау сөзден кейін, Мұрат Қарымсақов дипломаттарға Қазақстан Үкіметінің алдында шетелдік инвестицияларды ұлғайту бойынша міндет тұрғанын, ал Сыртқы сауда палатасы бұл процеске белсенді қатысып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіп салалары, көлік желілері мен логистиканы дамыту сияқты салаларға ерекше басымдық берілген.

Елші Кейтумеци Сейпело Тандека Мэттьюс Оңтүстік Африка бүгінде үлкен реформалар мен трансформация жолында екенін айтты. Атап айтқанда, қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлер алдында үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Мысал ретінде, Оңтүстік Африканың мемлекеттік саясаты әйелдерді кәсіпкерлікке және high end өндіріске тартуға бағытталып отыр.

Оңтүстік Африка не ұсына алады?

Елшінің айтуынша, өз еліндегі көптеген компаниялар Қазақстан нарығына қызығушылық танытуда. Бұл компаниялардың ауылшаруашылық өнімдерін, әсіресе жемістер мен көкөністерді экспорттауда үлкен тәжірибесі бар.  

Ол қазақстандықтарды «халал» белгісі бар ет өнімдері қызықтыратынын атап өтті. Оның үлкен үлесі Біріккен Араб Әмірліктеріне және басқа да елдерге жеткізіледі.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі тақырыбын жалғастыра отырып, Мэттьюс ханым жүзімдіктер мен олардың негізінде өндірілетін шараптар туралы айтты. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шарап жасау да дамып келеді.

Оның пікірінше, егер осы салада күш біріктіретін болсақ, онда еуропалықтардан ерекшеленетін жаңа өнімді жасауға мүмкіндік болады. Мұндай азия-африкалық өндірістер тұтынушыларды бірегейлігімен тарта алады.   

Сондай-ақ, дипломат екіжақты туризмді дамытуды ұсынды. Қазақстандық саяхатшыларды ерекше мәдениет пен тарих, ескі мешіттер, әр өңірде ерекшеленетін өзіндік табиғаты баурай алады.

Ол елге көптеген туристер үшін ең қолайлы кез жазда (Африкада қыс) келуге кеңес берді.

Қазақстан не ұсына алады?

Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, қазақстандық бизнес-қауымдастық Оңтүстік Африкамен түпкілікті тұтынушы ретінде ғана емес, Орталық Азия елдері үшін контрагент ретінде де ынтымақтастыққа мүдделі.

Ол Қазақстан invest-friendly саясатымен шетелдік кәсіпкерлерге жаңартылатын энергетикаға, сирек және сирек жер металл өндірісіне инвестиция салуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, Дүниежүзілік банктің пайымдауы бойынша Қазақстанда құны 46 трлн АҚШ долларынан асатын 5 мыңнан астам зерттелмеген кен орны бар, сондықтан Қазақстан осы секторға инвестиция тартуға мүдделі.

Бұл ретте, М.Қарымсақов Сыртқы сауда палатасы инвесторларға қазақстандық серіктестерді іздеуге, жобаларды сараптауға және іске асыруды сүйемелдеуге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

Келіссөздердің соңғы бөлігінде қатысушылар алдағы уақытта екі елдің кәсіпкерлері перспективалы жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды таныстыра алатын бірлескен іскерлік форумдар өткізуге келісті. Өткізу күні мен форматы кейінірек анықталатын болады.

Жалпы, Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы сауда және экономика саласындағы өзара қарым-қатынастар серпінді түрде дамып келеді. 2023 жылы ҚР мен Оңтүстік Африка арасындағы тауар айналымы 69,2 млн АҚШ долларын құрады.

Екі ел географиялық жағынан бір-бірінен алшақ болғанымен, екеуі де өз аймақтарында маңызды рөл атқарады. Сондықтан, мұндай кездесулер Орталық Азия мен Африканың оңтүстігінің түйісу нүктелерін анықтауға, сондай-ақ экономикалық модельдер мен сауда кедергілеріндегі айырмашылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер