«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті қорғау

FAQ

Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен тауар экспорттайтын отандық өндірушілерге жеңілдік керек – Мұрат Амрин

2024 жылғы 22 Шілде
1668 просмотров

Атамекен ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин «Солтүстік – Оңтүстік» І Көлік сауда-экспорттық форумында отандық өндірушілердің тауар экспорттау кезінде тап болатын кедергілері туралы айтты.

Ақтауда өтіп жатқан «Солтүстік – Оңтүстік» І Көлік сауда-экспорттық форумында 12 елдің өкілдері бас қосып, экспорт әлеуетін талқыға салды.

Форумға Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, БАӘ, Иран, Ирак, Оман, Өзбекстан елдерінің теміржол әкімшіліктері, өндірушілері, экспорттаушылары мен көлік-логистикалық компаниялары, сондай-ақ  экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) және Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) өкілдері қатысып жатыр. 

Жиында «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршрутының әлеуетін синхронды дамыту сөз болды. Сондай-ақ, қатысушылар форум алаңында теміржол және автомобиль жолдарын, «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің негізгі қатысушылары үшін порттарды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Форумның «Теміржол және автомобиль маршруттарын дамыту» сессиясында Атамекен ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ол сессияда Солтүстік-Оңтүстік дәлізі бойынша тауар экспорттайтын отандық өндірушілерге жеңілдік беру керек екенін айтты.

«Транзиттік және экспорттық тасымалдаудың реттеу шаралары әртүрлі екенін түсінеміз. Бірақ отандық тауарларды қолдау үшін тиісті шаралар әзірленуі тиіс.Бізде Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы жүктердің толық ауқымда тасымалдануына кедергі болып тұрған үлкен проблемалар бар. Яғни Түркіменстан желісі бойынша виза алу қиындық тудыратыны жасырын емес. Бірақ бұл визалық процестерді жеңілдету жағдайында осы бағыт бойынша жүк ағынының шамамен 13 пайызға артатынын байқап отырмыз. Одан бөлек, Ресей-Беларусь шекарасын кесіп өту бойынша да шектеу бар, соған қарамастан бұл мәселе Үкімет басшылары деңгейінде қарастырылғанына куәміз. Дегенмен, Солтүстік-Оңтүстік бағыты бойынша процедураны жеделдеткен кезде отандық және шетел тасымалдаушылары тап болатын кедергілерді барынша азайтар едік», - деді Мұрат Амрин.

Атамекен ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амангелдіұлы кең ауқымды форум тек көлік компанияларына ғана емес, отандық өндірушілерге, экспорттық компанияларға да зор мүмкіндік беретінін айтып отыр.

«Форум көрші елдерге экспортты ұлғайту әлеуетін арттырып,  жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешеді. Өйткені бұл форум Премьер-Министрдің орынбасарының басшылығымен, көлік министрі, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өтіп жатыр. Форум мен панельдік сессиялар мәселелерді шешуге серпін береді деп ойлаймын.  Сондай-ақ, шетелден мемлекеттік органдар ғана емес, осы дәлізді дамыту үшін инвестиция салуға және бизнесті ұлғайтуға мүдделі кәсіпкерлер келді. Бұл форум әкімшілік және қаржылық мәселелерді шешуге арналған үлкен алаң. Панельдік сессияда тауар өнімділігін түсіретін «тар мойын» эффекті  бар қолданыстағы инфрақұрылымды дамытуға үлкен қаражат бөлу туралы айтылды. Бұл жөнінде қазақстандық қана емес, шетелдік бизнес өкілдері де айтып отыр. Мұны шешу керек және кең ауқымды бірінші форум Қазақстанда өтіп жатқанын ескере отырып, оң нәтиже береді деп ойлаймын», - деді Мұрат Амрин.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер