Кәсіптік білім берудегі трансформация талқыланды
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының платформасында Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылына арналған онлайн семинар өтті. Іс-шараға бизнес, білім беру мекемелерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері және кәсіптік білім беру саласындағы сарапшылар дуальды оқытуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруді, сондай-ақ қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға байланысты негізгі мәселелерді талқылады.
Қарқынды технологиялық прогресс жағдайында білім беру бағдарламалары уақыт талаптарына сай болып қана қоймай, барынша тәжірибеге бағдарлануы тиіс, - деп есептейді семинарға қатысушылар. Сондықтан, пікірталас барысында мамандарды даярлаудың икемді және тиімді жүйесін құруға мүмкіндік беретін оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл оқу процесінде қажетті дағдылар мен тәжірибелерді алуға мүмкіндік береді. «Салалық қауымдастықтар мен кәсіптік білім беру ұйымдарының одағы» ЗТБ өкілі Вера Цзин дуальды оқытуды, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру туралы айтып берді.
Дуальды оқыту жүйесі болашағы кең бағыттардың бірі ретінде танылды. Семинар шеңберінде студенттер теориялық оқытуды кәсіпорындардағы тәжірибемен үйлестіре алатын жағдай жасау үшін оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды қалай жақсарту керектігі талқыланды. Бұл болашақ мамандарға нақты жұмыс жағдайларына бейімделуге және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарын әзірледі, сондай-ақ жұмысшы мамандықтар жылы бойынша іс-шараларды өткізу жоспары білім басқармасымен бірлесіп жасалды. Осы жоспар аясында бүгін кәсіпкерлер палатасы салалық қауымдастықтар мен техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының одағымен бірлесіп ТжКБ трансформациясын түсіндіру бойынша семинар өткізді. Сондай-ақ, ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың газет беттеріне шыққан мақаласына тоқталғым келеді: онда ол дуальды оқыту жүйесінде кадрларды даярлау бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын нақты түсіндірді. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 19 мыңнан астам студент дуальды оқыту шеңберінде тіркелді, 51 колледж дуальды оқыту бойынша дайындық жүргізуде, 700-ден астам кәсіпорын жұмылдырылды», - деп бөлісті директордың шағын кәсіпкерлікті және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі орынбасарының м.а. Жанар Төребекова.
Кәсіптік білім беруді трансформациялау білім беру бағдарламаларын жаңғыртуымен қатар мемлекеттік органдар, бизнес және білім беру мекемелері тарапынан айтарлықтай шараларды жүзеге асыруды талап етеді. Тек ағымдағы жылы «Атамекен» палатасы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруда және кәсіптік техникалық оқу орындарымен өзара іс-қимылын нығайтудағы 30-дан астам іс-шараларды өткізуді жоспарлады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: