«Жұмысшы мамандықтар жылы»: ұйымдастыру мәселелері
Астана қаласындағы Кәсіпкерлер палатасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, оған салалық кеңестерінің өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы бастамасына арналып, оның ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Бұл қадам ел экономикасында маңызды рөл атқаратын жұмысшы мамандықтарын қолдау және дамытуға бағытталған. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар кәсіби білім беру жүйесін жақсарту және жұмысшы мамандықтарын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Негізгі назар бірнеше маңызды проблемалар мен жұмысшы мамандықтарын әрі қарай дамыту мүмкіндіктеріне аударылды: 1. Құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы жұмысшы мамандықтарының мәселелері. 2. Оқушылар мен колледж студенттері арасында кәсіби бағдар беру. 3. Әлеуметтік әріптестік мәселелері. 4. Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында академиялық тәуелсіздікті дамыту. 5. Техникалық және кәсіби білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің жаңа классификаторларын әзірлеу.
Талқылау барысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында нақты шаралар ұсынылды: 1. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы үшін «Жұмысшы мамандықтар жылы» жол картасын әзірлеу. 2. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жұмысшы мамандықтар жылына арналған ауқымды форум ұйымдастыру. 3. Халықаралық талаптарға сай жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» — бұл тек қазіргі мәселелерді шешуге бағытталған қадам емес, сонымен қатар Қазақстандағы кәсіби білім беруді дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегияның негізі. Дөңгелек үстел қатысушылары мемлекеттің, бизнестің және білім беру мекемелерінің күш-жігерін біріктіру арқылы қазіргі заманғы білікті мамандарды даярлайтын білім беру жүйесін қалыптастыруға сенім білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: