Бейінді Комитет отырысында тау-кен металлургия саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі Комитетінің отырысы өтті. Отырыс барысында теміржол тасымалы саласындағы салық салу, экология және тариф белгілеуге қатысты саланың өзекті мәселелері қаралды.
Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, ҚР ҰКП Төралқасының геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі Комитетінің төрағасы Николай Радостовец және ТМК кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Гүлнар Бижанова тау-кен металлургия саласының тұрақты дамуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, инвестициялар тарту және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін салық, экологиялық салалардағы реформаларға назар аударды.
Басты мәселенің бірі қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде талқыланып жатқан ҚР Жаңа салық кодексінің жобасы болды. Комитет төрағасы Николай Радостовец техногендік минералды түзілімдер үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін төмендету және геологиялық барлау жұмыстарына шығындарды шегерімге жатқызу мүмкіндігі сияқты ТМК-ға инвестицияларды ынталандыруға бағытталған өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл шаралар тау-кен металлургия секторының кәсіпорындары үшін зор маңызға ие.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе ТМК-ның ірі кәсіпорындары үшін кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) алу үшін ең үздік қолжетімді техникаларды (ҚТ) енгізуді талқылау болды. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы Экология департаментінің директоры Гүлназ Бисенова жаңа экологиялық стандарттарға көшу айтарлықтай қаржылық инвестициялар мен уақытты қажет ететінін айтты. Кейбір кәсіпорындар үшін бұл процесс ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Осыған байланысты белгіленген мерзімде ҚТ енгізуді аяқтай алмайтын кәсіпорындар үшін кейінге қалдыру нормасын енгізу мүмкіндігі талқыланды.
Отырыстағы тағы бір маңызды сұрақ 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап белгіленген экспорттық тасымалдарға баға шегі болды. Жиын барысында экспортқа арналған теміржол тасымалы тарифтерінің ұлғаюына байланысты проблемалар қозғалды. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы Табиғи монополиялар және бәсекелестікті дамыту департаментінің директоры Эльмира Войнова тарифтердің екі есеге артуы экспорт көлемінің төмендеуіне және өндірістің тоқтап қалуына, әсіресе тарифтік саясаттағы өзгерістерге әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Сарапшылар бұл жағдай кәсіпорындар үшін елеулі экономикалық тәуекелдер тудыруы мүмкін деген пікірге келді. Осыған байланысты экономика мен экспорттаушылар үшін жағымсыз салдарларды болдырмау үшін процестің барлық қатысушыларының мүдделерін ескеретін неғұрлым икемді әдіснаманы әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.
Кездесу соңында Комитеттің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Онда негізгі бағыттар ҚТ енгізу, салық салу, ТМК қызметкерлері үшін қауіпсіз жағдайлар жасау болып белгіленді. Сондай-ақ, жұмыс жоспарына Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу аясындағы іс-шаралар жобасы енгізілді. Аталмыш жоба бойынша іс-шаралар кадрлардың біліктілігін арттыруға және тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарындағы еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: