Қазақстанның салық реформасына «Атамекен» ҰКП ұсыныстары
Сәрсенбі күні «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кеңейтілген отырыс өтті. 800-ден астам қатысушы елдегі бизнесті дамыту бойынша негізгі мәселелер, соның ішінде салық реформасын және Ұлттық палата жобалары арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау талқыланды.
ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов бизнестің жалпыланған ұстанымын білдіре отырып, реформаның қажеттілігін, әсіресе нарықтың барлық қатысушылары – шағын кәсіпкерліктен ірі кәсіпорындарға дейінгі әлеуетті іске асыру жөнінде айтты.
«Бизнес-қауымдастық арасында кеңінен талқыланып жатқан тақырып – ҚҚС мөлшерлемесіне ерекше назар аударғым келеді. Біз мөлшерлеменің өсуін қажетті есептеулермен негізделуі тиіс деп санаймыз және оны біржолғы 20%-ға дейін арттыруға қарсылығымызды білдіреміз», - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, қосылған құн салығы бойынша шекті мәндерді түзету қажеттігі айтылды.
«Біз 15 миллион теңге ҚҚС шегіне қарсымыз. Бизнестің кірісі мен өсу қарқынына, әсіресе, әкімшіліктің күрделенуіне әкелетін салдарды талдау маңызды. Сонымен қатар, біз арнайы салық режимін қолдану шегін төмендету бойынша ұсыныспен келіспейтінімізді алға тартамыз», - деді Райымбек Баталов.
Кәсіпкерлерге өзіндік құнын төмендету мақсатында Ұлттық палата әлеуметтік салықты және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау жолымен еңбекақы қорына салық жүктемесін қысқартуды ұсынады.
Бұдан бөлек, Үкіметтің мәлімдемелерін ресми негіздемелермен нығайту қажеттілігі атап өтілді. Қазақстандық салық консультанттары қауымдастығының Басқарма төрағасы Сәкен Қариннің айтуынша, салық реформасын құру кезінде халықаралық тәжірибені де ескеру қажет. «Біздің есептеуіміз бойынша бюджетке шамамен 1,5-2 трлн теңге аталмыш сектор тарапынан түседі. Егер біз экономиканы дамытуға және кәсіпкерлік бастаманы қолдауға шынымен ұмтылатын болсақ, микрокәсіпорындардан қосымша жүктемелерді алып тастауға міндеттіміз», - деді ол.
Отырыс барысында бизнес-қауымдастық, өңірлік сарапшылар мен салалық қауымдастық өкілдері Салық кодексінің жобасына қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша сала мамандарының объективті деректері мен сараптамалық бағалауына негізделген қаржылық-экономикалық есептеулер жүргізу қажеттілігі айқындалды. Бұл экономиканың әрбір секторының ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ұлттық палата бюллетень әзірледі, ол қазірдің өзінде салық реформасы бойынша ұсыныстарды жинақтауда. Бұл ақпараттық бюллетень салалық комитеттер мен аймақтық кеңестерге жіберіледі.
Салық реформасының параметрлері әлі толық анықталмағанын ескеріп, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның бизнес-секторының ұсыныстарына сүйене отырып, әрі қарай келіссөздерді жалғастыратын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: