«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

2025 жылғы 07 Ақпан
555 просмотров

Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы салық реформалары туралы айтып, бизнес-қауымдастықтың пікірін тыңдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін Үкіметтің салық реформаларына қатысты ауқымды бастамаларын талқылаудан бастады. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру туралы ұсынысқа ерекше назар аудара отырып, аталмыш мәселе әлі де талқыланып жатқанын және түпкілікті шешім емес екенін атап өтті.

Сонымен қатар, бизнес – экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші ретіндегі рөліне тоқталды.

«Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық өсу, ғылымды дамыту, жаңа технологиялар мен заманауи инфрақұрылымның басты басымдықтарын белгіледі. Бұл қадамдар қазақстандықтардың өмірін жақсартуға және еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін күшейтуге бағытталуы тиіс.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов салық реформасына қатысты бизнес-қауымдастықтың пікірін білдірді.

«Салық жүктемесі мен бизнестің инвестициялық белсенділігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Негізінен, бизнес салық реформасына дайын, бірақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, дамытудың жаңа тәсілдері де болуы шарт. Мемлекет реттеуді қайта қарауда. Өз тарапынан бизнес қарсы міндеттемелер қабылдау қажеттілігін де түсінеді. Бұл жерде жаңа тәсіл – жауапкершілік, тәртіп және цифрлық шешімдерге негізделген серіктестік жатыр», – деді Райымбек Баталов.

Ол бизнес-қауымдастықтың нақты тәжірибеге сүйене отырып, қандай механизмдер тиімді жұмыс істейтінін және қайсысы жетілдіруді қажет ететінін жақсы түсінетін атап өтті. Осы тұрғыда кәсіпкерлердің туындаған мәселелерді айқындап қана қоймай, практикалық шешімдерді ұсына отырып, оларды жетілдіру процесіне белсене қатысуға дайын екендігін жеткізді.

Бұдан бөлек, Үкіметпен бірге пысықталып жатқан негізгі мәселелерді де қозғады. Атап айтқанда, Палатаның мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, мемлекеттік және жеке қызметтер маркетплейсін құру және «Бір ауыл – бір өнім» микро және шағын бизнесті дамыту жобасы туралы айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы былтырғы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, көмек қолын созған кәсіпкерлерге жылы лебізін білдірді. Ол «Қазақстан халқына» қоры арқылы азаматтарға сапалы ем, білім алуға және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектескенін тілге тиек етті.

Мемлекет өз ісін бастап, өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашып жатқан кәсіпкерлерді әрдайым қолдауға дайын екенін  жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер