Арысқа сапар – кәсіпке назар
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарлары Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сапар барысында кәсіпорындарды толғандырып отырған мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
«Mega-Agat» ЖШС – көлік-логистикалық орталық пен астық қоймасын біріктіретін инвестициялық жоба. Кәсіпорын 2024 жылдың желтоқсан айында іске қосылып, қазіргі таңда жобалық қуаттылыққа шығуға талпынып отыр. Астық қоймасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде, әсіресе, нәзік дақылдарды сақтау үшін арнайы инфрақұрылым қалыптасып келеді. Алайда кәсіпорын маңында жүк көліктерінің қозғалысы күрделене түскен. Жол қиылысындағы шектеулер мен жүк көліктерінің жүрісіне қойылған тыйымдар кәсіпкерлік қызметке айтарлықтай кедергі келтіруде.
«SGM Group» ЖШС – теміржол техникасын күрделі жөндеуден өткізетін жөндеу-механикалық кәсіпорын. Қазіргі таңда кез келген күрделіліктегі теміржол техникаларын жөндеуге қауқарлы мекеме аймақта сұранысқа ие өндіріс орнына айналып отыр.
«Арай» өндірістік кооперативі – аяқ киімнің барлық түрін шығаратын цех. Кәсіпорын отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтып отыр. Қазіргі таңда өндірісті кеңейту жоспарланып, жаңа өндірістік желі орнату үшін қаржыландыру қажет. Сонымен қатар, жер телімінің мақсатты пайдалану түрін өзгерту мәселесі де күн тәртібінде тұр.
«Каратау Транс Сервис» ЖШС – мұнай өнімдерін қайта өңдейтін зауыт. Бүгінде кәсіпорын күрделі жөндеу және жаңғырту кезеңінен өтуде. Зауыт базасында сорғы станциялары, жанар-жағармайға арналған цистерналар, шикі мұнайды қабылдайтын және вагондарға құюға арналған инфрақұрылым орналасқан. Алайда өндірісті кеңейтуге қажетті электр қуаты жеткіліксіз. Кәсіпорынның өз алдына тәуелсіз электр желісінің болмауы – даму үдерісін тежеп отырған негізгі факторлардың бірі.
Кәсіпкерлер палатасы сапар барысында анықталған барлық мәселелерді жинақтап, әр кәсіпорын бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыруды жоспарлап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: