«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазақстанның тамақ өнеркәсібі: Астанадағы пленарлық сессияда қандай мәселелер көтерілді

2025 жылғы 29 Мамыр
- Астана қаласы
917 просмотров

Астанадағы Халықаралық «EXPO» көрме орталығында InterFood Astana арнайы көрмесінің аясында Қазақстанның тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту мәселелеріне арналған пленарлық сессия өтті. Іс-шара барысында саланың орнықты дамуының негізгі бағыттары, инвестициялық тартымдылығы, мемлекет рөлі, сондай-ақ қолдау мен қаржыландыру құралдары талқыланды.

Тамақ өнеркәсібі — Қазақстан экономикасындағы ең әлеуетті әрі әлеуметтік маңызы зор салалардың бірі. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын құрып, экспортты дамытып, ауыл шаруашылығын қолдайды. Алайда жоғары әлеуетке қарамастан, салада орнықты дамуға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі тосқауылдар сақталып отыр. Осы мәселелер бизнес пен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен пікірталастың негізгі тақырыбына айналды.

Сессия жұмысына Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директор міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев қатысты. Өз сөзінде ол тамақ өнеркәсібін дамытудағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге және артық реттеуші талаптарға жиі ұшырайды. Рұқсат беру құжаттарын, лицензиялар мен келісімдерді алу рәсімдері көп уақытты талап етіп, нормативтік актілерді терең білуді қажет етеді. Бұл жағдайлар кәсіпорындардың нарыққа шығуын қиындатып, қолданыстағы өндірістердің кеңеюін тежейді.

Қаржыландыруға қол жеткізу мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Қолжетімді және ұзақ мерзімді несиелердің жетіспеушілігі, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы, инвестиция тарту мүмкіндіктерінің шектеулілігі бизнеске өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және экспорт нарығына шығу жолында кедергі келтіреді.

Импорттық өнімдермен бәсекелестік те отандық өндірушілерге қысым түсіреді. Шетелдік өнімдер, көбінесе, арзанырақ әрі кең қолжетімді болғандықтан, ішкі нарықта елеулі үлесті иеленіп отыр. Жергілікті өнімдердің сапасы мен балғындығы жоғары болғанымен, баға бойынша бәсекелесу қиынға соғады.

Саланың тағы бір күрделі мәселесі — білікті кадрлардың тапшылығы. Заманауи білім мен құзыреттерге ие мамандардың жетіспеушілігі тамақ өнеркәсібінде инновациялық тәсілдерді, цифрлық шешімдерді және қауіпсіздік стандарттарын енгізуді тежейді.

Соған қарамастан, сессияға қатысушылар тамақ өнеркәсібінің өсуге зор мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Экологиялық таза және табиғи өнімдерге деген сұраныс артып отырған қазіргі жағдайда отандық өндірушілер ішкі ғана емес, сыртқы нарықта да өз орнын алуға лайық. Соңғы жылдары цифрлық шешімдерді енгізу, өндірісті автоматтандыру және онлайн-сауданы дамыту бағытында оң серпін байқалып отыр, бұл компанияларға тиімді жұмыс істеуге және тұтынушыға жақындай түсуге жол ашады.

Мемлекеттік және институционалдық қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Елде субсидиялау бағдарламалары жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер мен гранттар ұсынылады. Дегенмен, қаржылық емес көмек те маңызды. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы бизнес-жоспарлар әзірлеу бойынша кеңестер беріп, мемлекеттік қолдау тетіктерінде бағдар беріп, нарықтық үрдістер мен заңнамалық өзгерістер туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Ерекше назарға іліккен жобалардың бірі — «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы. Бұл жобаны «Атамекен» ҰКП іске асыруда. Мақсаты — жергілікті шикізаттан бәсекеге қабілетті өнім шығару және ауылдық аумақтарды дамыту. Мұндай тәсіл өңірдің ішкі ресурстары мен өндірістік әлеуетіне сүйенетін орнықты бизнес-модель қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар саланы тиімді дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасындағы ашық және тұрақты диалогты сақтау қажет деген ортақ пікірге келді. Тек барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысы мен үйлесімді әрекеті ғана өндірісті жаңғыртуға, кеңейтуге және қазақстандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Бұл үдерісте Кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарады — ол бизнестің мүдделерін біріктіріп, мемлекеттік саясат тетіктерімен байланыстыратын тиімді алаң ретінде қызмет етеді. Палата жүйелі мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешуге де атсалысып, сараптамалық қолдау көрсетіп, нормативтік актілерді әзірлеуге қатысады.

Тамақ өнеркәсібін дамыту — бұл жай ғана экономикалық мәселе емес. Бұл — ұлт денсаулығына, ауылдық аумақтардың орнықтылығына және Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қосылатын үлес. Сондықтан да бүгінде бұл саланың барлық әлеуетін тиімді пайдалану бұрынғыдан да маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер