«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қарағандыда кәсіпкерлер ваучерлік қаржыландыру мен жер телімдерінің қолжетімділігін талқылады

2025 жылғы 30 Маусым
- Қарағанды облысы
348 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 98-отырысы өтті. Кеңес төрағасы Геннадий Жмуктың жетекшілігімен өткен жиында кәсіпкерлер үшін өзекті екі мәселе қаралды — мектепке дейінгі білім беру саласындағы ваучерлік қаржыландыру және бизнеске арналған жер телімдеріне қол жеткізу. Мемлекеттік органдар, жеке сектор және қадағалау органдары алғаш рет ашық диалог аясында бұл реформалардың салдарын ортаға салып, кәсіпкерлердің пікірін тыңдады.

Биылғы наурыз айынан бастап Қарағандыда мектепке дейінгі білім беру саласында жеке тұлғаландырылған ваучерлік қаржыландыру жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Жобаның мақсаты — ата-аналарға таңдау құқығын беру және барлық балабақшалар үшін бірдей қаржыландыруды қамтамасыз ету. Алайда отырыс барысында жүйелі ақауларға байланысты кәсіпкерлерден көптеген шағымдар түсті.

— Қазіргі таңда біз «өлі жандардың» көбейіп жатқанын байқаймыз: бала балабақшаға тіркелгенімен, шын мәнінде келмейді. Ал шынымен мұқтаж ата-аналар баласын орналастыра алмай жүр, — деді «Ғасыр ұрпақтары» ЖШС директоры, Кеңес мүшесі Гакку Нұрғожина.

 

Оның айтуынша, жекеменшік балабақшалар қаржыландыруды толық ала алмай отыр, есептеу жүйесі ашық емес, ал «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан жедел қолдау көрсетілмейді. Ата-аналар болса, ваучерден айырылып қалмау үшін баласын алыс немесе ыңғайсыз балабақшаға беруге мәжбүр.

«Қаржы орталығы» АҚ өкілі Динара Наукенованың айтуынша, жоба ҚР Оқу-ағарту министрінің №372 бұйрығы негізінде жүзеге асырылып отыр және қатысу ерікті түрде жүргізіледі.

— Қаржы орталығы ешкімді күштемейді. Барлық балабақшалар бұл жобаға өз еркімен қатысуға өтінім береді. Қазіргі кезеңде пилоттық жоба ретінде кері байланыс жиналып, жүйені жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр, — деді ол.

Қарағанды қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Головина да бұл жобаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жобаның оң тұстары да бар, мысалы, кезектілік әділ жүргізіле бастады, алайда әсіресе жазғы кезеңдегі орын бөлу барысында қосымша мәселелер туындауы мүмкін.

— Бұрын ата-аналар таңғы 7-де кезексіз орын алып қалуға тырысатын. Қазір ваучер нақты тізім бойынша беріледі — бұл жақсы. Бірақ жекеменшік балабақшалар үшін әкімшілік және ақпараттық мәселелер бар, — деді ол.

Кеңес төрағасы Геннадий Жмук талқылау қорытындысын шығарды:

— Кеңес — бұл шағым айту алаңы емес, шешім қабылдау құралы. Біз реформалардың маңыздылығын жоққа шығармаймыз. Бірақ егер жүйе дұрыс жұмыс істемей, кәсіпкерлерді теңсіз жағдайға итермелесе, онда әрекет ету қажет. Біз жай ғана пікірталаспен шектелмей, нақты іске көшуіміз керек, — деді Геннадий Николаевич.

Кездесуде ауылдық елді мекендердегі жер телімдерінің қолжетімділігі мәселесі де өткір көтерілді. Палатаның құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Азамат Даненбаев кәсіпкерлер жер телімдерін рәсімдеу кезінде жиі кедергілерге ұшырайтынын атап өтті. Атап айтқанда, бос жерлер туралы ақпараттың болмауы, ашықтықтың төмендігі және әкімдіктердің міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы — бизнесті тығырыққа тірейді.

— Жергілікті атқарушы органдар өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. Аукциондар жүйесіз өтеді, ал кәсіпкерлер жылдап күтеді. Бұл — жемқорлық тәуекелдерін туғызатын орта, — деді Азамат Қайырбекұлы.

Мысалы, Қарқаралы ауданында жер теліміне қатысты конкурстар еш түсіндірмесіз тоқтатылып жатыр, ал Нұра ауданы Кызылтау округінде прокуратураның нұсқауына қарамастан конкурс өткізілмеген. Жеке кәсіпкер Рүстем Тоғайбаевтың жобасы да соған мысал — жер телімі жалға алынған, құжаттары толық болғанымен, жоба іске аспай қалды.

— Бұл — құқықтық қарама-қайшылық: кәсіпкер заңды сақтайды, ал мемлекеттік орган — жоқ. Мұндай жағдай сенімді жояды және өңір экономикасының дамуын тежейді, — деп түйіндеді Геннадий Жмук.

 

Кеңес қорытындысы бойынша бірнеше ұсыныс айтылды. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы пилоттық жобаны жетілдіру үшін жекеменшік және мемлекеттік балабақша, білім бөлімі мен Қаржы орталығы өкілдері қатысатын жұмыс тобы құрылатын болды. Сондай-ақ Кеңес прокуратураға жер қатынастары саласын талдауды және жер телімдерін жариялау мен үлестірудің ашықтығын бақылауды күшейтуді ұсынды.

— Біздің мақсат — мәселені тіркеу емес, шешу жолдарын іске қосу. Кеңестің шынайы күшке ие болуы — осыда, — деді Геннадий Жмук.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер