«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қазақстан мен Катар стратегиялық экономикалық әріптестікті нығайтуда

2025 жылғы 03 Шілде
750 просмотров

2025 жылғы 3 шілдеде Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Катар Мемлекетінің Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Ахмад Мохаммед Аль-Саид мырза кездесіп, келіссөздер жүргізді. Катар делегациясының құрамында Қазақстан Республикасындағы Катар Елшісі Абдулла Хусейн Аль-Джабер және Сауда және өнеркәсіп министрлігінің салалық бөлім басшылары болды.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру және өзара инвестицияларды кеңейту мәселелері талқыланды. Жеткен уағдаластықтарға сәйкес, Катар елі Қазақстан экономикасына шамамен 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл инвестициялар энергетика, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация, қаржы, құрылыс, логистика, жоғары технологиялар және жасыл экономика салаларын қамтиды.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Төрағасы екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Палатаның халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлін ерекше көрсетті:

«Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы өз нарығымызға шығуды және жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуды көздейтін халықаралық серіктестерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз шетелдік компаниялармен диалогтың географиясы мен форматын біртіндеп кеңейтіп келеміз. Бұл үдерісте Катар маңызды орынды иеленеді», — деді Мұрат Қарымсақов.

Келіссөздер аясында тараптар өзара сауда көлемін арттыру мүмкіндіктерін де талқылады. 2023 жылы Қазақстан мен Катар арасындағы тауар айналымы 9,9 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстан Катарға 5,6 миллион долларға ет және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Қазіргі уақытта Қазақстанның экспорттық әлеуеті 240 миллион АҚШ долларынан асады деп бағалануда.

Кездесу қорытындысы бойынша нақты жобаларды пысықтау және екі елдің іскер топтары арасындағы диалогты кеңейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Бұл келіссөздер Қазақстан мен Катар арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа кезеңін айқындап, ұзақ мерзімді серіктестік үшін орнықты алаң қалыптастыруға деген өзара мүддені растады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер